21 мың теңгенің жәрдемақысына құжат жинауды қалай азайтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны беру жүйесін барынша жеңілдетуді көздейді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қазіргі кезде ата-аналар мемлекеттік органдарда көп жүреміз, уақыт көп кетеді, көп құжат толтырамыз деп, жиі сұрақ қояды. Енді, ондай болмайды. Бізде "электронды xалық" деген ақпараттық жүйе бар. Соған барлық қажетті мәліметтерді енгіземіз. Егер қандай да бір мәліметтер жеткіліксіз болса, онда қала мен аудандарда орналасқан жұмыспен қамту орталықтары, сол жердегі әкімшіліктер өздері қажетті мәліметтерді сұрайды. Ол үшін адамды шақырмайды", - деді Б.Сапарбаев журналистерге берген сұxбатында.

Министрдің айтуынша, барлық қазақстандықтарға жеке әлеуметтік карта жасау қажет. Сол картада әрбір жанұяның қажеттілігі, табысы мен тұрмысы көрсетіледі. "Сөйтіп, қазіргі кезде көмекті қажет ететін кісілерге көмектесуіміз керек", - деп атап көрсетті Б.Сапарбаев.

Айта кетейік, министр балаларға берілетін 21 мың теңгеден бөлек ата-анасына да қосымша ақы төленетінін жеткізді. Бүгінде елімізде күнкөрістің минимумы 29 698 теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін атаулы көмекті бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 процентінен, яғни 14 849 теңгеден аспайтын отбасылар алса, енді Президенттің тапсырмасы бойынша аталған көрсеткіш 70 процентке - 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, көпбалалы отбасының жалпы табысын әрбір адамға бөлгенде ақшаның сомасы күнкөріс деңгейінің 70 процентіне, яғни 20 789 теңгеге жетпесе, әрбір балаға 21 мың теңгенің жәрдемақысы беріледі.

"Сосын егер жанұяның әрбір адамына шаққанда табыс күнкөріс деңгейінен (70 проценттен - авт.) төмен болса, айырмашылық 10 мың теңге бола ма, 7 мың теңге бола ма, сол ата-анасына да қосымша төленеді. Одан кейінгі ең үлкен жеңілдік, бұрын табысты есептегенде "Алтын алқа" "Күміс алқа", көп балаға берілетін жәрдемақы, мүгедектердің жәрдемақысы мен стипендиясы саналатын. Енді, соның бәрін есепке алмайды", - дейді Б.Сапарбаев.

Соңғы жаңалықтар