216 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия 216 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындады.
Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен өткен аталған комиссияның отырысынан кейін БАҚ өклідеріне сұхбат берген ҚР БҒМ Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлім етті.
Оның атап өтуінше, комиссия отырысында жалпы «Болашақ» бағдарламасының аясында ағымдағы жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары егжей-тегжейлі қаралған. Сонымен қатар осы жылы түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі де сөз болып, оларды жұмысқа орналастыру бойынша нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер туралы баяндалған.
«Бүгінгі республикалық комиссияның қорытындысы бойынша 216 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Бұл азаматтардың 56-сы шетелдік жоғары оқу орындарына өз беттерімен түскен үміткер, ал қалғандары жалпы конкурс аясында қатысып отыр», - деді ол.
Министрлік ақпаратына сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегі мен 8 желтоқсаны аралығында өткізілген конкурстық іріктеудің 1 және 2 кезеңдерінің нәтижелері бойынша 389 азамат «Болашақ» бағдарламасынан үмітті болған. Олардың 159-ы Ұлыбританияда, 91-і АҚШ-та, 34-і Ресейде, 19-ы Германияда оқуға құжат тапсырған. Ал қалған үміткерлер Франция, Италия, Австралия, Қытай, Нидерланды, Норвегия, Чехя, Канада, Словакия, Австрия, Швейцария елдерін таңдаған.