23 қазан. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 23 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Календарь
Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық қар барысы күні

Бұл күн қар барысын қорғау және оның популяциясын сақтау мақсатында белгіленген. 2013 жылғы 23 қазанда Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Қар барысын сақтау жөніндегі І дүниежүзілік форумда Бішкек декларациясы қабылданды. Оған ілбіс мекендейтін 12 елдің — Ауғанстан, Бутан, Қытай, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Непал, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның өкілдері қол қойды. Атаулы күн алғаш рет 2014 жылғы 23 қазанда аталып өтті.

Кабуки синдромы туралы хабардар ету күні

Бұл күн өте сирек кездесетін, аз зерттелген генетикалық ауруға арналған. Кабуки синдромын жапондық педиатр әрі генетик Норио Ниикава зерттеген. Ол 1969 жылы осы синдромға тән белгілер жиынтығын алғаш байқап, оның тұқым қуалайтын ауру болуы мүмкін екенін болжаған. Ал кабуки синдромы (Гримас кабуки синдромы немесе Ниикава-Куроки синдромы) ресми түрде 1981 жылы сипатталды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1961 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ермак кентіне қала мәртебесі берілді. Ал 1993 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысы негізінде қала Ақсу болып қайта аталды.

1995 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Хабар» агенттігі республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды.

«Хабар» Қазақстанға ақпарат таратудың жаңа үлгілерін енгізді. Атап айтқанда, оқиға орнынан тікелей трансляциялар жүргізіп, әлемдегі маңызды оқиғаларды тікелей эфирде түсіндіріп, «Мир» ғарыш станциясымен телемост ұйымдастырды. Бүгінде «Хабар» — қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар тарататын төрт телеарнаны біріктіретін медиажүйе. Оның құрамына «Хабар», ұлттық спутниктік Kazakh TV, тәулік бойы хабар тарататын «Хабар 24» ақпараттық арнасы және El Arna киноарнасы кіреді.

2013 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Төле бидің 350 жылдығына арналған көрме ашылды. Көрмеде Ұлы жүздің биі, «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасаушылардың бірі болған Төле бидің өмір сүрген дәуірі мен сол кезеңде ел басқарған тұлғалар туралы мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар тарихи ескерткіштердің фотогалереясы жасақталып, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары мен сол дәуірге қатысты кітаптар қойылды.

2013 жылы Үрімші қаласында «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің жетекші интернет-ақпараттық орталығы — «Тяньшаньнет» сайты арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жиынға ШҰАР үкіметінің баспасөз кеңсесінің басшылығы және «Қытай-Еуразия» бұқаралық ақпарат құралдары семинарына қатысу үшін келген Қазақстан, Қытай, Кувейт, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан мен Түркияның жетекші БАҚ өкілдері қатысты.

2014 жылы Әзербайжандағы «Тәһсил» («Білім») баспасынан Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, көрнекті қазақ түркітанушысы әрі жазушы, филология ғылымдарының докторы, Күлтегін және ЮНЕСКО аясындағы Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты Немат Келімбетовтің «Оғлума мәктублар» («Ұлыма хат») атты кітабы жарық көрді. Автор бұл еңбегінде туған жерінен жырақта білім алып жүрген ұлына хат жазу арқылы тарих, руханият, адамгершілік пен тәрбие мәселелерін қозғап, адам мінезінің сан алуан қырлары туралы ой толғайды.

2015 жылы Баку қаласында Авиация және әуе кеңістігін пайдалану жөніндегі мемлекетаралық кеңестің 35-сессиясы өтті. Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы халықаралық және өңірлік серіктестермен белсенді ынтымақтастығы, сондай-ақ саланың қарқынды дамуы ескеріліп, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «Азаматтық авиацияны дипломатиялық және халықаралық-құқықтық қолдағаны үшін» номинациясымен марапатталды.

2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында Дүниежүзілік тау-кен конгресін өткізу құқығын Қазақстанға табыстау рәсімі өтіп, конгрестің дәстүрлі символы — «Майшам» мен эстафетасы тапсырылды.

Бразилияның тау-кен өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Жозе Фернандо Коура конгрестің дәстүрлі символы саналатын «Майшамды» Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Саржановқа табыстады.

2017 жылы жамбылдық Өмірәлі Нышан Ұлыбританияның Лондон қаласында өткен паратаеквондодан VII әлем чемпионатында екі дүркін әлем чемпионы атанды. Әлем біріншілігіне 57 елден 270-ке жуық спортшы қатысты. Қазақстан намысын Тараз, Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларынан барған төрт спортшы қорғады.

2018 жылы Алматы қаласы Қазақстанда алғаш болып Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты қалалар» халықаралық желісіне қосылды. Бұл бастама қала тұрғындарының денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған тиімді стратегияларды енгізуге жол ашты.

«Салауатты қалалар» жобасы ДДСҰ-ның Еуропа өңірлік бюросының қолдауымен жүзеге асырылады. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы дамып келеді. Бүгінде бұл желіге ДДСҰ-ның Еуропа өңіріндегі 30-дан астам елдің 1000-нан аса қаласы, ауданы мен елді мекені кіреді.

2018 жылы Грекияның Халкидики аралында өткен шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар төрт жүлдеге ие болды.

The World Youth Chess Championships 2018 әлемнің түкпір-түкпірінен үздік жас шахматшыларды жинаған ірі халықаралық жарыстардың бірі болды. Чемпионатқа 79 елден 651 шахматшы қатысып, олардың қатарында 8 гроссмейстер, 48 халықаралық шебер және ФИДЕ-нің 157 шебері болды.

2019 жылы Алматы қаласындағы № 2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері үш айлық сәбиге алғаш рет «эндоскопиялық бақылаумен сүйек қиындысын пайдалана отырып краниотомия жасау» операциясын жүргізді.

Ота барысында бас сүйек деформациясын түзетудің аз инвазивті эндоскопиялық әдісі қолданылды. Бұл тәсіл қан жоғалту қаупін азайтып, наркоз уақытын қысқартуға және операциядан кейінгі асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Әдістің тағы бір маңызды артықшылығы — косметикалық нәтиже. Бұрын мұндай операция кезінде құлақтан құлаққа дейін тілік жасалса, жаңа әдіс бойынша ұзындығы 3-4 сантиметр болатын екі шағын тілік жеткілікті болды.

2020 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен әлемге әйгілі ғалым, ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Түркістан қаласында қос тұлғаның құрметіне ескерткіштер орнатылды. Екі ескерткіштің де авторы мүсінші Гүлфия Мелдеш.

Абай ескерткіші Қалалық оқушылар сарайының алдына орнатылса, Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіші облыстық драма театрдың алдына қойылды.

2020 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі «Көрнекті оқиғалар мен адамдар» сериясы аясында «JUBAN MOLDAǴALIEV.100 JYL» коллекциялық монетасын айналымға шығарды.

Номиналы 100 теңгелік монета мельхиор МН 25 қорытпасынан жасалған. Монетаның шығарылымы Қазақ КСР-ның халық ақыны Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толуына арналды. Ол «Мен — қазақпын», «Қыран дала», «Ән туралы ән», «Сел» және басқа да шығармалардың авторы.

2021 жылы Берлинде қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды. Абай өз шығармаларында елді тұрақты дамуға, өзара келісім мен достыққа, ізгілік пен жасампаздыққа ұмтылуға үндеді. Оның терең тағылымға толы мұрасы адамгершілік, білім мен еңбек құндылықтарын ұлықтап, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Ескерткіштің авторы — «Әлем халықтары өнері» халықаралық қауымдастығының лауреаты, мүсінші Болат Мекебаев.

2023 жылы Талдықорған маңындағы Дауылбай қорымында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологиялық экспедициясы ерте темір дәуіріне жататын қорғанды зерттеді. Зерттеу барысында қорғанның бірнеше рет тоналғаны анықталды. Осыған байланысты Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының археологтары ескерткішті жан-жақты зерттеуге кірісті. Мамандардың бір бөлігі бұл қорғанды элиталық жерлеу орны деп санайды. Оның биіктігі — 3,4 метр, диаметрі — 40 метр. Қорғанның айналасында ор бар. Зерттеу қорғанның орталық бөлігінде жүргізілді. Мұнда бұрынғы тонаушылар қазған ор анықталып, бастапқыда 5×5 метр аумақты қамтыған қазба ескерткіштің құрылымына қарай кеңейтілді. Нәтижесінде тас сауыттың іздері, әртүрлі құрылымдар мен шашылып жатқан ірі тастар және тас тақталар табылды.

2023 жылы парапауэрлифтинг шебері Давид Дегтярев Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасына алғашқы алтын медаль жеңіп әперді. Ол 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, 187 келі салмақтағы зілтемірді көтерді.

2024 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен әдебиет пен өнер саласындағы Абай атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары анықталды. Бұл мәртебелі марапат ұлттық әдебиет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосып, шығармашылық ізденістерімен ерекшеленген бірқатар қаламгер мен өнер иесіне табысталды. Атап айтқанда, ақын Светқали Нұржан «Көкірегім көне кітап» атты өлеңдер жинағы үшін, жазушы Құлбек Ергөбек Сәрсенұлы «Адамның бір қызығы бала деген» кітабы үшін, суретшілер Әлібай Қалтайұлы Бапанов пен Сәуле Сыздыққызы Бапанова «Көшпенді фрескалар» киіз паннолар топтамасы және «Әлем өрнектері» гобелендер топтамасы үшін, ал суретші Жанұзақ Керімбекұлы Мүсәпір «Балалықтан даналыққа жол» атты коллекциялар жинағы үшін марапатталды.

2024 жылы Нью-Йорктегі Уолл-стритте Республика күніне орай Қазақстанның мемлекеттік туы көтерілді. Салтанатты рәсімге қала әкімдігінің өкілдері, қазақ диаспорасы, шетелдік дипломаттар, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі мен Бас консулдығының қызметкерлері, сондай-ақ АҚШ-та тұратын Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері қатысты. Нью-Йорк мэрі Эрик Адамс қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

2024 жылы Lonely Planet басылымы жыл сайынғы Best in Travel 2025 рейтингінде Қазақстанды саяхаттауға ұсынылатын үздік елдердің қатарына қосты. Рейтингті әзірлеу кезінде сарапшылар саяхатшылардың, басылым қызметкерлері мен авторларының, сондай-ақ туризм саласындағы мамандардың ұсыныстарын ескереді. Қазақстан бай тарихымен, табиғи ландшафттарының алуан түрлілігімен және бірегей мәдени мұрасымен ерекшеленіп, 2025 жылғы үздік туристік бағыттардың бірі ретінде танылды.

2025 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасының күніне орай мемлекеттік ту көтерілді. Сондай-ақ қала мэрі екі ел арасындағы мәдени байланыстарды мойындау белгісі ретінде Қазақстан мұрасы күнін жариялады. Салтанатты рәсім Манхэттеннің қаржы орталығында орналасқан Уолл-стритте өтті.

2025 жылы Миланда өткен сән апталығында қарағандылық зергер Ольга Целлердің көмірден жасалған әшекейлері таныстырылды. Ол аксессуар жасауды 2016 жылы бастап, алғашында табиғи тас, былғары мен зергерлік шайырды пайдаланған. 2019 жылы Қазақстан қалаларын таныстыруға арналған жоба кезінде Қарағандының символы ретінде көмірді таңдады. Содан бері осы материалдан әшекейлер жасап келеді.