23 ақпан. Жылнама

Календарь
Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 23 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады. 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1990 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы туралы» қаулысы жарияланды. Қаулыға сәйкес, бұл қызметке Н.Ә. Назарбаев сайланды.

1993 жылы Алматыдағы Достық үйінде «Қазақстан-Венгрия» достық қоғамы құрылды.

1995 жылы Лондонда Ұлыбританиядағы Қазақстанның мәдени орталығында Абай үйі ашылды.

2007 жылы Маңғыстау облысында Мұнайлы ауданы құрылды. Бұл шешім Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында қабылданды. Бұл аймақтың бесінші әкімшілік-территориялық ауданы. Мұнайлы ауданының әкімшілік аумағы 492 мың 189 гектар жерді алып жатыр.

2011 жылы Астанада жазушы Табыл Құлыястың «Қанжоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу» атты кітаптарының таныстырылымы өтті. Кітаптың үшеуі де Кеңес Үкіметі тұсындағы трагедиялық оқиғаларға, қолдан жасалған саяси нәубеттерге арналған. Мәселен «Қан жоса ғасыр» кітабында 1918-1922 жылдардағы аштықтың себептері баяндалса, «Қырғын» кітабында 1932-1934 жылдары Ф. Голощекиннің «Кіші Қазан» ұжымдастыру саясаты және оның қазақ халқы үшін орны толмас салдарлары, «Қан кешу» жинағында НКВД-нің ұлт зиялылары мен бас көтерер азаматтардың соңына түсіп, қуғын-сүргінге ұшыратып, ғазиз өмірлерін жалмаған ауыр жылдар суреттеледі.

2012 жылы ҚР Ұлттық банкі Ислам қаржылық қызметтері бойынша кеңестің қауымдастырылған мүшесі ретінде қабылданды.

2012 жылы Қазақстан «Сегіздік тобы» жаппай қырып-жоятын қарулардың таратылуына қарсы жаһандық әріптестіктің 24-мүшесі болды.

2015 жылы Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының отырысында Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың 2015-2017 жылдары күшіне енуіне көмек конференциясының тең төрағасы болып тағайындалды.

2015 жылы Петропавл қаласындағы Қазақ классикалық гимназиясына Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сафуан Шаймерденовтің есімі берілді. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына мәдениет қайраткерлері, драматургтің туыстары, жұртшылық өкілдері қатысты.

2017 жылы Кот-д' Ивуардағы бітімгершілік миссиясынан кейін Қарулы күштердің офицері Асылхан Аманғалиұлы миссия барысында үздік бітімгершілік даярлығы бар білікті маман, офицер ретінде көрініп, әскери бақылаушыларға берілген талаптарды мінсіз және үлгілі орындағаны үшін БҰҰ медалімен марапатталды.

2018 жылы Брюссельде Еуропаның сыртқы саяси қызмет органының ғимаратында Қазақстан Республикасы мен Еуропа одағының арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 25 жыл толуына орай фотокөрме ашылды. Көрмені Еуропа тарапының қолдауымен Қазақстан Республикасының Брюссельдегі елшілігі ұйымдастырды. Онда Қазақстан сұлу табиғаты мен заманауи қалаларының әсемдігі бейнеленген 18 жұмыс көрсетілді.

2022 жылы Қазақстан Чехиямен бірге Болондық бақылау тобының (BFUG) тең төрағасы болып бекітілді.Қазақстанның БФУГ-ға тең төрағалық етуі — жоғары жауапкершілік және еліміздің халықаралық деңгейде мойындалуы. Болон процесіне 48 мемлекет, соның ішінде Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Испания, Италия және т. б. кіреді. Ал Қазақстанның төрағалық ету туралы ұсынысы қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің еуропалық білім кеңістігіндегі беделінің артқанын көрсетеді.

2022 жылы Чехияның Гавиржов қаласында қарағандылық Ұлан Құрманғалиев WTT Youth Contender үстел теннисінен жасөспірімдер турнирінде жеңіске жетті. Ол 15 жасқа дейінгі жас санатында үздік атанды.

Соңғы жаңалықтар