21-27 қаңтар аралығында Астана қаласының Алматы, Есіл және Сарыарқа аудандарының әкімдері халық алдында есеп береді
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 21-27 қаңтар аралығында Астана қаласының Алматы, Есіл және Сарыарқа аудандарының әкімдері халық алдында есеп береді.
Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есептік кездесулері осымен алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келеді.
Соңғы жылдардағы кездесулерге жасалған талдау астаналықтардың өміріндегі басымдықтар жүйесі қандай өзгеріске ұшырағанын айқын көрсетеді. Егер осыдан үш жыл бұрын басты мәселе аяқталмаған үлескерлік құрылыс болып, тұрғындар Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовке өз проблемаларын жеткізуге асықса, бүгінгі таңда бұл проблемалар шешімін тапты. Ал өткен жылы тұрғындар мектепке дейінгі білім беретін мекемелердегі орын тапшылығы түйткілін көтерді. Елбасының тапсырмасымен жасалған «Балапан» бағдарламасы аясында Астанада бір жылдың ішінде 14 мыңға жуық бүлдіршін балабақшаларға жолдама алды.
Сондай-ақ ата-ананың қамқорлығынан айырылған балалар мен балалар үйлері түлектерінің елорда әкіміне білдірген өтініштері бойынша, 2010 жылы аталмыш санатқа жататын 20-дан астам бала баспаналы болды.
Аудан әкімдерімен кездесулерде көтерілетін мәселелер де тиімді шешіліп келеді. Алайда қалалық билік пен тұрғындардың алдында талқыланып, шешімін табуы тиіс қажеттіліктер әлі де бар.
Осы күндері қалада 32 жерге аудан әкімдерінің жұмысы бойынша тұрғындардан өтініштер мен ескертулерді жинауға арналған арнайы жәшіктер орнатылып жатыр. Әкімдер оларға 21-27 қаңтар күндері жауап беретін болады. Сондай-ақ осы кездесулер барысында тұрғындар сауалдарын тікелей жолдай алады. Есептіккездесулердің нақты қай күні, қай жерде және қандай уақытта өтетіндігі туралы толық ақпаратты www.astana.kz ресми сайтынан білуге болады.