21 қараша. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 21 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бұрғылаушылар күні

Қарашаның үшінші сенбісінде Қазақстанда Бұрғылаушылар күні аталып өтеді. Кәсіби мереке мұнай-газ, тау-кен, су шаруашылығы және өнеркәсіптің басқа да салаларында ұңғыма бұрғылайтын мамандарға арналған. Бұрғылаушылар мұнай, газ, су және өзге де табиғи ресурстарды өндіруге арналған ұңғымаларды қазады. Бұл мамандықтың Қазақстанның мұнай-газ саласында өзіндік орны бар. Оның тарихы еліміздегі алғашқы мұнай-газ ұңғымаларын игеру кезеңінен басталады. Бұрғылаушылардың еңбегі елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Дүниежүзілік телевизия күні

Жыл сайын 21 қарашада аталып өтетін Дүниежүзілік телевизия күнін БҰҰ Бас Ассамблеясы 1996 жылғы желтоқсанда арнайы қарармен жариялады. Бұл дата 1996 жылы БҰҰ аясында өткен алғашқы Дүниежүзілік телевизия форумына орай белгіленген.

БҰҰ бұл күнді телевизияның қоғамдық пікір қалыптастыруға және маңызды шешімдер қабылдауға ықпалын мойындай отырып белгіледі. Телевизия әлем назарын қақтығыстарға, бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген қатерлерге аударып, экономикалық және әлеуметтік мәселелердің де кеңінен талқылануына ықпал етеді.

Дүниежүзілік сәлемдесу күні

Бұл мерекені 1973 жылы Брайан мен Майкл Маккормак Йом-Киппур соғысына (Израиль мен Мысыр арасындағы қарулы қақтығыс) және әлемдегі саяси ахуалдың шиеленісуіне жауап ретінде ұйымдастырған. Дүниежүзілік сәлемдесу күні – бейбітшілікті нығайтуға бағытталған жаһандық бастама. Бұл күні әр адам кемінде он адаммен амандасуы керек. Мерекенің негізгі мақсаты – адамдар арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, өзара түсіністік пен бейбітшілікті дәріптеу.

Дүниежүзілік балық шаруашылығы күні

Бұл күнді жыл сайын кәсіптік балық аулау және балық өнеркәсібі саласында еңбек ететін мамандар атап өтеді. Мерекенің мақсаты – кәсіптік балық аулаудың әлемдік экономикадағы маңызын көрсету және балық ресурстарын тұрақты пайдаланудың мәнін түсіндіру.

Бұл күн БҰҰ-ның халықаралық мерекелер күнтізбесіне енбегенімен, оны Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) сияқты бейінді халықаралық ұйымдар қолдайды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1988 жылы Мәскеуде Арал теңізі күндері ашылды. Сол кезеңде Арал өңірі мен теңіздің өзінде экологиялық ахуал күрт нашарлап, бұл жағдай қоғамның кең алаңдаушылығын туғызды. Әмудария мен Сырдария өзендерінің суы азайып, теңіз деңгейі шамамен 13 метрге төмендеді. Қазақстан аумағында ғана 1,3 млн гектар, ал бүкіл теңіз табанының 2,5 млн гектардан астам бөлігі құрғап қалды. Шығыс жағалауында теңіз 80-100 шақырымға шегініп, орнында құм төбелер мен сирек сораң өсімдіктері өскен тұзды шөл қалыптасты.

2005 жылы «Қазақстан – Антарктида – 2005» спорттық экспедициясының қатысушылары Антарктидадағы атауы жоқ екінші шыңды бағындырып, оған еліміздің астанасы құрметіне «Астана» атауын берді.

Экспедиция Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтып, елорданы мемлекеттің танымал бренді ретінде танытуға бағытталды.

2005 жылы Таразда ойшыл, исламтанушы ғалым, теолог, ақын әрі ағартушы Саид Махмұд ат-Таразидің есімін ұлықтау мақсатында мемориалды тақта орнатылды. Ескерткіш тақта көне Әбдіқадыр мешітінің кіреберісіне салтанатты түрде қойылды. Саид Махмұд ат-Тарази 1923-1930 жылдары осы мешіттің жанындағы медреседе тұрып, еңбек еткен.

Ол мұсылман халықтарының білім алып, сауатын ашуына зор үлес қосты. Ғалымның ең басты еңбектерінің бірі – 1935 жылы Құранды араб тілінен түркі тіліне аударуы. Кейін қасиетті кітапты тағы он тілге тәржімалаған.

2006 жылы Семей өңіріндегі Абайдың мемлекеттік әдеби-мемориалды музей-қорығының құрамына кіретін Жидебай қыстағында ойшыл, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының еліміздегі тұңғыш музейі ашылды. «Аңшының үйі» деп аталатын экспозицияда өткен ғасырдың 30-жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қаламгердің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты танытатын материалдар жинақталған. Көрмеге Шәкәрімнің Меккеге сапар шеккенін растайтын құжаттар да алғаш рет қойылды.

2008 жылы Ыстанбұлда өткен парламент төрағаларының конференциясында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия арасында Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын (ТүркПА) құру туралы келісімге қол қойылды. Ассамблеяның ресми тілдері – әзербайжан, қазақ, қырғыз және түрік тілдері. Ағылшын тілі қосымша тіл ретінде қолданылады. ТүркПА құрамына жаңа мемлекеттер қосылған жағдайда, олардың мемлекеттік тілдері де Ассамблеяның ресми тілдеріне айналады. ТүркПА – түркітілдес елдердің парламенттік бірлестігі. Оның басты мақсаты – мемлекеттер арасындағы парламентаралық байланысты нығайту, саяси ұстанымдарды жақындастыру, ақпарат алмасу, түркі мәдениетін дәріптеу, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру. Сондай-ақ ұйым түркі әлеміне ортақ мәселелерді шешу жолдарын қарастырады.

2012 жылы Алматыдағы «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында Археология музейі, Қазақстан ғылымының тарихы музейі, Табиғат музейі және Сирек кітаптар музейі жаңа бірегей жәдігерлермен толықтырылып, салтанатты түрде ашылды.

«Ғылым ордасы» музейлерінде Қазақстанның жануарлар дүниесі, мәдениеті мен ғылымының даму кезеңдерінен сыр шертетін құнды жәдігерлер мен тарихи материалдар жинақталған. Олардың бүгінгі ұрпақ үшін де маңызы зор.

2012 жылы халықаралық деңгейдегі кардиохирург Юрий Пя «Жылдың үздік дәрігері» атанды. Оған «Алтын адам» алтын жалатылған мүсіншесі мен арнайы сертификат табысталды.

Дәл осы жылы, тамыз айында, Юрий Пя чехиялық әріптесі Ян Пиркпен бірге Қазақстанда алғаш рет созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан науқасқа донорлық жүрек трансплантациясын жасады.

2013 жылы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттер Бас ассамблеясының отырысы аясында Дүниежүзілік мұра комитетінің жаңа құрамы сайланды.

ЮНЕСКО шеңберіндегі белсенді жұмысы мен ұйымның түрлі құрылымдарындағы нәтижелі қызметінің арқасында Қазақстан дауыс беру қорытындысы бойынша 2013-2017 жылдарға арналған Дүниежүзілік мұра комитетінің құрамына алғаш рет енді.

2014 жылы Қазақстан Ұлттық банкі «Ана» атты естелік монетаны айналымға шығарды. Номиналы 500 теңге болатын, алтын жалатылған күміс монета «Жүректен жүрекке» сериясына кіреді. Бұл серия адамзатқа ортақ құндылықтарды монета арқылы бейнелеп, әр адамнан екінші адамға ізгілік пен жылылық жеткізуді мақсат етеді.

2015 жылы Қазақстанның астанасы құрметіне Нидерландтың Роттердам қаласында «Астана» алаңы ашылды. Ашылу салтанатына Нидерландтың көрнекті мемлекет қайраткерлері, шетелдік елшілер, қоғам өкілдері, осы елде білім алып жүрген студенттер мен қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.

2016 жылы Қазақстанда балалардың құқығын қорғауға арналған «111» бірыңғай тегін байланыс желісі іске қосылды. Бұл нөмірге хабарласу арқылы бала өз құқығының бұзылғаны туралы мәлімдей алады. Байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.

2016 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне Жібек жолының «Чанъань – Тянь-Шань» дәлізіндегі Қазақстанға тиесілі сегіз тарихи ескерткішті енгізу туралы келісім жасалды. Сондай-ақ ортағасырлық Талғар қалашығының Дүниежүзілік мұра тізіміне енгенін растайтын сертификат табысталды.

2018 жылы Бакуде Әзербайжан-Қазақстан жастар форумы ашылды. Бұл – екі елдің жастар саясаты, жүзеге асырылып жатқан стартап жобалары таныстырылған алғашқы форум. Сонымен қатар жиында өңірлік, еріктілер және басқа да бағыттардағы жастар ұйымдарының қызметі таныстырылды.

2019 жылы дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы лицей-интернатының оқушысы Даяна Мукина «Eco Startup» экологиялық стартап жобаларының халықаралық байқауында «Үздік прототип» аталымы бойынша 750 мың теңге грант иеленді. Ол байқауға «Қайырымдылықтан кәсіпкерлікке дейін: бие сүтінен косметика жасау» жобасын ұсынды.

Жобаның басты ерекшелігі – косметика құрамына мұздатып кептірілген бие сүтін қосу. Бұл әдіс арқылы сүттің құрамындағы су бөлініп алынғанымен, оның пайдалы қасиеттері мен құнарлы заттары сақталады. Жоба авторының айтуынша, мұндай тәсілмен өңделген бие сүті пайдаланылатын косметикалық өнімнің әлемде баламасы жоқ. Өнім табиғи шикізат негізінде әзірленеді.

2020 жылы Болгария Халық жиналысының ғимаратында көрнекті философ әрі ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ақын-ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған пошта маркаларын салтанатты түрде айналымға енгізу рәсімі өтті.

Іс-шара аясында философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Жақыпбек Алтаевтың әл-Фарабидің өмірі мен мұрасы туралы жаңадан жарық көрген кітабының болгар тіліндегі нұсқасы таныстырылды.

2020 жылы Сан-Франциско қаласының бас көпшілік кітапханасында Қазақстан әдебиеті мен мәдениетіне арналған бөлім ашылды. Кітапхана қорына қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі 400-ден астам кітап сыйға тартылды. Олардың қатарында тарихи және ғылыми-көпшілік еңбектер, сондай-ақ Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Олжас Сүлейменов және басқа да қазақ ақын-жазушылары мен ғалымдарының шығармалары бар.

Бастамашылардың пікірінше, кітапханадағы бұл бөлім америкалық оқырмандардың қазақ халқының бай мәдениетіне деген қызығушылығын оятып, оны тереңірек танып-білуіне жол ашады. Бұл ретте Абай Құнанбайұлының шығармаларын кеңінен таратуға да басымдық берілмек.

2022 жылы Қазақстанда өткен кезектен тыс президент сайлауында қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,3 пайызының дауысын жинап, жеңіске жетті. Алдын ала мәлімет бойынша, сайлаушылардың дауыс беруге қатысу көрсеткіші 69,44 пайызды құрады.

2022 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында «Әл-Фараби күніне» арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынға Шығыстану, Философия және саясаттану факультеттерінің зерттеушілері, оқытушылары мен студенттері, Алматыдағы Иран Ислам Республикасының мәдени өкілдігі және Фараби орталығының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелде әл-Фараби мұрасын түпнұсқадан қазақ тіліне аудару кезінде ескерілуге тиіс мәселелер мен ғалымның әлі де зерттелмеген еңбектері туралы баяндамалар жасалды.

2024 жылы Алматы халықаралық әуежайы 10 миллионыншы жолаушысын қарсы алды. Бұл әуежай мен қала тарихындағы айтулы оқиға болды. Мерейтойлық жолаушы Шымкенттен Алматыға ұшып келген 47 жастағы Шолпан Садыкова болып шықты. Осы оқиғаға орай әуежай оған Грузияға екі адамға арналған жолдама сыйлады.

2025 жылы қазақстандық композитор әрі пианист Рахат-Би Әбдісағин Оксфордтағы Мертон колледжінің капелласында «Quantum Universe» («Кванттық ғалам») шығармасының әлемдік премьерасын өткізді. Эксперименттік туындыда ол көне орган аспабы мен кванттық компьютерге қосылған заманауи кванттық гитараның үнін тоғыстырды. Композитор орган партиясын өзі орындаса, шығарманың дыбыстық бояуы кванттық биттер (кубиттер) арқылы нақты уақыт режимінде өзгеріп отырды. Осылайша, физика музыка тілімен өрнектелді.

2025 жылы Астанада армян әліпбиінің негізін қалаушы, философ Месроп Маштоцтың есімі берілген көше ашылды. Ол армян жазба мәдениеті мен білім беру жүйесінің дамуына зор үлес қосқан. Ашылу рәсіміне Қазақстан мен Армения үкіметтерінің өкілдері, армян диаспорасы мен қоғам қайраткерлері қатысты.