22 ақпан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 22 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық қылмыс құрбандарына қолдау көрсету күні
1990 жылғы ақпанның 22-інде Англияның үкіметі «Қылмыс құрбандарының хартиясын» жариялады. 1985 жылы қыркүйекте БҰҰ-ның жетінші конгресі қылмыс құрбандары мен билікті пайдаланғандар үшін Әділеттіліктің маңызды қағидалары декларациясын бекітті. Осы жылдың 29 қарашасында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бұл Декларацияны қабылдады. Жыл сайын атап өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1996 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Алматы облысы аумағында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық паркі құрылды. Парк Шамалған өзенінен Түрген өзеніне дейін созылып жатыр. Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының аумағында орналасқан. Паркте өсімдіктің 1200-ден аса түрі өседі. Оның 36-сы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Омыртқасыздардың 1500, омыртқалы жануарлардың 213 түрі тіршілік етеді. Соның ішінде сүтқоректілердің 47, бауырымен жорғалаушылардың 8, қосмекенділердің 2, балықтың 8, құстың 148 түрі бар. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген сүтқоректілерден: Орта Азия тас сусары, барыс, сілеусін, Тянь Шань арқары, үнді жайрасы, сабаншы тіршілік етеді. Құстардан: бүркіт, сақалтай, жұртшы, ителгі, құмай, бидайық, орақтұмсық; балықтан: патшабалық (бақтақ) бар.
2005 жылы Қазақстанда жаңа аймақтық қоғамдық бірлестік - Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіптік одағы құрылды. Одақты құру туралы шешім ақпанның 22-сінде Атырауда өткен кәсіподақтық конференцияда қабылданды. Жаңа кәсіподақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен және мұнай саласында жұмыс істейтін басқа да республикалық шаруашылық құрылымдармен, атқарушы өкімет органдарымен өзара іс-қимылды басымдықты мәселе ретінде қарастырып, олармен тарифтік келісім жасады. Жаңа бірлестіктің қызметі Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қазақстанның басқа да облыстарындағы мұнай-газ кәсіпорындарының кәсіподақ ұйымдарын қамтиды.
2006 жылы Астанада Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен әйелдердің бірінші Еуразиялық саммиті өтті. Оған АҚШ, Норвегия, Германия, Испания, Болгария, Оңтүстік Африка Республикасы, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан сияқты әлемнің 20-дан астам елдерінің қоғамдық, саяси және сауда ұйымдарының 400-ге жуық жетекшісі мен өкілдері қатысты. Жиында әйелдердің қоғамдағы саяси мәселелерге ықпалы, жаһандану процесіндегі әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері, әйелдер мен отбасының әлеуметтік мәртебесі сияқты бірқатар маңызды мәселелер талқыланған.
2006 жылы ҚР Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды.
2007 жылы Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде ҚазШах ойынына арналған шахмат клубы ашылды. Ойынның авторлық құқығы патенттелген және ол Азат Байсеркеевке тиесілі. Мамандар ҚазШах-ты үшінші мыңжылдықта адамзат баласы ойлап тапқан ең интеллектуалды жаңа ойындардың бірі деп санайды. Өнертапқыштың айтуынша, бұл ойынның классикалық шахматтан айырмашылығы онда 128 торкөз бар, фигуралары төрт түсті және және 4 адам, екі командаға бөлініп те ойнай алады.
2010 жылы Астананың мемлекеттік архивіне Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві Екінші дүниежүзілік соғысқа бұрынғы Ақмоладан барған атқыштар дивизиялары жайындағы бірқатар құнды құжаттарды берді.
2012 жылы Алматы қаласындағы №120 гимназияда танымал қазақстандық режиссер, сценарийші және актер Мәжит Бегалиннің мұражайы ашылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жәдігерлер арасында әйгілі кино саңлағының тұтынған заттары мен киімдері де бар. Мәжит Сапарғалиұлы Бегалин 1922 жылы 22 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Дегелең ауылында өмірге келген. 1978 жылы 5 мамырда Алматыда 56 жасында дүниеден озды.
2016 жылы «National Geographic» журналының қазақ тіліндегі алғашқы саны жарыққа шықты. Бұл - елімізде мемлекеттік тілде таралатын тұңғыш шетелдік басылым. Басылымның алғашқы санында Қазақстандағы өзекті экологиялық проблемаларға назар аударылды. «Арал тағдыры - адам тағдыры» деп аталатын мақалада ғаламшарымыздың ең үлкен су қоймасы, Орталық Азияның маңызды стратегиялық нысаны - Арал теңізінің бүгінгі жай-күйі баяндалған.
2017 жылы Қырғызстандағы қазақ диаспорасының бастамасымен республикада алғаш рет қазақ тілінде «Ағайын» журналы жарық көрді. Басылымның құрылтайшысы - Қырғызстандағы белгілі дәрігер Болат Шалабаев.
2018 жылы Астанада Әйелдер күресі академиясы ашылды. Спорттық кешеннің ашылуына Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы мұрындық болған.
2019 жылы Мысырдың Egyptsat-A спутнигін орбитаға алып шығатын «Союз-2» тасымалдаушы зымыраны Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылды.
2019 жылы Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы жылы аясында Ташкенттегі «Тимур әулетінің тарихы» мемлекеттік мұражайында «Ұлы Дала мұрасы» атты көрме ашылды.
2020 жылы Дохада стендік атыстан Qatar Open атты ірі халықаралық жарыс өтті. Юниорлар арасындағы жарыста қазақстандық Эдуард Ещенко алтын медаль жеңіп алды. Ол сондай-ақ скитте де бірінші болды.
2021 жылы Өскеменде өткен Қазақстан чемпионатында ел рекорды орнатылды. Оның авторы 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруде жеңіске жеткен Давид Ефремов болды. Спортшы оны 7,65 секундта жүгіріп өтті.
2022 жылы елордада ағартушы, лингвист, аудармашы, түркітанушы, Алаш партиясының мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына арналған жеке веломарафон өтті. Велошерудің бастамашысы әрі қатысушы қарағандылық Ернат Мелсұлы 150 шақырымды 9 сағат 56 минутта бағындырды.
Велошеру Қазақстанның рекордтар кітабына алғашқы қысқы веломарафон ретінде енді.
2022 жылы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары қыста жолдар мен тротуарларды тазалауға арналған тиімділігі жоғары және энергияны үнемдейтін құрал ойлап тапты. Ол жолдар мен тротуарлардың бетін сақтап, адамдарды құлаудан сақтайды. Қазірдің өзінде бірнеше кәсіпорынның базасында мұзжарғыштар жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, отандық өнім бұрын қолданылған шетелдік аналогтардан бірнеше есе арзан.