21 желтоқсанға арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. ҚазАқпарат - 21 желтоқсанда Қазақстан аймақтарының басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты тұрақсыз ауа райы сақталады.
Кей жерлерде қар жауады, тұман, көктайғақ, бұрқасын болып, жел күшейеді, тек оңтүстік шығыс аумақтарда ауа райы - жауын-шашынсыз, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-қа сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде бұрқасын соғып, желдің екіпін 15-20 м/с күшейеді.
Павлодар облысында 15-20 м/с жылдамдықпен соққан желдің екпіні 25 м/с артады, күндіз кей жерлерде бұрқасын болады.
Қарағанды облысының жекелеген жерлерінде бұрқасын, тұман болып, желдің жылдамдығы 23 м/с күшейеді.
Қостанай облысының кей аумақтарында бұрқасын, тұман күтіледі, түнде және таңертең 15-20 м/с екпінде жел болады.
Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде жаяу бұрқасын, түнде 15-20 м/с жылдамдықта жел болжанады.
Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болып, күндіз жел 15-20 м/с күшейеді.
Жамбыл облысының жекелеген аумақтарында тұман, көктайғақ күтіледі.
Алматы облысында түнде және таңертең кей жерлерді тұман басады.