22 қазан. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 22 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық кекеш адамдар күні

Атаулы күн 1995 жылы құрылған Халықаралық кекештенетін адамдар қауымдастығының қолдауымен дүниеге келді. Оның басты мақсаты — тұтығатындардың мәселесіне қоғам назарын аударып, олардың өмірлік қиындықтарына түсіністікпен қарауға үндеу. Бұл күні ақпараттық және түрлі әлеуметтік іс-шаралар өткізіледі.

Фехнер күні

Бұл күн неміс ғалымы Густав Теодор Фехнердің құрметіне белгіленген. Ол — алғашқы эксперименттік психологтардың бірі әрі психофизиканың негізін қалаушы. Бүгінде Фехнер күні психофизика саласындағы мамандардың кәсіби мерекесі ретінде аталып өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1915 жылы Семей теміржол вокзалы ашылды. Сол жылы Новониколаевскіден алғаш пойыз келіп, вокзал өз жұмысын бастады. Содан бері ол миллиондаған жолаушыға қызмет көрсеткен.

1993 жылы Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Құжатта тараптар егемендік пен аумақтық тұтастықты құрметтеу, ішкі істерге араласпау, дауларды бейбіт жолмен шешу және халықаралық құқық қағидаттарын сақтау жөніндегі міндеттемелерін бекітті.

2003 жылы Қазақстанның жетекші ғалымдарының бастамасымен «ҚР Ұлттық ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігін құру туралы ұсыныс Президент Жарлығымен мақұлданды. Құрылтай съезінде бірлестіктің жарғысы қабылданып, академик Мұрат Жұрынов академия президенті болып сайланды.

2004 жылы Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта «Нәзір Төреқұлов — КСРО-ның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі өкілетті өкілі» атты кітап араб тілінде жарық көрді. Еңбекке Нәзір Төреқұловтың күнделіктері, хаттары мен есептері енген. Ол 1928-1932 жылдары Сауд Арабиясында КСРО-ның дипломатиялық өкілі әрі бас консулы, ал 1932-1936 жылдары Кеңес Одағының төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған.

2010 жылы «Қазпошта» АҚ Еуропаның ұлттық пошта операторлары қауымдастығы — PostEurop құрамына кірді. Бұл Қазақстанның пошта қызметтерін Еуропа нарығына шығаруға және халықаралық пошта алмасуды дамытуға жол ашты.

2010 жылы елорда тұрғындарына Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанда археологиялық қазба жүргізіп жүрген Германия археология институтының фотокөрмесі ұсынылды. Көрмеде Батыс Қазақстан облысындағы «Қырықоба II» қорымынан табылған жәдігерлер алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды.

2014 жылы Астана АҚШ-тағы Интеллектуалды қауымдастықтар форумы жыл сайын жасайтын әлемнің 21 ақылды қаласы тізіміне енді. Тізімге АҚШ-тың бес, Австралия мен Тайванның төрт, Канаданың үш қаласы және Бразилия, Жапония, Кения мен Жаңа Зеландияның бір-бір қаласы кірді. Қазақстан қаласы бұл тізімге алғаш рет қосылды.

2017 жылы Польша пошта қызметі EXPO-2017 көрмесіне арналған пошта маркасын шығарды. Марканың таралымы 120 мың дана болды. Онда қазіргі Қазақстанның символы — «Бәйтерек» монументі бейнеленген. Бұл бастама Польша мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықтың белгісіне айналды.

2018 жылы қазақстандық команда АҚШ-та өткен NASA Space Apps Challenge байқауында бірінші орын алды. Олар жанартаулар мен астероидтар туралы деректерді талдауға арналған жобасын ұсынып, «Жабдықты үздік пайдалану» (The Best Use of Hardware) аталымында жеңіске жетті.

NASA Space Apps Challenge — ғарыш пен Жерді зерттеуге арналған халықаралық байқау. Сол жылы оған АҚШ, Қытай, Үндістанды қоса алғанда, 70-ке жуық елден 25 мың адам қатысты.

2019 жылы режиссер Рамазан Халиолланың «Домбыра» қысқаметражды фильмі Нью-Делиде өткен Delhi Shorts халықаралық қысқаметражды фильмдер фестивалінің 8-басылымында «Үздік фильм» жүлдесін жеңіп алды.

2021 жылы елорданың Ботаникалық бағында жүрек донорларын еске алуға арналған инсталляция ашылды. Оның авторы — қазақстандық мүсінші Эдуард Казарян. Ұйымдастырушылар бұл туындыны жүрек донорлары мен олардың жақындарына деген шексіз алғыстың символы деп атады.

«Сый» деп аталатын инсталляцияның ашылуына жүрегі трансплантацияланған Гүлмира Смаилова қатысты. Ол дәрігерлерге және донорлардың туыстарына өмір сүруге екінші мүмкіндік сыйлағаны үшін алғыс білдірді.

2021 жылы Қазақстан Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен Түркі кеңесінің «Негізі қаланған өткен шақ, берік болашақ» атты медиафорумына қатысты. Жиында киноиндустрия мен БАҚ саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратпен бірлесіп күресу мәселелері талқыланды.

Форумға Түркі кеңесіне мүше Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан, бақылаушы ел Мажарстаннан, сондай-ақ Түрікменстаннан 350-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында жетекші БАҚ өкілдері, ғалымдар, мәдениет және кино қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер, танымал блогерлер мен коммуникация факультеттерінің студенттері болды.

2023 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Гебрейесус алғашқы медициналық-санитариялық көмекке арналған жаһандық конференцияға қатысу үшін Қазақстанға келді. Сондай-ақ ол Астанада өткен жүгіру жарысына қатысып, қазақстандықтарды зиянды әдеттерден бас тартуға, алкоголь ішпеуге және белсенді өмір салтын ұстануға шақырды.

2024 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті азаматтармен жедел байланыс орнату үшін онлайн-қабылдау бөлмесін іске қосты.

Сервис арқылы электронды өтініш беріп, комитет басшылығының қабылдауына жазылуға болады. Бұл бастама азаматтардың өтініштерін қарау жұмысын ашық әрі жедел жүргізуге және өзара байланысты жақсартуға бағытталған.

2025 жылы Ұлытау тұрғындары алғаш рет өңірден шықпай-ақ жоғары технологиялы кардиохирургиялық көмек алу мүмкіндігіне ие болды. «Жезқазған» медициналық орталығында жүректің кенет тоқтап қалуының алдын алатын кардиовертер-дефибрилляторларды имплантациялау оталары жасала бастады. Бұл жаңалық Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның қолдауымен жүзеге асты. Осылайша «Жезқазған» медициналық орталығында жоғары технологиялы медициналық көмек алғаш рет көрсетілді.