23 қаңтар. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 23 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
62 жыл бұрын (1962) Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы домбыра кафедрасының доценті, күйші-домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Нариманқызы ҮЛКЕНБАЕВА дүниеге келді.
Атырау облысы Исатай ауданы Чапаев ауылында туған. Алматы қаласындағы музыка училищесін (1981, педагогі Т. Бәділов), одан кейін Алматы мемлекеттік консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) халық аспаптары факультетін (1986, профессор А. Жайымовтың жетекшілігімен) бітірген.
1989-1991 жылдары осы консерваторияның ассистентура-стажировкасынан өтті. Шығармашылық еңбек жолын оқып жүрген кезінен Қазақтың академиялық халық аспаптар оркестрі құрамында (1979-1989) домбырашы болумен бастаған Үлкенбаева соло-орындаушыға дейінгі үздік кәсіптік-шеберлік биігіне көтерілді. Оның репертуарында халық күйлері («Ақсақ құлан», «Ел айрылған», т.б.), қазақтың халық композиторлары (Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова, Қазанғап, Құрманғазы, Махамбет, сондай-ақ маңғыстаулық күйшілер: Есбай, Есір, Құлшар, Өскенбай, т.б.), осы заманғы композиторлар (Н. Тілендиевтің «Аққуы», А. Жайымовтың «Күй анасы» мен «Шалқымасы») шығармалары мен шет ел классикалық туындылары бар.
1993 жылдан Қазақ ұлттық консерваториясында (2002 жылдан доцент) және 2006 жылдан «Айгүл Үлкенбаеваның мектеп-студиясында» (өзі ұйымдастырған) ұстаздық қызметпен айналысады.

53 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының профессоры, ҚР СІМ қызметі мәселелір жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Мариан Асарқызы ӘБІШЕВА дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия бөлімін бітірген.
1995 жылдан Алматы теміржол көлігі инженерлері институтында философия және әлеуметтану кафедрасының ассистенті. 1995-1996 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтында қоғамдық пәндер кафедрасының ассистенті. 1997-2005 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық байланыстар басқармасында І санатты маман, халықаралық байланыстар бөлімінің жетекші маманы, халықаралық ғылыми-мәдени байланыстар бөлімінің бастығы. 2005 жылғы ақпаннан ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында ғалым-хатшы. 2005 жылдан ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары болды. 2014-2015 жылдары ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының халықаралық және ұлттық жобалар қызметінің жетекшісі болған.

43 жыл бұрын (1981) «ҚазАзот» АҚ бас директоры Арман Ахметжанұлы МӘУЛЕШЕВ дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған.
Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ «Халықаралық мұнай бизнесі» мамандығын, Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетін «Мұнай және газ бизнесін басқару» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2003-2007 жылдары «Өзенмұнайгаз» АҚ менеджері, 2007-2012 жылдары «ОрдабасыМұнайГаз» АҚ маркетинг жөніндегі директоры, 2013-2018 жылдары «Матен Петролеум» АҚ маркетинг жөніндегі директоры, Мұнай дайындау терминалы компаниясының бас директоры болды.
2018 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.

41 жыл бұрын (1983) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми өкілі - министрдің баспасөз хатшысы Ержан Халиұлы БАЙТАНАЕВ дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған.
А.Яссауи атындағы МКТУ «Қазақ тілінің филологы» мамандығы, А.Яссауи атындағы МКТУ «Мемлекеттік басқару» мамандығы, ТИГУ құқықтану факультеті бітірген, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының «Заң ғылымдарының магистрі».
Еңбек жолы: 2001-2003 жылдары облыстық және республикалық БАҚ-тағы жұмыс, 2004-2007 жылдары КТК телеарнасының Жамбыл облысы және Астана қаласы бойынша меншікті тілшісі, заң бағдарламаларының редакторы, 2008-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің ресми өкілі - Баспасөз қызметінің басшысы, 2013-2014 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ресми өкілі, 2016-2017 жылдары ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің баспасөз қызметінің басшысы, 2017-2018 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі қоғаммен байланыс басқармасының басшысы, 2018-2019 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының баспасөз хатшысы, 2019-2022 жылдары Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі – қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, 2022-2023 жылдары Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары – облыс әкімінің баспасөз хатшысы қызметтерін атқарды.
2023 жылдың шілде айынан бері қазіргі қызметінде.

35 жыл бұрын (1989) Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Қожанбердіұлы АҚЖАРОВ дүниеге келді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық қатынастар бакалавры мамандығы бойынша бітірген, Философия ғылымдарының докторы (Phd).
Еңбек жолы: 2008-2012 жылдары Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының жетекші маманы, Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы, жоғары оқу орындарымен және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы, 2012-2019 жылдары Ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінің басшысы, ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, әлеуметтік-мәдени сала басқармасының басшысы, Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары, тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы.
2020 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.
Мерейтойлық медальдармен марапатталған.
