22 жылдан бері ит жаттықтырып жүрген офицер әйелді білесіз бе

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ерлермен қатар қиын да жауапты қызметте еңбек ететін арулар бар. Соның бірі - Әнел Болғымбаева. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ кинология орталығының бастығы, полиция подполковнигі Әнел Болғымбаевамен әңгімелескен еді.

22 жылдан бері ит жаттықтырып жүрген офицер әйелді білесіз бе

Әнел Болғымбаева өмірі мен қызметін кинология саласына арнаған. Айтуынша, ит асырап, оларға күтім жасап, жаттықтыру - бала күннен бергі сүйікті ісі.

«Халқымызда «Ит - жеті қазынаның бірі» деп бекер айтылмаған. Мен бала кезімнен бұл жануарларды асырап, оларға қамқорлық көрсеткенді жақсы көрдім. Тіпті, жай ғана көзқарасынан оларға не қажет екенін, көңіл-күйі қандай екенін жақсы түсініп қоямын. Сондықтан болар, болашағымды кинология саласымен байланыстырғым келді»,- дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде подполковник Әнел Болғымбаеваның кинология саласындағы еңбек өтілі 22 жыл болған.

Алғашқы қызметін ол Шығыс Қазақстан облысында кіші сержант шенінде «кіші инспектор-кинолог» болып бастаған.

«2018 жылы маған Алматы қалалық полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығын басқаруға шақыру түсті. Кейін Алматыда ҚР ІІМ кинологиялық орталығының бастығы болып тағайындалдым»,- деді ол.

Кейіпкеріміз қызметінде білікті басшы бола білсе, отбасында сүйікті де мейірімді ана. Оның екі қызы бар.

«Екі қызым өзім секілді жануарларды өте жақсы көреді. Бұл - жақсы қасиет. Себебі, сол арқылы олардың айналасына деген қамқорлық, жауапкершілік және махаббаты қалыптасады»,- деді ол.

Әнел Болғымбаева - өз қызметіне адал адам. Тіпті, әйелдер мерекесі қарсаңында да үйде жатпай, қызметінде жүр.

Себебі, өзінің айтуынша, бір де бір күнін жұмыстағы жануарларды көрмей өткізе алмайды.

«Барлық қыз-келіншектерді, аналарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Оларға ең бастысы денсаулық, әйел бақытын, сүйікті жар, ана және бақытты болуын тілеймін»,- деп өзінің ақ тілегін жеткізді ҚР ІІМ Кинология орталығының бастығы, полиция подполковнигі Әнел Болғымбаева.