22 маусым. Тұлғалар туған күн

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 22 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

82 жыл бұрын (1942) танымал қазақ жазушысы, драматург, «Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты Софы Қалыбекұлы СМАТАЕВ дүниеге келді.

Қарағанды ​​облысының Ағадыр ауданында дүниеге келген. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Кейін Мәскеудегі болат және қорытпалар институтында оқуын жалғастырады.

Мәскеудегі «Серп и молот» зауытында, Тула металлургиясында жұмыс істеп, Қазақ КСР Ғылым академиясында ғылыми жұмыстар жүргізді. 1968 жылы «Жұлдыз» журналының қызметкері, 1984 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты қызметкері, 1989-2006 жылдары ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры қызметін атқарған.

Автордың шығармашылық жолы поэтикадан басталады. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Астана оттары» 1968 жылы жарық көрді. Содан кейін әңгімелері мен повестері жарық көрді: «Армысың, Ана» (1970), «Алау» (1974), «Алғашқы асу» (1982), «Ақжелең» (1979), «Бұлақ» (1983). Қазақ халқының жоңғар шапқыншыларымен күресіне арналған «Елім-ай» роман-трилогиясы, «Белое платье», «Мәңгілік бастауы» романдары бар.

С.Сматаев - «Тағдырлар» (1976), «Сен кімсің?» (1977), «Әзіл-әзәзіл» (1978), «Жұлдызым менің жоғары» (1985) пьесаларының, сондай-ақ «Жұмбақ қыз» (1971), «Жаяу Мұса» (1988) опера либреттоларының, «Астана оттары» (1968), «Алау» (1974), «Қобыланды батыр» (1981), «Караспанские горы» (1984) өлеңдер мен прозалар жинағының авторы.

«Абылай хан» (1992) пьесасы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің байқауында бірінші жүлдені алған. Ол «Біржанның соңғы жұлдызы» фильмінің сценарийінің авторы.

Сматаев әдебиет сыншысы және аудармашы ретінде танымал. Ол В.Шекспирдің «Юлий Цезарь» трагедиясын, В.Г.Короленконың, Вс.Ивановтың және басқаларының шығармаларын қазақ тіліне аударды. С.Сматаевтың бірқатар шығармалары қырғыз, қарақалпақ және эстон тілдеріне аударылды.

Софы Сматаев – табиғатынан туа біткен дарынды, шыншыл қазақ прозашысы, ақын және драматург. Оның жазған роман, пьеса, поэзия, аудармаларының барлығы ерекше дарынымен және шынайы жазылған. Патриотизм, өмірді тереңінен тану, әңгімелерінің нәзік мұңы оқырманды таң қалдырады.

«Құрмет» (2000) және «Парасат» ордендерімен (2007) марапатталған.

42 жыл бұрын (1982) бизнесмен және меценат,«TAS FINANCE GROUP» компаниялар тобының негізін қалаушы Дулат ТАСТЕКЕЕВ дүниеге келді.

Семей облысында туған. Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі (1999 ж.). 2003 жылы Экономика және Құқық институтын, 2007 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін, 2009 жылы Францияның НЕС бизнес мектебін, Мәскеудің "Сколково" басқару мектебін (Директорларға арналған практикум, компанияны басқару, 2015 ж. және Сандық трансформацияны басқару, 2019 ж.) бітірген. 2019 жылы Narxoz университетін "Іс басқару" мамандығы бойынша PHD докторанты атанған.

Еңбек жолы: Еңбек жолын 2003 жылы «Халық зейнетақы қоры» АҚ өңірлік филиалдарының талдаушысы, кураторы болып бастаған. 2004-2005 жылдары «БТА БАНК» АҚ №4 корпоративтік бизнес Басқармасының кредиттік талдаушысы болып жұмыс істеді, 2005-2010 жылдары «ПУЛЬСАР компаниясы» ЖШС компаниялар тобының қаржы директоры болып жұмыс істеді. 2010 жылдан бастап қазіргі күнге дейін «ТАС Кредит «МКО» ЖШС бас директоры, 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін TASGROUP құрылтайшысы, иесі және менеджері. 2018 жылы «Асылтас» қоғамдық қорының құрылтайшысы, 2019 жылы Дүниежүзілік қазақ күресінің вице-президенті.

2021 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, 2018 жылы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша жыл кәсіпкері, 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысының «Жомарт Жүрек» облыстық байқауының лауреаты. «Еңбек үздігі», «Күлтегін», «Дара тұлға» қоғамдық медальдармен марапатталған.

39 жыл бұрын (1985) «Діндерді зерттеу орталығы» ЖШС директоры Алмас Әзімханұлы ЕРНАЗАРОВ дүниеге келді.

Түркістан облысында туған.

Еңбек жолын 2006 жылы ОҚО мәдениет басқармасында бас маман және бөлім меңгерушісі болып бастаған. Сондай-ақ, «Астана қаласы архивтер және құжаттама басқармасы» ММ, «Ұлттық археография және деректану орталығы» ММ және «Тау-Кен Самұрық» Ұлттық компаниясы» АҚ-да бірнеше лауазымдарда қызмет атқарған. 2019 жылдан бастап Діндерді зерттеу орталығында оқытушы-модератор ретінде белсенді жұмыс жасады. 2023 жылы Орталықтың ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бөлімінің басшысы лауазымын атқарды.

2023 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.

Соңғы жаңалықтар
telegram