21 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқырман назарына 2023 жылғы 21 сәуірге арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.

21 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі күні

2014 жылдың сәуірінде екі ведомство - Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің және Қазақстан Республикасы Республикалық ұланының қосылуы арқылы ҚР Мемлекеттік күзет қызметі құрылды. ҚР Президентінің Күзет қызметі 1992 жылы тәуелсіздік жарияланғаннан кейін көп ұзамай құрылды. Ал бірнеше айдан кейін Республикалық ұлан жасақталды. Екі ведомство да мемлекет қауіпсіздігін сақтауда маңызды рөл атқарды.

Дүниежүзілік шығармашылық және инновациялық қызмет күні

Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық күндер жүйесіне кіреді. Алғаш рет 2002 жылы атап өтілді. БҰҰ Бас ассамблеясы бұл күнді 2017 жылы тұрақты даму саласында мақсатқа қол жеткізу жолында шығармашылықтың маңыздылығына мән беру үшін бекіткен.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1925 жылы «Қазақ әйелі» және «Теңдік» газеттері негізінде «Қазақстан әйелдері» қоғамдық-саяси журналы шыға бастады. Бастапқыда «Әйел теңдігі», «Сталин жолы» деп аталды. 1955 жылдан «Қазақстан әйелдері» деп аталады.

1959 жылы Мұхтар Әуезовке «Абай жолы» дилогиясы үшін Ленин сыйлығы тағайындалды. Ол V шақырылған КСР Қазақ Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

1961 жылы Қазақстанның газ жүйесінің негізін қалаған «Орта Азия- Орталық» магистральдік газ құбырының құрылысы басталды.

1992 жылы республикада енді құрылып жатқан алғашқы дипломатиялық корпус өкілі - Қазақстандағы Түркияның Төтенше және Өкілетті елшісі Аргюн Езнаем Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тұңғыш рет сенім грамотасын табыс етті.

1995 жылы Қазақстан Республикасы мен Монғолия арасындағы Ерiктi түрде қоныс аудару және Қазақстан Республикасына еңбек шарттары бойынша келген адамдардың азаматтығы мәселелерiн реттеу жөнiндегi Шарт ратификацияланды.

2006 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының сенімді басқаруындағы Степногор кен-химия комбинатының гидрометаллургия зауыты аумағында молибден байыту фабрикасы ашылды. Мұндай фабрика Қазақстанның тау-кен өндірісі мен қайта өңдеу өнеркәсібінде алғаш рет іске қосылып отыр. Молибден кенін қайта өңдейтін байыту фабрикасы гидрометаллургия зауытының аумағында рекордтық мерзімде - 96 күнде салынды.

2011 жылы Қазақстан аумағында «Ормандар» тақырыбында «Еуропа» сериясының көркем маркасы пошта айналымына енді. Оның номиналы - 250 теңге, тиражы - 250 мың дана.

2014 жылы Алматы облысы Сарқан қаласындағы №1 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Евгений Станкевич Швецияның экологтары ұйымдастырған конкурстың жеңімпазы атанды. Марапаттау рәсімі Стокгольмде өтті. Экологиялық журналистика конкурсына Германия, Франция, Канада, Македония, Мальта, Румыния, Словакия, Черногория, Латвия өкілдері қатысты.

2015 жылы ҚР Ұлттық банкі ҚР Қорғаныс министрлігіне «Ұлы Жеңіске 70 жыл» 4776 күміс монетасын қайтарымсыз негізде табыс етті. Оны Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық ардагерлер алды.

2016 жылы Алматыда «Түркі тілдес әлем музыкасы» атты зерттеу тобының V халықаралық симпозиумы ашылды.

2018 жылы Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігінде Ислам әлемінің тарихында алғаш рет 2017 жылы қыркүйекте Астанада өткен ИЫҰ-ның Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінің қорытындыларына арналған Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдер елшілерінің кездесуі өтті.

2022 жылы Қазақстан 59-ы Венеция биенналесіне тұңғыш рет өз ұлттық павильонымен қатысты. Көрмеге әлемнің 58 елінен 213 суретші қатысты, 430-дан астам жұмыс ұсынылады, олардың 80-і тікелей биенналеге арналған. Венеция биенналесі – әлемдегі ең беделді халықаралық көркемсурет көрмелерінің бірі. Ол 1895 жылдан бері әр екі жылда бір рет Венецияда өткізіледі.