21 ақпан. Жылнама

ҚазАқпарат күнтізбесі
Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 21 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық экскурсия жүргізуші (гид) күні

Экскурсия жүргізушілердің халықаралық федерациясының бастамасы бойынша жыл сайын әлемнің барлық экскурсия жүргізушілері және гидтері атап өтеді. 1990 жылы WFTGA (World Federation of Tourist Guide Associations) президенті Титина Лоизидес алғашқы Халықаралық экскурсия жүргізуші күнін ұйымдастырушылардың бірі болған.

Халықаралық Ана тілі күні

1999 жылғы қарашада ЮНЕСКО Бас Конференциясы 30-сессиясының шешімімен бекітілген және 2000 жылғы ақпанның 21-інен бастап тілдік және мәдени әр алуандықты қорғау мақсатында аталып өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1929 жылы БКП (б) Орталық Комитетінің барлық партия ұйымдарына арналған «Еңбек тәртібін нығайту туралы» хаты жарияланды. Елдегі еңбек тәртібінің қатайғаны соншалық, жұмысқа себепсіз кешіккені үшін соттай салу, түрмеге жауып тастау әдеттегі іске айналды.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті мен Үндістан Премьер-министрі Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнату туралы хаттамаға, Үндістан Мемлекеттік банкі мен Қазақстан Сыртқы экономикалық қызмет банкі арасындағы келісімге, ҚР Үкіметі мен Үндістан Үкіметі арасында консулдық катынастардың орнатылуы туралы хаттамаға қол қойды.

1992 жылы Атырау облысының Балықшы ауданындағы орта мектепке ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынованың есімі берілді.

2012 жылы Венадағы «Кунстлерхаус» Суретшілер үйінде танымал қазақстандық суретші Ерболат Төлепбайдың жеке көрмесі ашылды. Оның жұмыстары әлемнің 35 елінде көрмеге қойылған.

2014 жылы режиссер Серік Апрымовтың «Бауыр» фильмі балалар және жасөспірімдерге арналған «Ciné Junior» XXIV халықаралық кинофестивалінде Халықаралық артхаус кинотеатрлары конфедерациясының сыйлығын (C.I.C.A.E.) алды. C.I.C.A.E. қазылар алқасының құрамында Франция және Бельгиядағы артхаус кинотеатрларының кино көрсетілімдерін үйлестірушілер болды.

2016 жылы Эстонияда өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған ІІ ашық халықаралық вокалдық «Soprus» фестиваль-байқауында 14 жасар оңтүстікқазақстандық Карина Нәжімеддинова бірінші сыйлық лауреаты атанды. Байқауға әлемнің әр елінен 50 конкурсант қатысты.

2017 жылы шаңғышы Ринат Мухин Саппарода өткен VIII қысқы Азия ойындарында 15 шақырымдық жеке жарыста Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Жалпы, Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 32 медаль жеңіп алды, оның 9-ы - алтын, 11-і – күміс, 12-сі – қола.

2018 жылы Анкарада «Алаштың ақиық ақыны: Мағжан Жұмабаевқа 125 жыл» конференциясы өтті және Кечиорен ауданындағы саябақта Мағжан Жұмабаевтың ескерткіші ашылды. Аталған шаралар ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы жариялаған «Мағжан Жұмабаев жылы» аясында өткен болатын.

2018 жылы «Астана Операның» тенор партиясындағы ең жас әртісі балалар студиясының солисі 10 жасар Қажымұрат Еркін алғаш рет сахнаға шықты.Ол күрделі вокалдық партияны керемет игеріп қана қоймай, жаңа сахналық бейнені де көрсетті. Мұндай тәжірибе өмірде бұрын-соңды болмаған, яғни тенорға арнап жазылған рөлді бала даусы орындамаған екен.

2019 жылы Алматыда «Dombyra» телеарнасының тұсауы кесілді. «Dombyra» телеарнасы – қазақ халқының рухани жан серігіне айналған музыкалық төл аспаптарын, дәстүрлі әндері мен ұлттық күйлерін халыққа барынша насихаттайтын жаңа форматтағы телеарна болуды көздейді. Бағдарламалар тәулік бойы қазақ тілінде жүргізіледі. Оның эфирінде отандық өнерпаздардың ән-күй, жырларды көрсетіледі. Аспаптарды үйрену мектебі, қолөнер шеберлері жайлы бағдарламалар түсіріледі.

2020 жылы қазақстандық шахматшы Гүлмира Дәулетова IM Round robin Third Saturday 129 турнирін жеңіп алып, әйелдер гроссмейстерінің үшінші балын және ерлер шеберінің бірінші балын орындады. Турнир 11 турдан тұрды, алайда 10 турдан кейін Г. Дәулетова 11 мықты шахматшыны артта қалдырып, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. 11 турда Гүлмира бірде-бір партиядан ұтылмай, 9 ұпай жинады. Спортшы ЭЛО рейтингісінде 65 ұпайға көтеріліп, 2487 перформанс көрсетті. Турнир Нови Сад қаласында (Сербия) өтті.

2022 жылы Францияның Мец қаласында үстел теннисінен WTT Youth Contender жастар турнирі аяқталды. Онда 15 жасқа дейінгі жас санатында қазақстандық Алан Құрманғалиев жеңіске жетті.

Соңғы жаңалықтар