21 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 21 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық бейбітшілік күні

Халықаралық бейбітшілік күні жыл сайын 21 қыркүйекте аталып өтеді. Бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының 36-сессиясында белгіленген. Ал 21 қыркүйек күні атап өту туралы шешім Бас Ассамблеяның 55-сессиясында қабылданды.

Халықаралық бейбітшілік күні зорлық-зомбылықтан бас тартып, бүкіл әлемде атысты тоқтатуға үндейтін күн ретінде жарияланған. Осыған байланысты барлық мемлекетке бұл күні әскери қимылдардан бас тарту ұсынылады.

Халықаралық Альцгеймер ауруы туралы ақпарат тарату күні (Дүниежүзілік Альцгеймер ауруына қарсы күрес күні)

Бұл күн Альцгеймер ауруын зерттейтін және оның дамуын бәсеңдету жолдарын іздейтін ұйымдардың бастамасымен белгіленген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1989 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XI шақырылымының XIV сессиясы өтті. Сессия барысында «Республикадағы саяси реформаны одан әрі жүзеге асыру шаралары туралы» қаулы, «Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақ КСР-дегі тілдер туралы», «Қазақ КСР халық депутаттарын сайлау туралы» және «Қазақ КСР жергілікті халық депутаттары кеңестері депутаттарын сайлау туралы» заңдар қабылданды. Конституцияға енгізілетін өзгерістерге 8 депутат, ал тіл туралы заңға 26 депутат қарсы дауыс берді. Сондай-ақ халық депутаттарын сайлау және кері шақырып алу жөніндегі Орталық сайлау комиссиясы құрылды.

1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Албания Республикасы арасында дипломатиялық қатынас орнатылды Албания Республикасы — Балқан түбегінің батыс бөлігінде, Адриатика теңізінің жағалауында орналасқан мемлекет. Сербия және Черногориямен, Солтүстік Македониямен және Грекиямен шектеседі. Аумағы — 28 748 шаршы шақырым. Астанасы — Тирана қаласы. Ресми тілі — албан тілі. Ақша бірлігі — лек. Мемлекет басшысы — президент. Оны парламент кемінде 20 депутаттың ұсынысымен 5 жыл мерзімге сайлайды. Президент бір рет қана қайта сайлана алады.

2011 жылы Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясы өз жұмысын бастады. Сессияның негізгі күн тәртібіне мемлекетаралық қатынастардың құқықтық негіздерін нығайту, өңірлік қақтығыстарды реттеу, жаппай қырып-жоятын қарудың таралуына жол бермеу, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл, жаһандық басқару жүйесін реформалау, тұрақты дамуды қамтамасыз ету, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселелері кірді.

2012 жылы Мадридте қазақстандық режиссерлердің фильмдері ұсынылған «Қазақстан және кино: 1970-2011» атты кино көрсетілімдер циклі ашылды.

Бағдарламаға «Тюльпан», «Қыз Жібек», «Көшпенділер», «Мұстафа Шоқай», «Қош бол, Гүлсары!», «Балалық шағымның аспаны» және басқа да фильмдер енді. Кино көрсетілімдерінің ашылуы испандық көрермендердің үлкен қызығушылығын туғызып, қазақстандық режиссерлердің шығармашылығына назар аудартты.

2014 жылы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстандағы ең көне «алтын» жерлеу орындарының бірінен табылған бірегей жәдігерлер қойылған «Алтын ханшайым» экспозициясы ашылды.

Археологтар «Алтын ханшайым» деп атаған бұл жәдігер 2012 жылғы археологиялық маусымда Орал өңірінің Теректі ауданындағы Тақсай кешені аумағындағы қорғаннан табылған. Табылған материалдың ғылыми маңызы өте жоғары болғандықтан, олжаның тарихи құндылығын толық әрі нақты анықтау үшін екі жыл бойы зерттеу және реставрация жүргізілді. Бұған қазақстандық ғалымдармен қатар, Жапония, Германия және Ресейден келген мамандар да қатысты.

2016 жылы Павлодарда облыс әкімдігі Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына берген көне ғимаратта археологиялық орталық ашылды.

Орталыққа әлемге әйгілі ғалым, археолог әрі тарихшы, Қазақстандағы археология және этнография ғылыми мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұланның есімі берілді. Орталықтың басты мақсаты — Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттау. Мұнда археология, этнология, өлкетану және туризм бағыттары бойынша зерттеу жүргізіледі.

2017 жылы Қарағандыдағы Жұлдыздар аллеясы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің есімі берілген жұлдызбен толықты. Аллеяда ашылған сегізінші атаулы жұлдыздың есімі Құрмет кітабына енгізілді.

2017 жылы Қазақстан Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығына (ХЗӘҚҚ) төрағалық етті. Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевски Қазақстанның ТМД елдерінің әлеуметтік сақтандыру қорларын біріктіретін ХЗӘҚҚ-ға төрағалық етуін оң бағалады. Оның айтуынша, Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік жүйені дамыту стратегиясын әзірлеу кезінде басқа елдердің тәжірибесін ескеруге мән берген. Ол мұны заманауи әрі озық тәсіл деп атап, қазіргі жағдайда әлеуметтік қорғау жүйесі икемділікті қажет ететін күрделі тетік екенін айтты.

2018 жылы Алматыда «Қазақ музыкасының антологиясы» таныстырылды. Бұл — Қазақстанда алғаш рет 4K форматында түсірілген, классикалық шығармалардан бастап заманауи туындыларға дейінгі 30 аспаптық шығарманы қамтитын кәсіби бейнежазбалар жинағы. Жобада Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің, жеке орындаушылар мен фольклорлық ансамбльдердің қатысуымен төкпе күй мектебінің (Құрманғазы, Дина) және шертпе күй мектебінің (Тәттімбет, Әшімтай) шығармалары, сондай-ақ XX–XXI ғасыр композиторларының (Н. Тілендиев, Қ. Ахмедияров, А. Жайым, Б. Көбенғалиев, М. Әубәкіров және т. б.) туындылары жазылды.

Музыкалық бейнежазбалар түсірілім барысын көрсететін бэкстейдж материалдармен және орындаушылардың құнды пікірлерімен толықтырылған. Олардың қатарында көрнекті домбырашылар Айгүл Үлкенбаева, Біләл Ысқақов, Абылай Тілепбергенов және Айгерім Қарсақбаева бар.

2018 жылы Ақтөбе қаласында Қазақстандағы алғашқы рухани-адамгершілік тәрбие орталығы — «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Құны 350 млн теңгені құрайтын бұл бірегей жоба «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілер мен облыс тұрғындарының қолдауымен жүзеге асырылды.

Орталықтың негізгі мақсаты — отбасындағы әйелдің рөлін арттыру, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды негізге ала отырып, болашақ аналарды тәрбиелеу.

2020 жылы түркиялық оқырмандарға қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегі түрік тілінде ұсынылды. Кітапта қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүріне негізделген тәрбие мәселелері кеңінен баяндалады. Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегін түрік тіліне аударып, кітап етіп шығарған — Ыстанбұл университетінің түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, доктор Уғур Гүрсу.

2021 жылы Маскат қаласындағы Water Front кешенінде Қазақ мәдениеті күні өтті. Іс-шара барысында Қазақстанның жетістіктері және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған негізгі әлеуметтік-экономикалық реформалар таныстырылды. Мәдени кеш аясында ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай оның өмірі мен шығармашылығына арналған көркем фильм көрсетілді. Кеште халықтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан ақынның тұлғасына ерекше назар аударылды. Оның поэзиясы терең мазмұны мен батылдығымен ерекшеленеді.

2021 жылы Павлодар музыкалық колледжінде Қазақ КСР-ның халық әртісі, күйші-домбырашы Рүстембек Бейсенұлы Омаровтың шығармашылық мұрасына арналған кабинет ашылды. Жобаның негізгі мақсаты — Рүстембек Омаровтың мәдени және рухани мұрасын кеңінен насихаттау, тарихи деректерді сақтау, сондай-ақ оның музыкалық шығармаларын тиімді пайдалану.

2021 жылы Португалияның Лиссабон қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстан — тәуелсіздікке 30 жыл, тарихқа 556 жыл» атты көрме ашылды. Көрме келушілерге Қазақстанның көрікті табиғаты, ұлан-ғайыр даласы, табиғи қорықтары мен бай тарихы туралы кеңінен мағлұмат берді. Сондай-ақ ел астанасы, түркі әлемінің тарихи-мәдени орталығы саналатын Түркістан қаласы мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі таныстырылып, Қазақстанға арналған көптеген кітап көпшілік назарына ұсынылды. Қазақстан экспозициясы екі елдің халқы арасындағы өзара таным мен мәдени байланысты нығайта отырып, дәстүрлі мәдени алмасудың жалғасы болды. Көрме қонақтарына Ұлы дала елінің тарихы мен мәдениетін тереңірек танып, оның табиғи және тарихи мұрасының сан қырын ашуға мүмкіндік берді.

2022 жылы 21 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

2022 жылы «Қазақфильм» АҚ түсірген екі фильм Гатчинада өткен «Әдебиет және кино» халықаралық кинофестивалінде жүлдеге ие болды. Болат Қалымбетов режиссерлік еткен «Мұқағали» фильмі қоюшы-суретші Ермек Өтегеновтің үздік жұмысы үшін халықаралық қазылар алқасының арнайы дипломымен марапатталды. Ал режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі «Үздік сценарий» жүлдесіне ие болды.

2024 жылы елордада «Таза Қазақстан. Астана — тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы және Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аясында жалпы қалалық ауқымды сенбілік басталды. Экологиялық акция барысында қала тұрғындары көшелерді, жаяу жүргіншілер жолын, қоғамдық орындарды, сондай-ақ жаңбыр және арық жүйесін тазартты. Акция кезінде елорданың бес ауданында 2 мыңнан астам жасыл желек егілді.

2025 жылы елордада әлемге әйгілі Backstreet Boys тобының концерті өтті. «Астана Арена» стадионына Германия, Польша, Франция, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және басқа да елдерді қоса алғанда, 45 мемлекеттен 12 мыңнан астам турист жиналды. Концерттің басталуы бір жарым сағатқа кешіккеніне қарамастан, көрермендер өнерпаздарды зор ықыласпен қарсы алды. Топ мүшелері көрерменге қонақжайлылығы үшін қазақ тілінде алғыс білдірді.