21 наурыздан бастап еліміздің мал шаруашылығы өнімдері Ресейге еркін экспортталады- АШМ
АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ағымдағы жылдың 21 наурызынан бастап еліміздің мал шаруашылығы өнімдері Ресейге еркін экспортталады.
Бұл туралы бүгін ҚР АШМ-ның ауыл шаруашылығы кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев айтты.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде мал өнімдерін Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарынан Ресейге экспорттауға қойылған шектеу алынып тасталды.
А. Жақыпбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың тамыз айында 1 жылдық карантиндік тәртіп аяқталғаннан кейін Ақмола олысының аумағындағы мал шаруашылығы өнімдері экспорттала бастайды. Ал Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстарында аусылға қарсы дәрі егу шаралары жургізілуде. Атап айтқанда, осы облыстардан шикі етті экспорттауға уақытша шектеу қойылып отыр. Осы өңірдегі ет өнімі тек термиялық өңдеуден өткеннен кейін ғана шығарылуы мүмкін.
Бұдан бұрын хабарланғандай, еліміздегі етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында «ҚазАгро» холдингі арнайы жобаны әзірледі. Осының аясында Қазақстан жыл сайын алдағы жылдары 60 мың тонна етті эскпорттауды көздеп отыр.