$222 млрд — Норвегияның зейнетақы қорына рекордтық түсім түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Активі 1,8 трлн долларға тең әлемдегі ең ірі тәуелсіз қор саналатын Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қорына өткен жылы $222 млрд кіріс кірген. Бұл — рекордтық көрсеткіш. 

Норвегия
Фото: pixabay.com

— Қор 2024 жылы өте жоғары кіріске қол жеткізді, бұл ерекше күшті қор нарығының арқасында мүмкін болды. Әсіресе АҚШ-тың технологиялық компанияларының акциялары жақсы нәтиже көрсетті, — деп атап өтті Норвегияның орталық банкінің бөлімшесі NBIM бас директоры Николай Танген.

Есепке сәйкес, технологиялық сектор акциялар бойынша ең жоғары кірістілікті қамтамасыз етіп, 1,17 трлн норвегиялық крон пайда әкелді. Ең табысты инвестициялар NVIDIA, Apple, Amazon, Alphabet және Microsoft акцияларына салынған қаржы болды. Алайда, Танген мұндай қолайлы нарықтық жағдайлар «үнемі бола бермейді» деп ескертті.

Мемлекеттік зейнетақы қорының (GPFG) мәліметтері бойынша қордың акцияларға салған инвестицияларының кірістілігі 18%-ды құрады. Ал тұрақты табысы бар бағалы қағаздар 1% пайда әкеліп, биржада сатылмайтын (жекеменшік) жылжымайтын мүлік инвестициялары 1% шығынға ұшырады. Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздерінің биржадан тыс инфрақұрылымына инвестициялар 10% шығын әкелді. Жалпы, қордың кірістілігі оның негізгі индексінен 45 базистік пунктке төмен болды.

Қор активтерінің 71,4% — акцияларға; 26,6% — тұрақты табысы бар бағалы қағаздарға; 1,8% — биржадан тыс жылжымайтын мүлікке; 0,1% — жаңартылатын энергия көздерінің инфрақұрылымына салынған.

Норвегияның Мемлекеттік зейнетақы қоры екі тәуелсіз қордан құралған:

— Мемлекеттік зейнетақы қоры — «Жаһандық»;
— Норвегияның Үкіметтік зейнетақы қоры.

Бірінші қор әлемдегі биржада тіркелген барлық компаниялардың шамамен 1,5% акциясына ие, оның ішінде Apple, Microsoft және Samsung компаниялары да бар.

Материалдың ағылшын тіліндегі түпнұсқа мәтінімен осы сілтеме арқылы танысуға болады. 

Бұған дейін Норвегия тақ мұрагерінің ұлы қылмыс жасады деп ұсталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар