22 қараша. Тұлғалар туған күн
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 22 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
84 жыл бұрын (1940) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, танымал айтыскер ақын Надежда Андреевна ЛУШНИКОВА дүниеге келді.

Алматы облысы Қаскелең ауданында туған. Қазақ арасында тәрбиеленіп, қазақша оқып, білім алған. Қызылордадағы М. Мәметова атындағы педучилищені, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Жазба әрі суырып салма ақын.
1963 жылы Қызылордада облыстық айтысқа қатысып жүлдегер болған. Шымкенттік Қалдыбек Әліқұловпен айтысы киноға түсірілді («Айтыс», режиссері Т. Дүйсебаев). Жамбыл аудандық, Алматы облыстық айтыстарға қатысып, қарсыластарын жеңген. 1985 жылдан Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ү. Кәрібаев мұражайының бас ғылыми қызметкері, директоры қызметтерін атқарған.
Алғашқы өлеңдері Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде 1958 жылы жарияланды. Өлең-жырларының жинағы екі дүркін жеке жинақ болып («Елім менің», «Көңіл хошы») басылды. Сол жинағы үшін Қазақстан комсомолының сыйлығы берілген. «Сағынарсыңдар мені де», «Қазақтың бір қызымын» атты кітаптары жарық көрген.
Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.
60 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ғазиза Шәмшідінқызы МҰСАБЕКОВА дүниеге келді.

Жамбыл облысы Меркі ауданы Кузьминка ауылында туған. 1981 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Заң факультетіне оқуға түсіп, 1986 жылы университетті үздік бітірді.
Еңбек жолы: 1986-1987 жылдары Жамбыл қаласы Орталық ауданында Заң кеңесінен адвокат болып тағлымдамадан өтті. 1995 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданындағы жекеменшік «Сраилов» адвокаттық кеңсесінде адвокат болып қызмет атқарды. 1996-2005 жылдары Жамбыл облысы Меркі аудандық сотының судьясы, 2005 жылы Жамбыл облыстық сотының судьясы, 2010 жылы Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының төрайымы болып тағайындалды. 2011 жылы ҚР Президентінің жарлығымен Жамбыл облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрайымы қызметін атқарды. 2012-2015 жылдары Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрайымы болды.
Қазіргі қызметін 2015 жылғы желтоқсан айынан атқарып келеді.
59 жыл бұрын (1965) ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің вице-президенті, жүзуден Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Паралимпиада құрамасының капитаны Зүлфия Раухатовна ГАБИДУЛЛИНА дүниеге келді.

Жамбыл облысы Тараз қаласында дүниеге келген.
Спорттық қызметі: 1991 жылы мүгедектер арбасында жүгіруден бірінші президенттік жарысқа қатысушы, төрт бірінші орынды иеленді, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода 100 метрге еркін жүзуден Қазақстан тарихындағы алғашқы Жазғы Паралимпиада ойындарының медалін жеңіп алды, 2017 жылы Мексикадағы Әлем чемпионатының чемпионы және күміс жүлдегері, әлем чемпионаттарында 14 алтын, 10 күміс, 6 қола медаль иегері (Берлин-2018, Лигнано Саббьадорро-2019, Берлин-2019, Льюисвилл-2021, Берлин-2021), III Азия Пара ойындарының чемпионы және 2 күміс және 1 қола медаль иегері (Джакарта-2018), ҚР V Паралимпиада ойындарының үш дүркін жеңімпазы (Ақтөбе-2019), «Токио-2020» 16-шы жазғы Паралимпиада ойындарының қатысушысы, IWAS Дүниежүзілік ойындарының үш дүркін күміс және қола жүлдегері (Вила-Реал-де-Санта-Антонио-2022), ҚР VI Жазғы Паралимпиада ойындарының үш дүркін жеңімпазы (Ақтөбе-2023), IV Жазғы Азия Пара ойындарының қола жүлдегері (Ханчжоу-2022), 2022-2023 жылдары – ҚР Ұлттық Паралимпиада комитеті Атқару комитетінің мүшесі, мүмкіндігі шектеулі спортшылардың өкілі.
43 жыл бұрын (1981) «NUR Media» холдингінің бас директоры Бақтияр Мәкенұлы МӘКЕН дүниеге келді.

2003 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетін, 2009 жылы Монтана-Миссула университетін (АҚШ) («Болашақ» бағдарламасының стипендиаты) бітірген.
Еңбек жолы: 2003 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жастар істері комитетінің мәдени ұйымдастырушысы болды, 2006 жылға дейін осы жоғары оқу орнында жастар істері комитеті төрағасының орынбасары, жастар ұйымының төрағасы қызметтерін атқарды. 2003-2006 жылдары «Қазақстанның ауыл жастары одағы» ҚБ тең төрағасы, 2004-2007 жылдары «Қазақстанның жастар конгресі» заңды тұлғалар ұйымы төрағасының орынбасары, 2005-2007 жылдары «Жасыл ел» жастар-еңбек жасақтары республикалық штабының менеджері болып еңбек етті. 2009-2010 жылдары Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының жастар ұйымдарымен және ЖОО-лармен жұмыс бөлімі бастығының міндетін атқарушы, 2010-2012 жылдары Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасы бастығының міндетін атқарушы, басқарма бастығы, 2012 жылдан Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы, 2013-2016 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2016 жылы VI шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, 2019 жылдың шілде айынан Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары, 2019-2022 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары болды.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың сәуір айынан атқарып келеді.
39 жыл бұрын (1985) Қарағанды облысы мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Қанат Маратұлы МАҚАЖАНОВ дүниеге келді.

2008 жылы Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2008 жылы ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының жеке еңбек шарты бойынша статист маманы, 2008-2009 жылдары ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының (бөлім құқығындағы) халықтың пікірін зерделеу және құқықтық құбылыстарды болжау талдау орталығының прокуроры, 2009 жылы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының Құқықтық құбылыстарды талдау және болжау департаментінің прокуроры болып қызмет атқарған. 2009-2012 жылдары Қарағанды қаласы Бұқар жырау ауданы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдылықты қадағалау прокуроры, 2012 жылы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының Теміртау қаласы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдылықты қадағалау жөніндегі аға прокуроры, 2012-2014 жылдары Қарағанды қаласы Октябрь ауданы прокурорының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау жөніндегі көмекшісі, Қарағанды облысы прокуратурасы, 2014-2016 жылдары Қарағанды облысы прокуратурасы сот актілерінің заңдылығын қадағалау және қылмыстық істер бойынша мемлекеттік мүдделерді білдіру бөлімі Қарағанды қаласы Октябрь ауданы прокурорының көмекшісі, 2016-2017 жылдары Қарағанды облысы прокуратурасының Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңдылықты қадағалау бөлімінің аға прокуроры, 2016-2021 жылдары Атырау қалалық сотының судьясы лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметін 2021 жылдың шілде айынан бері атқарып келеді.
106 жыл бұрын (1918-1987) ақын, жазушы, әдебиет сыншысы Тәкен (Тәңірберген) ӘЛІМҚҰЛОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. Мәскеудегі әдебиет институтын бітірген. Шымкент қорғасын зауытында жұмыс істеген.
Еңбек жолы: 1945-1974 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болған.
Шығармалары 1945 жылдан жариялана бастаған. Алғашқы өлеңдер жинағы «Сапар» деген атпен 1950 жылы жарық көрген. Қаламгердің «Жазғы жаңбыр», «Қаратау өрнектері» өлеңдер мен поэмалары, «Сейтек сарыны», «Туған ауылда», «Күрең өзен», «Кертолғау», «Шежірелі сахара», «Көкек айы» әңгімелер мен повестер жинағы, «Ақбоз ат», «Тұлпардың тағдыры», «Ел мен жер», «Замана екпіні» романдары шыққан. Абай Құнанбаев туралы «Жұмбақ жан» зерттеу еңбегін жарыққа шығарған. Көркем аударма саласында М. Лермонтовтың «Измаил бей» поэмасын, П. Павленконың «Бақыт», Г. Николаеваның «Орақ үстінде» романдарын, Э. Сент-Экзюперидің «Кішкентай шаһзада» ертегісін, сондай-ақ А. Пушкиннің, В. Маяковскийдің, Низамидің өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған.
«Халықтар достығы» орденімен марапатталған.