22 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 22 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

22 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

22 қазан. СӘРСЕНБІ

Дағыстанның Мемлекеттік мейрамы - Ақ тырналар мерекесі. Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатовтың бастамасымен, поэзия мерекесі ретінде соғыс даласында мерт болған барлық жауынгерлердің рухын ардақтау мақсатында жиырма жылдан астам уақыт атап өтілуде.

Ресей жарнама қызметкерлерінің күні. Барлық жарнамашылар, осы саладағы нарық пен қоғаммен жұмыс (PR) жүйесіндегі қызметкерлер мейрамы.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

23 6 жыл бұрын (1778) Ресей патшасы қазақ жеріне Абылайды хандыққа бекіткен куәлік хатымен қоса ханға арналған тәж, тон және әскери қылыш жіберді.

9 3 жыл бұрын (1921) Алматыда алғашқы конькишілер ұйымы құрылды.

4 8 жыл бұрын (1966) Алматы ішімен ағып өтетін Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің лай тасқынынан қаланы қорғау мақсатында Медеу шатқалында жарылыс жасалды. Қопарылыс нәтижесінде көлемі 5 млн. м³ тау жыныстары шатқалға бағыттала құлатылып, биіктігі 107 метр, ені 400 метр сыйымдылығы 6,2 млн. м³ бөгет жасалды. Бөгет 1973 жылы пайдалануға беріліп, сол жылы орын алған аса қауіпті тасқыннан қаланы қорғап қалды. Осыдан кейін бөгет беріктігін арттыра түсу және бастапқы жобалық мөлшердегі сыйымдылығын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Соның нәтижесінде 1974 жылы бөгеттің биіктігі 125 метрге, ал табанының жалпақтығы шамамен 600 метрге, жалпы көлемі 6 млн. м³-ден астам тасқынға тосқауыл болатын дәрежеге келтірілді. Ал 1980 жылы бөгеттің биіктігі 150 метрге, ені 800 метрге, сыйымдылығы 12,6 млн. м³-ге дейін жеткізілді. Медеу бөгетін жасауда пайдаланылған қопарылыс өзіне дейін дүниежүзілік тәжірибеде бұрын-соңды іске асырылмаған бейбіт мақсаттағы ең ірі қопарылыс болды.

1 1 жыл бұрын (2003) Шымкентте жаңа Спорт сарайы ашылды.

7 6 жыл бұрын (1938) америкалық өнертапқыш Честер Карлсон құжаттардың көшірмесін жасайтын құрал ойлап тапты. Екі жылдан кейін өз жаңалығына патент алды. 1947 жылы бұл құралға қызығушылар да табылды. 50-ші жылдары алғашқы аппараттар саудаға түсті.

1 5 жыл бұрын (1999) Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Мәдениет селосында Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені ашылды. Салынған кешен Қазақ халқының мызғымас достығы мен бiрлiгiнiң нышаны болып табылады. Конус тәрiздi 16-метрлiк мұнараларды олардың арасында орналасқан үмiт пен сенiмнiң тiрегi - мешiт қосады. Кешеннің сәулетшілері - Б.Ыбыраев пен С.Ағытаев.

10 жыл бұрын (2004) Сауд Арабиясы астанасы Әр-Рияд қаласында «Нәзір Төреқұлов - КСРО-ның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі өкілетті төрағасы» атты кітабы жарық көрді. Кітап араб тілінде жазылған, оған Н.Төреқұловтың күнделігі мен хаттары енген. Нәзір Төреқұлов - 1928-1932 жылдары КСРО-ның Сауд Арабиясындағы дипломатиялық агент және бас консул, 1932-1936 жылдары сол елдегі Кеңес Одағының Төтенше және Өкілетті Елшісі болған. Оның хаттары мен күнделіктерін оқи отырып Н.Төреқұловтың өз қызметінің мәнін жақсы меңгерген көрнекті қайраткер екенін түсінуге болады.

10 жыл бұрын (2004) Петропавл қаласында «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-да «Под грифом «Совершенно секретно» атты кітаптың тұсау кесер рәсімі өтті. Авторы - зауыттың бұрынғы бас директоры, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Инженерлік Академиясының корреспондент-мүшесі Владимир Ефремов. Кітапта КСРО Қарулы Күштеріне зымыран кешендерін шығарып келген және жасырын болып келген бұрынғы ірі одақтық өнеркәсіп зауытының салыну тарихы мен жұмыс істеу барысы баяндалған.

9 9 жыл бұрын (1915) Семейдің теміржол вокзалы ашылды. Семей вокзалының тарихы 1915 жылы қазанда осында Новониколаевтан алғашқы пойыз келген күннен басталады.

Осы жылдар ішінде ол екі рет күрделі жөндеуден өтті. Өз тарихында миллиондаған жолаушыларды қабылдап, шығарып салды.

9 жыл бұрын (2005) Көкшетаудың «Жайлау» ықшамауданында медресе ашылды. Дiни мектептiң ашылуына қолдау көрсеткендер «Науан хазірет» мешіті және «Қайрат» қайырымдылық қоры. Медресе оқуға, бес уақыт намазға арналған бөлмелермен жабдықталған және онда асхана мен демалыс бөлмелері бар.

9 жыл бұрын (2005) Алматы «А-club» спорттық-сауықтыру орталығы ашылды.

«А-club» спорттық-сауықтыру орталығы Алматы орталығының маңындағы Ремизовск шатқалында орналасқан бұрынғы Демалыс үйінің орнында салынған.

9 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Техникалық жәрдемдесу мен ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді бекіту туралы» және «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.

7 жыл бұрын (2007) Павлодарда Төлеубек Қоңыровтың «Бөкейханнан Баубекке дейін» атты жаңа кітабы жарық көрді. Жергілікті журналистика ардагерінің кітабында жерлестері мен Ұлы Отан соғысына қатысушылар жайында очерктер, әскери буын балалары жайындағы әңгімелер басылған. Баспада жарияланған сұхбатта 70 жастағы автор өмірі мен шығармашылық жолы, облыстық «Сарыарқа самалы» газетіндегі қызметі жайында айтып береді.

7 жыл бұрын (2007) Шымкентте жастар діни білім алатын жаңа оқу орны ашылды. Бұл - бозбалалар мен бойжеткендер қатар білім ала алатын алғашқы діни мекеме. Оқудың ұзақтығы 2,5 жыл. Жаңа медресенің өз жатақханасы, кітапханасы, компьютерлік сыныбы, спорттық залы және мешіті бар.

5 жыл бұрын (2009) «Ақтөберентген» АҚ-ның жетекші инженері Иван Кисельниковтың басшылығымен «Санжар» атты бірегей кішідозалы флюрографиялық рентген аппараты ұсынылды. Мұндай бірінші аппарат облыс орталығының ауруханаларына қойылды.

Бұл жоғары технологиялық аппараттын бірегейлігі соншалық, онда алғаш рет сканерлік рентгендік тексеру амалы қолданылды, бірақ қаралушы адамның күнделікті мөлшерінен аспайтын микроскопиялық сәулеге шалдығады. Жаңа аппаратта сәулеге шалдығудан қорықпай, флюрографияны жылына 200 рет түсуге болады. Бұл аппаратта алдын алу мақсатында әдеттегіден жиі балаларды, жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді тексеруге болады.

Аппараттың басқа ерекшеліктерінің ішінде жоғары қарама-қарсы болып тұрған сезгіштік, рұқсат етілетін қабілеттілігі, динамикалық диапазон және сканерлік өрісі көбеюі болып табылады. Аппараттың құрылымы адам ағзасының барлық мүшесін түсіруге мүмкіндік береді және жұмсақ ұлпаларды, сүйек құрылымын бір суреттен қарауға болады. Сканерлік өрісі 1200 мм дейін көбейген, ал жәй аппараттар 400-де 400 мм ғана болады. Аппаратқа тиісті сертификат берілген.

5 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталды.

2 3 жыл бұрын (1991) Люксембургте Еуропа қоғамдастығы мен Еуропа еркін сауда қауымдастығы арасында Еуропалық экономикалық кеңістік құру туралы келісімге қол қойылды.

4 жыл бұрын (2010) Астанадағы ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында Германия Археология институтының «Орталық Азиядағы археологиялық зерттеулер» атты ашық фотокөрмесі басталды.

Көрмеде Орталық Азияда зерттеу жүргізген археолог мамандардың еңбек нәтижелерін қамтитын 50-ге жуық бірегей фотосуреттер мен каталогтар ұсынылып отыр. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданында табылған 47 құнды жәдігер қойылған.

ЕСІМДЕР

13 6 жыл бұрын (1878-1924) ақын ШОРАЯҚҰЛЫ Омар дүниеге келді.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Ауыл молдасынан сауат ашып, кейін өз бетінше білімін толықтырған. Он алты жасынан өлең шығара бастаған. Ал алғашқы өлеңдерінде («Сөйле, тілім, жосылып», «Шығарған сөзім шырайлы», «Өмір өрнектері», т.б.) ақындық пен сөз өнерін жырға қосты. «Аталық кеңес», «Жастарға өсиет» өлеңдерінен ұлттық тәлім-тәрбие тағылымы танылады. Діни тақырыптағы «Барамыз байтақ орынға», «Әмманың ажал тағдыр мұрасындай», «Айналайын атыңнан», «Әуелі аспан менен жер жараттың», «Жәрдемші Жаппар атты жалғыз елге», т.б. жырлары мұсылмандықты насихаттап, адамгершілікті уағыздайды. Оның адалдықты үлгі ететін («Жарлы Тәліп», «Қара шекпен»), әйел махаббатының құдіретін ұлықтайтын, зұлымдықтың зардабын сөз еткен («Үш күлше») дастандарымен қатар ислам дінінің қалыптасуы мен таралуын қамтитын, діни-ағартушылық бағыттағы «Мұхаммед», «Мағауия», «Хақ Сүлеймен», «Калимулла», «Әбу Шахыма» сияқты жыр дастандары сақталған. «Тау еліне» атты тарихи хат-дастаны - қазақтың мәдени дәстүрінің өркендеуін мазмұндаған эпикалық шығарма. Ақынның Таубайдың Жүсібімен, Нұрмақанмен, Қарасақал Ерімбетпен жазбаша айтыстары, сондай-ақ, әдебиет тарихында «Алты ақынның өмір туралы айтысы», «Шәкей сал мен алты ақын» деген атпен белгілі сөз сайыстары сақталған. Оның шығармалары туралы алғаш рет М.Байділдаев «Ақындар творчествосы» атты кітабын жазды. Ақын өлеңдері «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары», «Үш ғасыр жырлайды», «Айтыс», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай», «Қазақ поэзиясының антологиясы» атты жинақтарда жарияланған.

9 1 жыл бұрын (1923-1989) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ИБРАГИМОВ Шавкат Шигабутдинович дүниеге келді.

Татарстанның Қазан қаласында туған. Қазан авиация институтын, Мәскеу болат және қорытпалар институтының аспирантурасын бітірген. Мәскеу және Қазан авиация зауыттарында қызмет істеген. 1956-1969 жылдары КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Атом энергиясын пайдалану жөніндегі мемлекеттік комитетінің Обнинск қаласындағы Физика-энергетика институтының аға ғылыми қызметкері, лаборатория меңгерушісі болған. 1969-1989 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының Ядролық физика институты директорының орынбасары, директоры, зертхана меңгерушісі, Қазақстан Ғылым академиясының вице-президенті қызметтерін атқарды. Негізгі ғылыми еңбектері қатты дененің радиациялық физикасы мен радиациялық материалтануға, ядролық сәуле мен заттың өзара әсерлесуін және сәулемен әсер еткенде материалдардың физикалық-химиялық қасиеттері мен құрылымының өзгерісін зерттеуге, сондай-ақ, ядролық физика мен ядролық энергетика мәселелеріне арналған.

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен марапатталған.

8 1 жыл бұрын (1933-2003) жазушы-драматург САТАЕВ Амантай дүниеге келді.

Ақмола облысының Ерейментау ауданында туған. Мәскеудің тарихи мұрағат институтын, Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтының драматургия бөлімін бітірген.

Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды» газетінде, республикалық «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» басылымдарында, «Қазақфильм» студиясында редактор, Тың өлкесіндегі телевидениеде әдеби-драмалық редакциясында аға редакторы қызметтерін атқарған. 1969 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағында драматургия және кинодраматургия секциясының меңгерушісі болған. Қаламгер «Дала күйлері», «Белгілі белестер» киносценарийлердің, «Ақ бөпе», «Ботагөз», «Бір шаңырақ астында», «Ажал вагонының тұтқыны» пьесаларының, «Аққуды атпас болар», «Ақын ізі» новеллаларының, «Қырық қарлығаш» повестер мен әңгімелердің авторы. Драмалық шығармалары театр сахналарында қойылып, «Бір шаңырақ астында» пьесасы орыс және грузин тілдеріне аударылып, басылып шығарылған.

7 1 жыл бұрын (1943) физика математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЖОТАБАЕВ Жеңіс Рахметұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Томск электромеханикалық көлік инженерлері институтын бітірген. Қазақстан Ғылым академиясы Ядролық физика институтының инженері, аға инженері, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1994-2000 жылдары Атом энергиясы институты Алматы бөлімшесінің директоры, институт директорының орынбасары, директоры болған. 2000 жылдан бастап «Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары болып істеді. Ғалымның 85-тен астам ғылыми еңбегі жарық көрген.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

90 жыл бұрын (1924) әйгілі қазақ жазушысы, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі НҰРПЕЙІСОВ Әбдіжәміл Кәрімұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Қызылорда облысы Арал ауданында туған. Мәскеудегі М.Горкий атындағы әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған. 1992-2000 жылдары Қазақ ПЕН-клубының президенті қызметін атқарған. 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Тұңғыш шығармасы - Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрген. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілген. «Курляндия» романын кейіннен өңделіп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жарияланған. «Қан мен тер» трилогиясы және «Сең», «Соңғы парыз» романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. «Қан мен тер» трилогиясы орыс, француз, испан, чех, румын және түрік тілдеріне аударылған. Осы роман бойынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан тұрақты орын алып, экранға шығарылған. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шыққан. 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрген. А.Чеховтың, М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

1974 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанған.

Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен, РКФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған.

14 4 жыл бұрын (1870-1953) орыс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты БУНИН Иван Алексеевич дүниеге келді.

Ресейдің Воронеж қаласында туған. Ол әдеби қауымға 1887 жылы жарыққа шыққан алғашқы көркем дүниелерімен-ақ таныла бастаған. «Күзгі жапырақтар» жинағы үшін 1901 жылы Ресей Ғылым Академиясының А.С. Пушкин атындағы сыйлығын алды. «Антонов алмасы», «Қарағайлар», «Жаңа жол» атты шығармалар жинағын да оқырман қауым жылы қабылдаған. Өмірінің соңғы сәттерінде жазылған естеліктер мен мақалалары 1990 жылы Мәскеуде «Советский писатель» баспасынан «Окаянные дни» деген атпен жарық көрді. Кеңес өкіметін, большевиктер билігін өмір бойы мойындамай өткен Бунин кеңес жазушылары, кеңес қоғамы туралы өзінің шынайы ойларын аталмыш кітапта жан-жақты жазып қалдырған.

Оның «Не пугай меня грозой» деген өлеңін Абай «Қорқытпа мені дауылдан» деген атпен қазақ тіліне аударған. Жазушының «Антонов алмасы» жинағы Ғ.Қайырбеков аудармасымен қазақ тілінде жарық көрді.

8 9 жыл бұрын (1925-2006) қазақ экономисі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды қаласының құрметті азаматы ҚАШЫҚОВ Шағатай Қашықұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Семей педагогикалық институтын (қазіргі Семей мемлекеттік педагогикалық институты), және С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын (қазірігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1947-1960 жылдары Қарағанды облыстық халық ағарту мекемелерінде істеген. 1960-1965 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті, 1965-1991 жылдары Қарағанды политехникалық институты (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) кафедрасының меңгерушісі, 1991-2004 жылдары профессоры болып қызмет атқарған.

Ғылыми жұмысының негізгі бағыты - жиынтық қоғамдық өнімнің ұдайы өндіріс процестерін зерттеу және социализм кезіндегі мемлекет пен оның кәсіпорындары арасындағы таза өнімді бөлу.

«Структура и темпы роста национального дохода», «Модификация чистого продукта в распределительные формы национального дохода» атты шығармаларының авторы.

І-інші дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

5 3 жыл бұрын (1961) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің, Қазақстан аграрлық партиясының төрағасы МӘДИНОВ Ромин Ризаұлы дүниеге келді.

Бұрынғы Көкшетау облысының Қызыл Ту селосында туған. Омбы мемлекеттік университетін (1988 ж.) Ресей Үкіметінің жанындағы Халық шаруашылығы Академиясын, МВА (2008ж.) бітірген, заңгер. 1985-1987 жж. «Омскгидропривод» заводының БЛКЖО Комитетінің хатшысы болып қызмет атқарды. 1987-1989 жж. - БЛКЖО Омбы обкомының нұсқаушысы. 1989-1996 жж. - Омбы қаласындағы «Контакт» коммерциялық орталығының директоры. 1996-1997 жылдары Алматы қаласындағы «Агроцентр» компаниясының директоры. 1997-1999 жж. - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі кеңесшісі. 1999 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Аграрлық партиясының төрағасы. 1999 жылдың желтоқсан айынан бастап - екінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мєжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, Қазақстан Аграрлық партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі. 2004 жылғы 3 қарашадан - үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мєжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, Аграрлық және Азаматтық партиялары депутаттық фракциясының жетекшісі. 2007 жылдың қырқүйегінен - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мєжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы. 2012 жылдың қаңтарынан - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.

212 жыл бұрын (1811-1886) венгр композиторы, пианиношы, дирижер, педагог, қоғам қайраткері ЛИСТ Ференц дүниеге келді.

Венгрияның Шопрон қаласында туған. Композитор 70-тен астам музыкалық мұра қалдырған. Олардың ішіндегі ең танымалдылары: «Фауст», «Данте», «Тассо» симфониялары, «Венгр рапсодиялары». Ол әлемге әйгілі көптеген композиторлардың шығармаларының фортепианоға арналған транскрипциясын жасаған. Лист венгр музыканттарының орындаушылық және композиторлық шығармаларының дамуына, сондай-ақ басқа халықтардың ұлттық музыка мәдениетінің қалыптасуына игі ықпал етті.

11 3 жыл бұрын (1901-1978) белгілі түрколог, филология ғылымының докторы, профессор, Түрік лингвистика қоғамының корреспондент мүшесі СЕВОРТЯН Эрванд Владимирович дүниеге келді.

Негізгі еңбектері түркология мәселелеріне арналған. «Түрік әдеби тілінің фонетикасы», «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігіне арналған мақалалар жобасы» атты монографияларында түркі тілдеріндегі фономорфологиялық және семантикалық мәселелерді салыстырмалы түрде зерттеген. «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігі» түркология ғылымына қосылған зор үлес болып табылады, бұл еңбекте түркі тілдерінің этимологиясы фонемика, морфемика, семантика негізінде қарастырылған.

«Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.

7 1 жыл бұрын (1943) француздың көрнекті және ең танымал актерлерінің бірі Катрин ДЕНЕВ (шын тегі - Дорлеак) дүниеге келді.

8 8 жыл бұрын (1926 - 2005) кеңес театр және кино актері МИШУЛИН Спартак дүниеге келді.

10 1 жыл бұрын (1913-1997) Вьетнамның соңғы императоры, Нгуен әулетінің 13-ші императоры Бао ДАЙ дүниеге келді.