21 ғасырдағы жасампаз Қазақстанды өркендету міндеті бүгінгі мектеп оқушыларына жүктеледі - Елбасы
АСТАНА. 10 қараша. Қаз|Ақпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада Математика, физика, химия және биологиядан ІІІ Президенттік олимпиаданың салтанатты ашылуында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Жүзден жүйрік шыққан шәкірттердің талабын одан әрі шыңдай түсетін бұл беделді білім сайысы талай дарын иелерінің қабілетін, көзін ашатын игілікті шараға айналды. Талапты жастар үшін бұл олимпиада ғылым әлеміне жетелейтін құтты қадам болары анық. Ғылыми әлеуетті арттыру арқылы елімізді индустриялық-инновациялық дамудың даңғылына шығару аса маңызды міндет»,-делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Аталған хатта Елбасы 21-ғасырдағы жасампаз Қазақстанды өркендету міндеті бүгінгі мектеп оқушыларына жүктелетінін атап өткен.
«Олимпиадаға қатысушылардың баршасына зор денсаулық, осынау білім додасында сәттілік пен табыс және жарқын келешек тілеймін»,- деп атап өтілген құттықтау хатта.
Айта кетейік, бұл олимпиадаға ел өңірлерінен жүзден астам дарынды жастар жиналып отыр. Осынау білім сайысының теориялық бірінші кезеңі ертең басталады.