22 мамырда Астанадағы жолаушылар Қырқыншы станса арқылы ғана пойызға отырғызылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 мамырда Астанада «Жылумагистраль» көпірін жөндеу жобасы бойынша жолаушылар пойыздарының бағдары өзгереді, деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметі.
Құрылыс жұмыстарын жүзеге асыруға байланысты үш басты қума жолдар жабылып, басқаша кесте түзілді.
22 мамырда түнгі сағат 00:00-ден күндізгі 12:00-ге дейін жолаушылар пойыздарының келуі мен жөнелтілуі Қырқыншы станса арқылы жүргізіледі. Стансада қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, оған баратын автобустар ұйымдастырылады. Өтпе жолдарда қосымша жарықтар қойылады.
Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен технологиялық «терезеге» «ҚТЖ» ҰК» АҚ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары жауапты.