12:46, 18 Наурыз 2013 | GMT +5
22 наурызда Астанадағы қоғамдық көліктердің жол жүру бағдары өзгереді
АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат - 22 наурыз күні «Қазақ елі» монументінің маңында мерекелік шара өтетіндіктен, бірқатар қоғамдық көліктердің жол жүру бағдары өзгертіледі. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Астана қалалық «Жолаушылар тасымалдау орталығы» ЖШС директорының орынбасары Жомарт Дәуменов мәлім етті.

«22 наурыз күні «Қазақ елі» монументінің маңында 09.00-ден 16.00-ге дейін мерекелік шаралар өтетіндіктен, қоғамдық көліктердің жол жүру бағдары өзгертіледі. Қазіргі кезде аталмыш алаң арқылы 6 маршрут өтеді. Мереке күні солардың бағдары аздап өзгеріп, Қошқарбаев көшесіне жеткен соң, Обаған мен Нәжімеденов көшелеріне қарай бұрылатын болады. Одан әрі бұрынғы бағдарымен кетеді. Оларға қосымша ретінде №№ 2, 26, 35, 41 және 46 автобустар қосылады.
№№ 2 және 26 маршруттар Тәуелсіздік пен Байтұрсынов қиылысына дейін барып, оңға қарай бұрылып, Б. Момышұлы көшесімен кері қайтады.
Ал №№ 35, 41 және 46 бағыттағы қоғамдық көліктер «Хайвил» арқылы сол жағалауға кетіп отырады», - деп түсіндірді Ж.Дәуменов.