2050 жылға қарай Орталық Азияда егін түсімі 30 пайызға азаяды

АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Бұл туралы бүгін Астанада өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ілкі жобасының қорытындыларын таныстыру мәслихатында айтылды.
None
None

«Климаттың өзгерісі азық-түлік, ауыз су және ауа сияқты адам денсаулығы үшін басты рөл атқаратын жағдайларға кері әсерін тигізеді. Жалпы алғанда, 2050 жылға қарай Орталық Азияда егін алқаптарының өнімділігі 30 пайызға дейін төмендейді деп болжанып отыр. Ал осы кезге қарай Қазақстан халқының демографиялық өсім, көші-қон және өмір сүру ұзақтығы ұлғаюының нәтижесінде 24 миллионға дейін өсетінін ескерсек, осы үрдістер азық-түлікпен қамтамасыз етудің қосымша ауыртпалығын ала келеді», - дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Жұқпалы аурулар, қоғамдық денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Родиер Гюнель.

Оның айтуынша, климаттың өзгеруі Қазақстан Республикасында да орын алып отыр. Мұндай өзгерістер кезінде температураның көтерілуі, төтенше ауа райы құбылыстарының күшеюі және жиілеуі халықтың денсаулық жағдайына әсер етпей қоймайды. Бұл өз кезегінде едәуір экономикалық шығынға да ұшыратады.

Осындай қорытындыны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ел ішіндегі климат өзгерістерінен денсаулықты сақтау жөніндегі Еуропалық аймақтық бюросы 4 жылға созылған ілкі жобасының қорытындылары негізінде түйіндеген.

Жоба нәтижелері климат өзгерісіне бейімдейтін қажетті шараларды іске асыруға арналған іс-шаралар жоспарының ғылыми негізін қалайды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аталмыш жоспарды биылғы қыркүйекте аяқтаған көрінеді. Осы іс-шаралар денсаулықты төтенше ауа райы құбылыстарынан сақтауға, денсаулық сақтаудың қоғамдық жүйесінің инфрақұрылымын жетілдіріп, нығайтуға, сондай-ақ, эпидемиологиялық қадағалауды нығайтуға, хабарды ерте бастан таратып, халықты ақпараттандыруға бағытталған. 

Ілкі жобаның Қазақстанда жасалған негізгі қорытындылары бойынша, ауа райының әдеттен тыс жылынуы түрлі жұқпалы ауруларды таратушылардың көбейіп кетуіне қолайлы жағдай жасайды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің айтуынша, Лайм кеселі мен Конго-Қырым қанды безгегін жұқтырушы кенелер мен кеміргіштер бұрын кездеспеген аймақтарға таралуы мүмкін.

«Бұл көптен бері ұмытылып кеткен кеселдердің пайда болуына немесе олардың қайта шығуына, сондай-ақ, ішек-қарын жолдарындағы, әсіресе әйелдер мен балаларда індеттердің қозуына әкеліп соғады», - дейді еліміздің бас санитар дәрігері.

Соңғы жаңалықтар