21 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 21 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

21 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

21 тамыз, БЕЙСЕНБІ Бүгін - орыс актері, КСРО халық әртісі, РКФСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері Юрий Владимирович Никулинді (1921-1997) еске алу күні.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

23 жыл бұрын (1991) Елбасы Жарлығымен республикада Қазақ КСР Қауіпсіздік кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі мақсаты - еліміздің егемендігін, мемлекеттілігін, экономикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 22 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Халықаралық азаматтық авиация ұйымына кірді. 14 жыл бұрын (2000) Алматыда украин халқының ақыны Тарас Григорьевич Шевченконың (1814-1861) ескерткіші ашылды. Ескерткіш салмағы 12 тонна, биіктігі 3,5 метр. Авторы - украин мүсіншісі Виталий Рожик. Оңтүстік астанаға украин халқының сыйлығы Алматы әкімшілігі мен Украин елшілігінің бастамасымен жасалынды.

14 жыл бұрын (2000) Қостанай қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды.

13 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Қызмет» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құру туралы» қаулысы жарық көрді.

10 жыл бұрын (2004) Ә.Қастеев мұражайында «ICOMOS Қазақстанда» атты жаңа қоғамдық ұйымның тұсаукесер рәсімі өтті. ICOMOS мақсаты - әлемдегі мәдени мұралардың сақталуына көмек көрсету. Әлемде 7 мыңға жуық жеке тұлға мен ұйым аталған ұйымның мүшесі. Олар өз қызметтерін 110 елде орналасқан ұлттық комитет желілері арқылы жүзеге асырады. 7 жыл бұрын (2007) Оңтүстік Қазақстан облысында Украин ұлттық-мәдениет орталығы құрылды. Украин мәдениет орталығының басты міндеті - облысты мекен еткен барлық ұлт өкілдерінің арасындағы достықты нығайту. 5 жыл бұрын (2009) Өскеменде «Дала әні» және «Көшпелілер» атты екі жаңа композициялық мүсіндер орнатылды. Мүсіндердің авторы - қазақстанның танымал дизайнері Жанат Елубаева. «Дала әні» - ерекше композиция. Аталмыш мүсінің аталу себебі, ол жерде кішкене ғана жел соққан кезде ерекше бір дыбыс шығаратын камертон орналасқан. Бірінші мүсіннің таяу маңында «Көшпелілер» орналасқан. Бұл шығармалардың басты идеясы - атамұраны насихаттау. 126 жыл бұрын (1888) американдық өнертапқыш Барроуз Уильям Сьюард (Burroughs William Seward) есептеуіш машинасына патент алды. Деректерді енгізу клавиатура арқылы жүргізіліп, нәтижесі қағаз таспаға басып шығарылды. Бұл өнертабысы үшін ол Франклин институтының Джон Скотт медалімен марапатталған.

55 жыл бұрын (1959) Гавай аралдары АҚШ құрамына елдің 50-ші штаты болып қосылды.

ЕСІМДЕР 125 жыл бұрын (1889-1959) опера әншісі, Қазақстанның халық әртісі КАЗАКЕВИЧ Александр Пахомович дүниеге келді. Ресейдің Витебск облысында туған. Санкт-Петербор университетінің физика-математика факультетін бітірген. Санкт-Петербор консерваториясының опера әншілері курсында оқыған. 1923-1924 жылдары - Мәскеудегі Зимин опера театрының әнші. 1925-1930 жылдары - Новосибирск, Пермь, Свердловск, Самара (Куйбышев) опера театрларының әншісі. 1931-1935 жылдары - Санкт-Петербор опера және балет театрының әншісі. 1935-1959 жылдары Алматыда Қазақ опера және балет театрының әншісі болды. Мұнда А.Зильбердің «Бекет» операсында Осиптің партиясын орындаған. Оның репертуарында: Борис (М.Мусогорский «Борис Годунов»), Кончак (А.Бородин «Князь Игор»), Листницкий (И.Дзержинский «Тынық Дон»), тағы басқа партиялар болды. 61 жыл бұрын (1953) педагогика ғылымының докторы, профессор, Халықаралық «Еуразия» экономика академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, білім беру ісінің үздігі ИМАНҒАЛИЕВ Асхат Сәлімұлы дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. Атырау педагогикалық институтын, Ы.Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. 1985-1994 жылдары - Атырау педагогикалық институтының аға оқытушысы, деканның орынбасары, деканы, проректоры. 1994-2000 жылдары - Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болған. Қазіргі қызметінде 2000 жылдан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры болған. Қазіргі уақытта аталмыш университет ректорының кеңесшісі. 2003 жылдан Атырау облыстық мәслихатының депутаты. Бірнеше кітаптың авторы. «Парасат» орденімен, Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталған.

50 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі ҚАЗЫХАНОВ Ержан Хозеұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін, КСРО Сыртқы істер министрлігі жаныдағы Дипломатиялық академияны және Үндістан халықаралық қатынастар институтын бітірген. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің екінші, бірінші хатшысы, бөлім меңгерушісі, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1995-2000 жылдары - Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілдігінің кеңесшісі. 2000-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры. 2003 жылдан Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді. 2008-2011 жылдары - Австрия Республикасындағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі. 2011 жылғы 8 ақпаннан - ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2011 жылғы сәуір айынан 2012 жылдың қыркүйегіне дейін - ҚР Сыртқы істер министрі. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қыркүйектен бері. 46 жыл бұрын (1968) жазушы-публицист, әдеби ыншы МЫРЗАБЕК Амангелді дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1992 жылдан «Арыс» қорында, «Санат» баспасында, Қазақ телерадиосы корпорациясында, Алматы қалалық мәдениет және қоғамдық келісім басқармасында жетекші маман, Қазақстан Мемлекеттік орталық мұражайы аударма бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. «Ақ жауын», «Қарлығаш-дәурен» әдеби сындар, публицистика, эсселер авторы. «Жұлдыз», «Парасат», «Таңшолпан» журналдарында, «Жас алаш», «Егемен Қазақстан», «Өркен», «Алтын орда», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдебиет, саясат, әлеуметтік мәселелер туралы мақалалары, эсселері жарық көрген. Жазушы 1999 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының, 2002 жылғы әдебиет саласындағы «Сорос-Қазақстан» қоры грантының иегері болған. 130 жыл бұрын (1884-1969) Венесуэланың бұрынғы президенті, жазушы ГАЛЬЕГОС Ромуло дүниеге келді. Ол Венесуэланың 38-ші президенті Висент Гомес тұсында сенатор болды, бірақ аз уақыттан кейін қызметтен бас тартып, Испанияға қоныс аударды. 1935 жылы отанына оралып, білім беру министрі болып сайланды. 1948 жылы ақпанда Ромуло Бетанкура тақтан тайғаннан кейін президент болды. Сол жылы қарашада қорғаныс министрі Дельгадо Чальбо оны президенттіктен тайдырды.

Гальегостың «Вьюнок», «Донья Барбара», «Земля под ногами» атты романдары бар. «Донья Барбара» романы әлемнің көптеген тілдеріне ауударылып, оқиға желісімен көркемфильм түсірілген. 1964 жылы Ромуло Гальегос халықаралық сыйлығы тағайындалды.

79 жыл бұрын (1935) баскетболдан КСРО және Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО Денешынықтыру ісінің үздігі ЮМАШЕВ Шора Қадырұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысы Қордай ауданы Ақтерек ауылында туған. 1974-1981 жылдары Алматының жоғары мастерлер лигасында ойнаған «Университет» құрама командасының жаттықтырушысы болды. «Университет» құрама командасы КСРО біріншілігінде 6 орынға, Вильнюсте өткен КСРО халықтары VІІ Спартакиадасында 4 орынға ие болған. 1984-1987 жылдары Ангола Республикасы құрама командасының жаттықтырушысы қызметін атқарды. 1987 жылдан Қазақстан Республикасы Спорт, және туризм министрлігінің спорт комитетінің бас жаттықтырушысы, бас хатшысы, Қазақстан Республикасы баскетбол Федерациясының вице-президенті қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Алматы қалалық баскетбол федерациясында және республикалық спорттық шеберлiктiң жоғары мектебiнде жұмыс істейді.

37 жыл бұрын (1977) «Цеснабанк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары АЛДАШОВ Марс Бақтиярұлы дүниеге келді.

Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогикалық университетін, Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін және оның магистратурасын бітірген, қаржыгер, заңгер, экономика магистрі. 1998-2001 жылдары - ҚР Ұлттық банкінде жетекші маман, бас маман. 2001-2004 жылдары - «Қазақстандық Ипотекалық компания» АҚ-да бас маман, бөлім бастығы, қазынашылық директоры, Басқарма мүшесі. 2004-2006 жылдары - ҚР қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің департамент директорының орынбасары.2006-2007 жылдары - «Цеснабанк» АҚ-да басқарушы директор. Қазіргі қызметінде 2007 жылғы мамыр айынан бері.

67 жыл бұрын (1947) ҚР БҒМ Математика институтының бас ғылыми қызметкері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА мүше-корреспонденті, америкалық ғылыми кеңестің құрметті кеңесшісі, Америка математика қоғамының мүшесі ЖЕҢСІКБАЕВ Александр Әліпқанұлы дүниеге келді.

Болгарияда туған. Днепропетров мемлекеттік университетін бітірген, осы оқу орнында ассистент, ҚазМУ математикалық талдау кафедрасында аға оқытушы, доцент, меңгеруші болды. 1994-1997 жылдары - ҚР ІІМ Алматы жоғарғы техникалық училищесінде бастықтың ғылым жөніндегі орынбасары. 1997 жылы - ҚазМУ-да кафедра меңгерушісі. 1997-1999 жылдары - ҚР ҒМ - ҒА-да ғылыми кадрларды аттестау департаментінің директоры. 1999-2000 жылдары - «Жоғарғы аттестациялық комиссия» РМКК төрағасы. 2008 жылдың маусымынан - ҚазМУ математикалық талдау кафедрасының меңгерушісі. 2000 жылдың тамызынан - ҚР БҒМ Математика институтының директоры. Ғылыми кітаптардың 70-тен аса ғылыми жарияланымдардың авторы. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 79 жыл бұрын (1935) кеңестік және ресейлік ақын-әндер авторы Юрий ЭНТИН дүниеге келді.