21 жасқа толмағандарға ішімдік сатқандарға салынатын айыппұл мөлшері артады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімдерін сататындар үшін айыппұл көрсеткішін екі есеге арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеуге арналған заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.
«Жалпы, қолданыстағы заңнамада спирттік ішімдіктерді 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынған. Дегенмен, мұндағы айыппұл мөлшері тым аздау. Мәселен, ондай заң бұзушылыққа барғандар үшін жеке тұлғаларға - 5 айлық есептік көрсеткіш, шағын және орта кәсіпкерлерге - 40 айлық есептік көрсеткішпен қоса қызметтік лицензияларын тоқтату қарастырылады. Бұл тым «жұмсақ». Соның салдарынан спирт ішімдіктерін 21 жасқа толмағандарға сату фактілері азаймай отыр. Айталық, 2011 жылы мұндай 1 894 факті тіркелсе, 2012 жылы - 1 925, 2013 жылы 2 108 оқиға орын алды», - дейді вице-министр Ардақ Теңгебаев.
Осыған орай, жаңа заң жобасында алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмағандарға сатқаны үшін айыппұл мөлшерін екі есеге көбейту арқылы санкцияны қатаңдату ұсынылады. Сонымен қатар, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру және қайталанған жағдайда одан айыру санкциясы күшінде қалады.