21 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

21 қараша. ЖҰМА
Бүкіләлемдік сәлемдесу күні. 1973 жылдан аталып өтеді. Бұл күнді өткізу идеясын Американың Небраска штатында тұратын ағайынды Майкл мен Брайан Маккормак «қырғиқабақ соғыс» өршіп тұрған кезде, халықаралық текетіресті күшейтуге қарсылық пен наразылық белгісі ретінде қабылдайды. «Қарапайым да тиімді амал табу қажет», - деп шешкен жігіттер ақжарқын көңілмен әлемнің түпкір-түпкіріне сәлем хаттар жөнелтеді. Олар бүкіл әлемде бейбітшілік орнатып, сол үшін жұрттың бәрін күреске шақыру идеяларын ешкімге тықпаламайды. Тек қана өздерінің сәлемдерін алғандар тағы біреулерге түзу сәлем берсе болғаны. Идея қолдау табады. Содан бастап жыл сайын 21 қарашада Бүкіләлемдік сәлемдесу, қуанышты сезімдер мен көтеріңкі көңіл-күйлер күні атап өтіледі.
Дүниежүзілік телевидение күні. 1996 жылы 21 қарашада БҰҰ штаб-пәтерінде өткен тұңғыш Дүниежүзілік телевизиялық форум құрметіне сол жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы жариялаған.
Босния мен Герцеговинадағы бейбітшілік туралы ортақ келісім күні. 1995 жылғы 21 қарашада Огайо штатының Дейтон қаласы маңындағы Райт-Патерсон америкалық әскери базасында, Дейтон бейбітшілік келісімі ретінде кеңірек танымал - Босния мен Герцеговинадағы бейбітшілік туралы Ортақнегіздемелік келісім жасалды. Сөйтіп, 1991 жылы Босния мен Герцеговина арасында тұтанған азаматтық соғыс ресми түрде аяқталды. Бейбітшілік конференциясы 1995 жылғы қарашаның 1-інен 21-не дейін созылып, Босния мен Герцеговина президенті Алия Изетбегович, Югославия Одақтық Республикасының президенті Слободан Милошевич, Хорватияның президенті Франьо Туджман, сондай-ақ басты американдық бітістіруші Ричард Холбрук пен американдық генерал Уэсли Кларк келісімдердің басты кейіпкерлері болды. Ресми келісімдерге Парижде сол жылдың 14 желтоқсанында қол қойылды.
Италияда Мадонна делла Салюте күні. Венециядағы үлкен канал жағасында храм тұрғызылған Мадонна делла Салюте құрметіне жыл сайын атап өтіледі. Шіркеу обадан құтылуды есте қалдыру мақсатында 1630 жылы салынған.
Музыкасыз к үн
Шотланд музыканты мен музыкалық продюсер Билл Драмонд бастама көтерген ресми емес шара. Оның міндеті - музыканың қазіргі қоғамдағы ойсыз қолданылуының өнер формасы ретінде оның құнсыздану мәселесіне назар аударту.
Осы күні шараға қатысқан радиостансалар 24 сағат бойы музыка таратпады.
Туриндегі шоколад фестивалі
Ол Турин мен оның маңында 2003 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл күндері шоколадтың көптеген түрлерінен дәм татып, жергілікті шоколатьеге баға беріп, тәттіні қалай жасайтынын көруге болады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
26 жыл бұрын (1988) Мәскеуде Арал теңізінің күндері ашылды. Теңіз аймағындағы экологиялық жағдай қоғамның алаңдаушылығын туғызды.
9 жыл бұрын (2005) қазақстандық «Қазақстан-Антарктида-2005» спорттық экспедициясының командасы Жердің ең суық құрлығындағы екінші шыңды бағындырып, оған Қазақстанның астанасы құрметіне «Астана» деген ат қойды. Экспедиция құрамында кәсіби альпинистермен қатар, әуесқойлар да болды.
8 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияға ресми сапары барысында Ұлыбританияның патшайымы ІІ Елизаветамен, елдің Премьер-министрі Тони Блэрмен, қаржы министрі Гордон Браунмен және Англияның іскер топтары өкілдерімен кездесті.
8 жыл бұрын (2006) 21-22 қарашада Алматыда «Иран және Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі кітап және жазба сөз» халықаралаық конференциясы өтті. Ұйымдастырушы - ҚР Ұлттық кітапханасы жанындағы Иран және Орталық Азия мәдениетін зерттеу жөніндегі орталық. Конференция жұмысына Қазақстан, Иран, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанның мамандары мен ғалымдары қатысып, тарих ғылымдарын дамытудағы жазу мен жазба көздердің қалыптасу тарихы, сондай-ақ Қазақстанда, Иранда және де басқа елдерде қазіргі кездегі кітап басып шығару істеріндегі проблемалардың көкейкесті мәселелерін талқылады.
8 жыл бұрын (2006) Жидебай шатқалында Семей облысындағы Абай Құнанбаевтың мемлекеттік әдеби-мемориалдық кешенінің құрылымды бөлігінің бірі - атақты философ, талантты композитор Шәкәрім Құдайбердиевтың республикадағы тұңғыш мұражайы ашылды. Экспозиция «Аңшы үйі» деп аталып, өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарында қуғын-сүргінге ұшыраған жазушының өмірбаяны мен шығармашылығын толықтай ашатын материалдар жинағын топтастырылған. Көпшілік назарына оның Меккеге сапарын растайтын құжаттар тұңғыш рет ұсынылып отыр. Сонымен қатар экспозицияға батыс және шығыс философтарының, тарихшыларының еңбектері, қазақ және орыс классиктерінің шығармалары қойылған.
9 жыл бұрын (2005) Таразда жерлесіміз ислам ойшылы, дін зерттеушісі, ақын, ағартушы Саид Махмұд ат-Таразиді есте қалдыру шаралары болып өтті.
Ғалым тұрған үйге ескерткіш тақта орнату және облыс орталығында бір көшенің атын беру туралы шешім 1995 жылы қарашада Саид Махмұд ат-Таразидің туғанына 100 жыл толуына арналып Тараз қаласында Қазақстан және Өзбекстан ғалымдарының қатысуымен өткен ғылыми-практикалық конференцияда қабылданған болатын. Атақты ғалым 1923-1930 жылдары тұрып, еңбек еткен Тараздағы медресе мен Әбдіқадыр көне мешітінде салтанатты жағдайда ескерткіш тақта орнатылды. Қаладағы бұрынғы Пролетар көшесі енді Саид Махмұд ат-Таразидің есімімен аталады. Ғалымды есте қалдыру шараларын өткізуге қаладағы өзбек ұлттық орталығы да атсалысты.
7 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Словакия Республикасының І-дәрежелі «Қос ақ крест» орденімен марапатталды. Бұл орденді Братиславада Н. Назарбаевтың аталған елге мемлекеттік сапары аясында Словакия Президенті Иван Гашпарович табыс етті.
Бұл орден басқа мемлекеттердің азаматтарына Словакиямен әртүрлі салаларда ынтымақтастық орнатып, дамытуға қосқан айрықша еңбектері үшін беріледі. Орденнің азаматтық және әскери екі түрі бар. Олардың әрқайсысы әртүрлі дәрежеден тұрады. Ең жоғарысы І-дәрежелі болып табылады. Өз кезегінде Словакия Президенті И. Гашпарович те Қазақстанның І-ші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
7 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында Халыққа қызмет көрсету орталығын ашты.
7 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұсұлтан Назарбаевтың Словакияға сапары аясында екі елдің Үкіметтері арасында бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды.
Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі мен Словакия Үкіметі арасында инвестицияны ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімге, Қазақстан Үкіметі мен Словакия Үкіметі арасында ұйымдасқан қылмыспен, лаңкестікпен, есірткі заттарының заңсыз айналымымен, психотропты заттармен және олардың прекурсорларымен және басқа да қылмыс түрлерімен күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Словакияның Мәдениет министрлігі арасында мәдени ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Словакияның Денсаулық сақтау министрлігі арасында медицина саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
7 жыл бұрын (2007) Братиславада Қазақстан мен Словакия арасында Қарағанды облысындағы биоэтанол өндіретін зауыт құрылысы туралы келісімге қол қойылды.
Бұл құжатқа «Сарыарқа» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы мен «Корлея инвест» словакиялық компаниясы «Қазақстан - Словакия: инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа перспективалары» атты бизнес-форумда қол қойды.
7 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев Словакия Республикасының «Алтын Биатек-2007» құрметті мерейтойлық наградасымен марапатталды.
5 жыл бұрын (2009) Минскідегі орта мектепке Мұхтар Әуезовтің есімі берілді.
М.Әуезов атындағы №143 орта мектеп Минскінің Заводской ауданындағы қазақ жазушысының атындағы көшеде орналасқан. 2005 жылы мектеп аумағына Беларусь елінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіш орнатылған болатын.
2009 жылдың маусым айында Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Беларус Республикасына жасаған ресми сапарының барысында осы мектепте М.Әуезовке арналған барельефтің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) - қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған.
Жазушы өзінің шығармашылық жолында талай жанрға, тақырыпқа із салып, қыруар, очерк, әңгіме, пьесалар жазған, тамаша аудармалар жасаған, әдеби сынға, әдебиет тарихын зерттеу жұмысына белсене атсалысып, көптеген мағыналы мақалалар жариялаған, баяндамалар жасаған, оқулықтар құраған, жоғары оқу орындарында дәріс беріп, теориялық білімін жетілдіріп отырған.
3 жыл бұрын Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапарының барысында ҚР Президенті Н.Назарбаев «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-да болды.
Мемлекет басшысы елдің Индустрияландыру картасына енгізілген жүйе құрушы кәсіпорынның екі ірі инвестициялық жобасының іске қосылуына қатысты. Ол - №2 домен пешін қалпына келтіру мен дайындамаларды тоқтаусыз құятын машинаның құрылысы.
3 жыл бұрын Тәжікстанда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның қолдауымен ТР-дағы ҚР елшілігімен ұйымдастырылған Қазақстан киносының күндері өтті. Тәжікстандық көрермендер «Қазақфильм» киностудиясының фильмдері: режиссерлер Сергей Бодров, Талғат Теменов пен Иван Пассердің «Көшпенділер», режиссер Ақан Сатаевтың «Ликвидатор», режиссер Фархат Шариповтың «Алқызыл қоян туралы» жастар картинасын және режиссер Рүстем Абдрашовтың «Балалық шағымның аспаны» фильмдерін көрді.
3 жыл бұрын Қазақстан мен Франция уранды қайта өңдеу бойынша зауыттың құрылысына 10 млн. АҚШ долларын инвестициялады.
Француз тарапы акциялардың 49 пайызына, ал қазақстандық тарап сәйкесінше 51 пайызына иелік етеді. «Қазатомпром» мен «Areva» француз компаниясы Шығыс Қазақстан облысының қала үлгісіндегі Үлбі ауылында зауыт құрылысын бастау туралы келісімге қол қойды.
3 жыл бұрын Қазақстан ұлттық экономикасының көш басына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ шықты - оның кірістері 2010 жылы 3,6 трлн. теңгені құрады, олар келер жылға дейін 23,9 пайызға өсті.
Рейтингте екінші орын «Теңізшевройлға», үшінші орын ENRC компаниясына бұйырды.
3 жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының күмбезді залында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған көрме ашылды. Бірегей тарихи құжаттардың, мұрағат суреттері, газетте жаряланған мақалалар мен экспонаттар ҚР тәуелсіздігін алу үдерісін, оның қалыптасуы мен нығаюы, сонымен бірге Қазақстанның әлемдік аренадағы жетістіктерін көрсетеді.
3 жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапарының барысында Қарағандыдағы жаңа мешітке барды. Қарағандының оңтүстік-шығысындағы жаңа мешіт 4000 адамға есептелген. Оның құрылысына 1,7 млрд. теңге жаратылды. Жобаны облыстың кәсіпорындары мен ұйымдары қаржыландырды.
2 жыл бұрын Париждей Елисей сарайында Қазақстан және Франция президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Франсуа Олландтың кездесуі өтті. Мемлекет басшысының Франция Республикасына жасаған жұмыс сапарысының аясында өткен кездесуде Н.Назарбаев пен Ф.Олланд саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады.
2 жыл бұрын Астанада, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Тамаша адамдардың өмірі» сериясының аясында шығарылған «Шәкәрім» кітабының таныстырылымы өтті. Шәкәрім Құдайбердіұлы - белгілі қазақ ақыны, жазушы, аудармашы, сазгер, тарихшы және ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың басындағы ойшыл. «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан, ол Сталиндік репрессияның құрбанына айналды.
2 жыл бұрын Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті қорының ғимаратында «Тұңғыш Президентке арналады...» деген кітап көрмесі ашылды. Көрмеде Қазақстанның Бірінші Президентінің өмірі мен қызметі, тәуелсіздіктің қалыптасу жылдары, ішкі және әлемдік аренадағы экономикалық және саяси жетістіктері, заманауи тарихтағы Ұлт көшбасшысының ролі туралы кітаптар таныстырылды.
2 жыл бұрын Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық сәулет және табиғи-ландшафтты мұражай-қорығында «Нұрсұлтан Назарбаев. Тұлға және саясаткер» көрмесінің салтанатты таныстырылымы өтті. Экспозиция тек Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражай қорларынан ғана емес, сонымен бірге, Н.Назарбаевтың қатысумен өткен жылдарда түсірілген ақ-қара түсті суреттер жинақталды.
2 жыл бұрын Павлодарда «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» фотокөрмесі ашылды. Стендтерде Мемлекет басшысының өмірінен алынған тарихи оқиғалар, оның биографиясымен және елдегі және шетелдегі оқиғалармен байланысты тарихи оқиғалар көрсетілген.
Павлодарлық фотосуретші Александр Пархоменконың 30 жұмысы экспозицияның бір бөлігіне айналды.
Бір жыл бұрын ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Бас ассамблеядағы мемлекеттер тарапының дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау бойынша Конвенцияның аясында Дүниежүзілік мұра комитетінің мүшелерін сайлау өтті.
Барлығы 12 босатылатын орынға 22 үміткер болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша, ЮНЕСКО аясында жүргізілген шара, белсенді жұмысты сәтті жүргізудің нәтижесінде және оның түрлі органдарының арқасында Қазақстан бірінші рет 2013-2017 жылдарға арналған кезеңге Дүниежүзілік мұра комитетінің мүшесі болып сайланды.
Бір жыл бұрын телерадиотарату саласындағы ұлттық оператор - «Қазтелерадио» АҚ телекоммуникациялық қауымдастыққа кірді.
ЕСІМДЕР
66 жыл бұрын (1948) кинотанушы, сценарийші АЙНАҒҰЛОВА Күлшара Біләлқызы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Мәскеу қаласындағы Кинематография институтын бітірген. 1971-1974 жылдары - «Жаңа фильм» жарнамалық кино бюллетені редакциясының редакторы. 1974-1987 жылдары - Әдебиет және өнер институты театр, кино бөлімінің кіші ғылыми қызметкері. 1990-1996 жылдары - КСРО Кино қоры жанындағы Кинопрокат шығармашылық-өндірістік бірлестігі Қазақ бөлімшесінің төрайымы. 2001 жылдан Қазақ ұлттық өнер академиясында оқытушы болып істейді. Айнағұлова негізінен деректі кино мәселесімен шұғылданып, М.Бегалин, Ш.Айманов, т.б. кино қайраткерлері жайында зерттеу-еңбектер, кино туралы көптеген мақалалар мен деректі фильм сценарийлерін жазды.
70 жыл бұрын (1944) американдық актер, режиссер және комедиялық жазушы РЭМИС Харольд Аллен дүниеге келді .
АҚШ-тың Чикаго қаласында туған.
Миссури штаты Сент-Луисте қаласындағы Вашингтон университетінің түлегі.
Оның ұзақ әрі жемісті шығармашылық қызметіне көз жүгіртсек, «Охотники за привидениями» фильміндегі Игон Спенглер мен «Нашивки» фильміндегі Рассел Зиски бейнелерін көрермендер ең сәтті деп таныды. Сондай-ақ, Рэмис аталған екі бейнефильм сценарийлерінің жазылуына өз үлесін қосты.
Оның жазушылық және режиссерлік қызметіне келетін болсақ, оның басты жұмыстары - «Мальчик для гольфа», «День сурка» және «Анализируй это» сияқты комедиялар. Рэмис рольдердің бірін өзі сомдаған «ССТВ» телехикаясының сценарийін жазды. Комедиялық жанр басым болғанымен, Рэмистің фильмдері жалпы қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді қозғайды. Ал оның фильмдерінің негізінде жатқан терең ой мысқыл және бой сергітетін ұрандармен тұстасып жатыр. Сондай-ақ, Рэмис еңбектерінің басты ерекшелігі суырып салма комедияны енгізуінде жатыр. 2002 жылы Харольд Рэмис «Как заработать 20 миллионов баксов» фильмін түсіру жұмыстарын жүргізу кезінде продюсерлік қызметті тағы бір мәрте байқап көрді. 2005 жылы ол «Ледяной урожай», ал 2007 жылы - «С кем бы отведать сыра» фильміне продюсерлік етті.
104 жыл бұрын (1910-1996) тілтанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым акдемиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЫСҚАҚОВ Ахмеди Ысқақұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, КСРО Ғылым академиясы КСРО халықтарының тілі және жазба институтының аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын бастауыш мектепте мұғалімдіктен бастап, «Ленин туы» газетінің әдеби қызметкері, педагогикалық училищенің оқытушысы болды. 1942-1947 жылдары - Қазақ педагогикалық және мұғалімдер институттарының оқытушысы. 1947-1951 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының оқытушысы. 1951-1953 жылдары -Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл, әдебиет институтының директоры. 1953-1955 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар институтының кафедра меңгерушісі. 1955-1961 жылдары - Қазақ ССР Ағарту Министрлігі Педагогика ғылымдарының Қазақ КСР Ағарту министрлігі Педагогика ғылымдарының Ыбырай Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1961-1996 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғылыми-зерттеу еңбектері негізінен қазақ тілінің морфологиялық құрылымын зерттеу мәселелеріне арналған. «Абай тілі сөздігі» мен 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» жалпы редакциясын басқарған. Орысша-қазақша, Қазақша-орысша сөздіктерінің авторы және бірлесіп шығарған редакторы.
Халықтар достығы, Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
44 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің форумы кеңесінің төрағасы, «Raimbek Group» холдингі компанияларының Директорлар кеңесінің төрағасы БАТАЛОВ Райымбек Әнуарұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын бітірген.
1992-1998 жылдары - «Райымбек» компаниясы директорының орынбасары, бас директоры. 1998-2004 жылдары -- «Райымбек» компаниясының президенті, «Райымбек» компаниялар тобы Директорлар кеңесінің төрағасы, «Raimbek Group» ЖШС президенті қызметтерін атқарған. 2001-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі болған. 2004 жылдан - қазіргі қызметінде.
51 жыл бұрын (1963) «Қазақстандық тұрғын үй-құрылыс корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы ӘЙТЕКЕНОВ Қайрат Медыбайұлы дүниеге келді.
Қостанай қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару университетін бітірген, Жапонияда тағылымдамадан өтті.
1985-1989 жылдары - Қостанай наубайхана өнеркәсібі өндірістік бірлестігінде еңбекті және еңбекақыны ұйымдастыру бөлімінің еңбек жөніндегі аға инженері, экономист.1989-1990 эылдары - ҚЛКЖО Қостанай облыстық комитеті студенттік жасақтар облыстық штабының инженері. 1990-1993 жылдары - ҚЛКЖО Қостанай облыстық комитетінің шаруашылық есептегі жастар және студенттер жасақтары бірлестігінің директоры, жастар және студенттік жасақтар шаруашылық есептегі бірлестігінің бас бухгалтері.1993-1994 жылдары - Қостанай облыстық әкімшілігі әкімі аппаратының бас маманы. 1995-1996 жылдары - Қостанай облыстық баға және монополияға қарсы саясат комитеті төрағасының орынбасары. 1997 жылы - ҚР статегиялық жоспарлау агенттігінің мақсаттар мен басымдықтарды қалыптастыру департаментінің талдау және ақпарат бөлімінің бас маманы. 1997-1998 жылдары - Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің стратегиялық талдау департаментінің стратегиялық бақылау басқармасының адами дамуға талдау бөлімінің бастығы. 1998 жылы - ҚР Экология және табиғат ресурстары министрлігінің экология комитеті төрағасының орынбасары. 1998-1999 жылдары - Республикалық қоршаған ортаны қорғау қоры мемлекеттік қорының директоры. 1999 жылы - Қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік қорларын басқару департаментінің директоры., ҚР Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің басқару және қаржы департаментінің директоры. 1999-2002 жылдары - Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы, экологиялық саясат департаментінің директоры. 2002-2003 жылдары - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің салалық органдар шығынын жоспарлау департаментінің директоры. 2003-2006 жылдары - ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі. 2006-2007 жылдары - ҚР туризм және спорт вице-министрі. 2007 жылы - «Қазына» басқарма төрағасының мемлекеттік органдармен жұмыс және операциялық қызмет жөніндегі орынбасары. 2008-2011 жылдары - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басқарма мүшесі - басқарушы директоры. 2011-2012 жылдары - ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қыркүйектен бері.
«Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған..
64 жыл бұрын (1950) «Локомотив» акционерлік қоғамының депо директоры ОСПАНОВ Болат Мұсағажыұлы дүниеге келді.
Семей облысында туған. Алматы теміржол көлігі институтын, «Қайнар» университетін бітірген.
1967-1988 жылдары - Аягөз локомотив депосында слесарь, машинст көмекшісі, машинист, машинист-нұсқаушы, дайындау цехының аға шебері, депо бастығының көмекшісі. 1988-1996 жылдары - Семей теміржол бөлімшесінде бастықтың орынбасары, локомотив бөлімінің бастығы, бөлімше бастығының бірінші орынбасары. 1997-2001 жылдары - Шар және Семей локомотив деполарының бастығы. 2001 жылдан - «Локомотив» АҚ - Алматы пайдалану локомотив депосы филиалының директоры.
«Ұлы Петр» орденімен (РФ), «Қазақстан темір жолына 100 жыл» (2004), «Ерен еңбегі үшін» (2005), «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталған.
66 жыл бұрын (1948) М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы ХАДЖИЕВА Рашида Ғалиакбарқызы дүниеге келді.
Ақмола қаласында туған. КСРО Ленин орденді Мемлекеттік академиялық Кіші театры жанындағы М.С.Щепкин атындағы Мәскеу театр училищесінің актерлік факультетін бітірген.
1972 жылдан - торғай муызкалық драма театрының актрисасы, 1976 жылдан - Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы. 1983 жылдан - Жезқазған драма театрының актрисасы. Қазіргі қызметінде - 1996 жылдан бері.
«Махаббат туралы поэма» (Мақпал), «Күйеуіңізді сатыңыз» (Елена), «Қамар сұлу» (Гүлжан), «Қош бол, махаббат!» (Сәлима), «Апа» (Қамажай), «Ескі үймен қоштасу» (Назгүл), «Мәңгілік бала бейне» (Қатша, Ұзынғайша), «Ромео и Джульетта» (Капулетти), «Жүрейік, жүрек ауыртпай» (Бәйбіше), «Қара кемпір» (Қара кемпір) спектакльдерінде ойнады.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған. «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты. ҚР еңбек сіңірген әртісі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
96 жыл бұрын (1918-2001) театр және кино актері, КСРО халық әртісі ГЛУЗСКИЙ Михаил Андреевич дүниеге келді
72 жыл бұрын Қазақстанның Күзет ұйымдары қауымдастығының президенті Баекенов Болат Әбдірахманұлы өмірге келді . Ол 1942 жылы Атырау қаласында туған.
1960 ж. Орал қаласы ауыл және орман шаруашылығын механизациялау техникумын бітірісімен Қарағанды облысы Сарань қаласына жолдамамен жіберілді. Жергілікті қалалық ДОССАФ автоклубының меңгерушісі, одан кейін автобазда автомеханик болып істеп, сонымен бірге автоклуб курсында сабақ өткізді. Кеңес әскері қатарында мерзімді қызмет атқарды (1961 -62), 1964 жылдың желтоқсан айынан Сарань қалалық халыққа білім беру бөлімі мектепаралық оқу-өндірістік шеберханасының меңгерушісі болды. 1966-73 ж. комсомол және партия жұмыстарын атқарып, Сарань қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Сарань қалалық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. 1971 ж. Қарағанды облысы комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланып, Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін сырттай бітірді. 1973 ж. Қазақстан КП Орталық комитетінің шешімімен КСРО Мемлекеттік кауіпсіздік комитеті Жоғары мектебінің басшылық кұрамдарын дайындау курсына жіберіліп, оны бітірген соң мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Қарағанды облыстық басқармасы қарсы барлау бөлімі бастығының орынбасарлығына тағайындалды. 1977-80 ж. Қарағанды облпартия комитеті әкімшілік органдар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Сол жылы Қазақстан КП Орталық комитетінің шешімімен мемлекеттік қауіпсіздік органдарына қайта жіберіліп, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы басқарма бастығының орынбасары болып тағайындалды. 1982-85 ж. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Инспекторлық басқармасының аға инспекторы, 1985-87 ж. - мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Көкшетау облысы басқармасының бастығы. 1988-90 ж. - Қазақ КСР мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, 1990-91 ж. - мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Алматы облысы басқармасының бастығы, 1991 ж. казанда ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (1992 ж. шілдесінен ҚР ҰҚК) төрағасы болып тағайындалды. 1993 ж. желтоқсанынан 1994 ж. қазан аралығы - қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы міндетін атқарды. 1994 ж. қазан - 1995 қараша аралығында - ҚР ІІМ, 1997 наурызда - Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президенті Күзет қызметі бастығы болып тағайындалды. Баекенов 2001 ж. мамырында қызметінен босату және жасына байланысты ҚР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен запасқа шығару жөнінде рапорт берді. Отставкаға шыққан соң ұстаздық қызметпен айналысып, Қазақ гуманитарлық заң университеті Алматы заң академиясын басқарды. Қазіргі күндері ҚР Күзет ұйымы қауымдастығын басқарады. Баекенов ҚР ҰҚК-нің Құрметті қызметкері, профессор, Сарань қаласының Құрметті азаматы. Құрмет ордені, көптеген медальдармен марапатталған.
69 жыл бұрын (1945) голливуд актрисасы, «Оскар» сыйлығының лауреаты Голди ХОУН (Голди Штудлендгехоун дүниеге келді.
66 жыл бұрын (1948) ливан мемлекеттік және әскери қайраткері, Ливан президенті (2008 жылғы 25 мамырдан бері) Мишель СУЛЕЙМАН дүниеге келді.
57 жыл бұрын Қанат Зекенұлы Сәкиев дүниеге келді. Ол 1957 жылғы 21 қарашада туған. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, медицина ғылымының докторы, жоғары санатты дәрігер.
1980 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтының санитарлық-гигиеналық, 2006 жылы Павлодар қаласының Инновациялық Еуразиялық университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» факультетін бітірді.
Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін 1980 жылдың тамыз айынан бастап 1981 жылдың қазанына дейін Павлодар қаласының медицина училищесінде санитарлық-гигиена пәнінің оқытушысы болып жұмыс істеді.
1981 жылдың қарашасынан бастап 1981 жылдың желтоқсанына дейін Қарағанды қаласының Совет ауданының санитарлық-эпидемиологиялық стансасында эпидемиолог-дәрігер қызметін атқарды. 1982 жылдың қаңтар айынан бастап 1985 жылдың тамыз айына дейін Павлодар облысының Ертіс аудандық дезинфекциялық стансасының бас дәрігері болды. 1985 жылдың тамыз айынан бастап 1989 жылдың қырқүйек айына дейін Павлодар облысының Краснокутск аудандық санэпидстанциясының бас дәрігері.
1999 жылдың қазанынан бастап 1999 жылдың наурыз айына дейін Павлодар қалалық дезинфекциялық стансасының бас дәрігері. 1999 жылдың наурызынан бастап қараша айына дейін Павлодар облыстық санэпидстансасы аса қауіпті жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі.
1999 жылдың қараша айынан 2001 жылдың қырқүйегіне дейін Павлодар қалалық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер. 2001 жылдың қырқүйегінен бастап 2003 жылдың тамызына дейін Павлодар облыстық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.
2003 жылдың тамызынан бастап Павлодар қалалық бас мемлекеттік дәрігері. 2009 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.
2009 жылдың 16 қазанынан бастап 2013 жылдың 11 қазанына дейін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің директоры лауазымына тағайындалды.
Тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық саулығын қамтамасыз ету ісінде сіңірген көп жылғы жемісті еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Павлодар облысы алдында сіңірген ерен еңбегі үшін «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
2013 жылдың 13 қарашасынан бастап ҚР ДСМ «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» РМҚК директоры.