21 сәуір. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 21 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

21 сәуір. Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі күні

2014 жылдың сәуірінде екі ведомство — Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің және Қазақстан Республикасы Республикалық ұланының қосылуы арқылы ҚР Мемлекеттік күзет қызметі құрылды. ҚР Президентінің Күзет қызметі 1992 жылы тәуелсіздік жарияланғаннан кейін көп ұзамай құрылды. Ал бірнеше айдан кейін Республикалық ұлан жасақталды. Екі ведомство да мемлекет қауіпсіздігін сақтауда маңызды рөл атқарды.

Дүниежүзілік шығармашылық және инновациялық қызмет күні

Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық күндер жүйесіне кіреді. Алғаш рет 2002 жылы атап өтілді. БҰҰ Бас ассамблеясы бұл күнді 2017 жылы тұрақты даму саласында мақсатқа қол жеткізу жолында шығармашылықтың маңыздылығына мән беру үшін бекіткен.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1925 жылы «Қазақ әйелі» және «Теңдік» газеттері негізінде «Қазақстан әйелдері» қоғамдық-саяси журналы шыға бастады. Бастапқыда «Әйел теңдігі», «Сталин жолы» деп аталды. 1955 жылдан «Қазақстан әйелдері» деп аталады.

1959 жылы Мұхтар Әуезовке «Абай жолы» дилогиясы үшін Ленин сыйлығы тағайындалды. Ол V шақырылған КСР Қазақ Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

1961 жылы Қазақстанның газ жүйесінің негізін қалаған «Орта Азия- Орталық» магистральдік газ құбырының құрылысы басталды.

1992 жылы республикада енді құрылып жатқан алғашқы дипломатиялық корпус өкілі — Қазақстандағы Түркияның Төтенше және Өкілетті елшісі Аргюн Езнаем ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тұңғыш рет сенім грамотасын табыс етті.

1995 жылы Қазақстан Республикасы мен Монғолия арасындағы Ерiктi түрде қоныс аудару және Қазақстан Республикасына еңбек шарттары бойынша келген адамдардың азаматтығы мәселелерiн реттеу жөнiндегi Шарт ратификацияланды.

2006 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының сенімді басқаруындағы Степногор кен-химия комбинатының гидрометаллургия зауыты аумағында молибден байыту фабрикасы ашылды. Мұндай фабрика Қазақстанның тау-кен өндірісі мен қайта өңдеу өнеркәсібінде алғаш рет іске қосылып отыр. Молибден кенін қайта өңдейтін байыту фабрикасы гидрометаллургия зауытының аумағында рекордтық мерзімде — 96 күнде салынды.

2011 жылы Қазақстан аумағында «Ормандар» тақырыбында «Еуропа» сериясының көркем маркасы пошта айналымына енді. Оның номиналы — 250 теңге, тиражы — 250 мың дана.

2014 жылы Алматы облысы Сарқан қаласындағы № 1 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Евгений Станкевич Швецияның экологтары ұйымдастырған конкурстың жеңімпазы атанды. Марапаттау рәсімі Стокгольмде өтті. Экологиялық журналистика конкурсына Германия, Франция, Канада, Македония, Мальта, Румыния, Словакия, Черногория, Латвия өкілдері қатысты.

2015 жылы ҚР Ұлттық банкі ҚР Қорғаныс министрлігіне «Ұлы Жеңіске 70 жыл» 4776 күміс монетасын қайтарымсыз негізде табыс етті. Оны Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық ардагерлер алды.

2016 жылы Алматыда «Түркі тілдес әлем музыкасы» атты зерттеу тобының V халықаралық симпозиумы ашылды.

2018 жылы Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігінде Ислам әлемінің тарихында алғаш рет 2017 жылы қыркүйекте Астанада өткен ИЫҰ-ның Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінің қорытындыларына арналған Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдер елшілерінің кездесуі өтті.

2023 жылы Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Оңтүстік астана тұрғындарын инженерлік желілерді ауқымды қайта құру күтіп тұр. 2040 жылға қарай 427 млрд теңгеге 2,4 мың шақырым су құбыры желісін, 501 млрд теңгеге 1,1 мың шақырым су бұру желісін, 479,2 млрд теңгеге 161 шақырым жылу желісін салу жоспарланып отыр. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалатын шығын бюджеттік инвестициялар және «инвестицияға айырбас тариф» қағидаты бойынша жаңа тарифтік саясат есебінен жүзеге асырылады.

2024 жылы Елена Рыбакина Германияда өткен WTA турнирінің финалында жеңіске жетті. Шешуші матчта Қазақстанның бірінші ракеткасы украиналық Марта Костюкпен кездесті. Рыбакина бірінші сетті 6-2 есебімен жеңді. Екіншісі де дәл осылай аяқталды. Нәтижесінде Елена турнир жеңімпазы атанды.

2024 жылы Бөкетов университетінің ғалымдары үш қабатты медициналық маскалар үшін тұрақтандырылған күміс нанобөлшектері бар арнайы мата материалын жасап шығарды.

Соңғы жаңалықтар