23 ел және 400-ден астам компания: Automechanika Astana көрмесінен не көруге болады
АСТАНА. KAZINFORM – EXPO халықаралық көрме орталығында Орталық Азиядағы автомобиль индустриясына арналған ең ірі халықаралық көрме – Automechanika Astana 2026 өтіп жатыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл оныншы рет ұйымдастырылып отырған мерейтойлық көрмеге әлемнің 23 елінен 400-ден астам компания қатысуда. Олардың қатарында Қазақстан, Германия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея, Үндістан, Ресей және басқа да мемлекеттер бар. Көрме аясында Қытай, Өзбекстан және Иранның ұлттық павильондары ұсынылған.
Өткізілген жылдар ішінде Automechanika Astana автомобиль саласындағы кәсіби диалогты дамытуға, тәжірибе алмасуға, озық технологияларды таныстыруға және іскерлік байланысты нығайтуға арналған жетекші халықаралық алаң ретінде танылды.
Көрменің ашылу рәсіміне мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі атынан құттықтау сөз сөйлеген Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев көрменің саланы дамытудағы маңызына тоқталды.
«Көрме – саланың даму деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Қазақстанға шетелдік серіктестердің қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз және автомобиль секторын одан әрі дамытуға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Серік Жарасбаев.
Көрмеде автокөлік бөлшектері, майлау материалдары, автохимия өнімдері, техникалық қызмет көрсету станцияларына арналған жабдықтар, шиналар, аккумуляторлар, диагностикалық жүйелер және автомобиль саласына арналған цифрлық шешімдер таныстырылуда.
Іскерлік бағдарлама аясында Automechanika Academy тақырыптық сессиялары, B2B форматындағы кездесулер, салалық пікірталастар және нарықтың жетекші сарапшыларының баяндамалары өтеді.
Automechanika Astana 2026 көрмесі 12 маусымға дейін Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында өз жұмысын жалғастырады.
Бұған дейін Астанада Automechanika Astana 2026 халықаралық көрмесі өтетінін хабарлағанбыз.