21-28 сәуір аралығында негізгі азық-түлік бағалары қалай өзгерді?
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазагромаркетинг» АҚ-ның жүргізген бөлшек сауда бағаларының мониторингі бойынша 2015 жылдың 21-28 сәуірі аралығында ел аймақтары бойынша азық-түлік бағаларына біршама өзгерістер тіркелді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.
Атап айтқанда, аталған уақыт ішінде бакалея өнімдері арасында баға өзгерісі байқалды.
Мәселен, Астанада арпа жармасының бағасы13 пайызға келісіне 126 теңгеден 110 теңгеге дейін төмендеді. Бұл ретте қаптан өлшеніп сатылатын арзан өнім мөлшерінің артуы орташа баға көрсеткіштерінің арзандауына әсер етті. Көтерме сауда бағалары өзгеріссіз - 55 теңге шамасында қалған. Сонымен қатар, Астанада бидай жармасы 12 пайызға арзандап, келісі 126 теңге құраған. Бұл да сатылымда қаптан өлшеніп сатылатын арзан өнім мөлшері артуының, орташа баға көрсеткіштерінің арзандауына әсер етуімен түсіндіріледі. Есепті кезеңде, ет және сүт өнімдері арасында айтарлықтай баға өзгерісі (10%-дан артық) анықталмаған.
Ал жеміс-көкөніс өнімдеріне келсек, Шымкент қаласында қияр бағасы 18 пайызға, яғни келісі 400-ден 330 теңгеге дейін арзандаған. Бұған нарықтың отандық өндірушілердің арзан жылыжай өнімімен толығуы әсер еткен. Керісінше, Өскеменде қияр 12 пайызға 452 теңгеден 507 теңгеге қымбаттады. Баға өсімі өнім жеткізілімінің азаюымен (жолдарды судың басуы себебінен) және көтерме бағалардың 41 пайызға артуымен түсіндіріледі.
Сонымен қатар, пияз бағасы Өскеменде келісіне 135 теңгеден 153 теңгеге дейін, Шымкентте 89 теңгеден 100 теңге, Оралда 98 теңгеден 109 теңгеге дейін қымбаттаған. Бұл өнім қорының азаюы мен көкөністі сақтауға кеткен шығынның артуына байланысты орын алған маусымдық баға өсімінің әсерінен болып табылады.
Осы кезең ішінде Атырауда картоп 16 пайызға, яғни келісі 122 теңгеден 103 теңгеге арзандаған. Бағалардың төмендеуі нарықтың өніммен қанығуымен сұраныстың төмендеуімен түсіндіріледі. Көтерме бағалар керісінше бір апта ішінде 3 пайызға қымбаттаған.
«Ал Петропавлда қырыққабат бағасы 26 пайызға, Павлодарда 23 пайызға, Оралда 17 пайызға, Қостанайда 16 пайызға және Астанада 12 пайызға қымбаттады. Бұл - өнім қорының азаюы мен көкөністі сақтауға кеткен шығынның артуына байланысты орын алған маусымдық баға өсімі. Сонымен бірге, бағаның өсуіне сатылымда қымбат импортты ерте пісетін сұрыптардың пайда болуы да әсер етті», - делінген баспасөз баянында.
Осы кезеңде сәбіз Көкшетауда 95 теңгеден 130 теңгеге, Өскеменде келісіне 110 теңгеден 133 теңгеге, Астанада 111 теңгеден 127 теңгеге дейін қымбаттады. Бұған да өнім қорының азаюы мен маусымдық баға өсімі әсер етіп отыр.
Айта кетейік, «Қазагромаркетинг» АҚ апта сайын әр сейсенбі күні азық-түлік тағамдарының 66 түрі бойынша еліміздің барлық облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларында баға мониторингін өткізеді.