2050 жылға қарай Жер шарындағы халық саны 9 млрд адамнан асады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2050 жылға қарай Жер шарындағы халық саны 9 млрд адамнан асады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
Еске салсақ, жиында «Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының жарғысын ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданған болатын.
«Болжанып отырған халық санының артуы, урбанизация және азық-түлікті тұтыну дағдыларының өзгеруі - азық-түлік қауіпсіздігінің өзектілігін одан сайын арттырып отыр. Бұны әлемдегі жағдай да көрсетеді. Біріккен Ұлттық Ұйымына қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметтеріне қарағанда, 2050 жылға қарай Жер шарындағы халық саны 9 млрд адамнан асады. Осы ғасырдың соңына дейін халық өсімі жалғаса береді. Мұның басым бөлігі дамушы елдерге, соның ішінде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдерге тиесілі», - дейді Асылжан Мамытбеков.
Оның айтуынша, табиғи ресурстардың нашарлауы және ауыл шаруашылығы ресурстарына деген бәсекелестіктің күшею жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі әлі де ұзақ уақыт бойы әлемдік қауымдастық алдындағы ең зор мәселенің бірі болып табылады.