23 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 23 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Күн мен түн теңелетін күн
Күзгі күн мен түннің теңелу күні Солтүстік жарты шарда астрономиялық күздің, ал Оңтүстік жарты шарда көктемнің басталғанын білдіреді. Бұл күні күн мен түннің ұзақтығы теңеседі. Күн барлық ендіктерде дәл шығыстан көтеріліп, батысқа дәл батады. Полюстерде Күн дискісінің жартысы көкжиек бойымен шеңбер жасап қозғалады.
Халықаралық ым-ишара тілдері күні
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 23 қыркүйекті Халықаралық ым-ишара тілдері күні деп жариялады. Дәл осы күні, 1951 жылы, Дүниежүзілік саңыраулар федерациясы құрылған. Бұл – әлемдегі саңырау адамдардың құқығын қорғауға және ұлттық саңыраулар қауымдастықтарының қызметін үйлестіруге бағытталған халықаралық үкіметтік емес, коммерциялық емес ұйым.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1935 жылы Қазақ АКСР Халық комиссарларының кеңесі Қазақ мемлекеттік көркем галереясын ұйымдастыру туралы Қаулы қабылдады.
1965 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі галереяға жеке ғимарат беру туралы шешім қабылдады. Ғимараттың жобасын қазақстандық сәулетшілер Эльза Кузнецова, Ольга Наумова және Борис Новиков әзірледі.
1976 жылы галерея Қазақ КСР Мемлекеттік өнер музейі болып қайта аталды.
1984 жылғы қаңтарда музейге Қазақ КСР халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің (1904-1973) есімі берілді. Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі – еліміздегі ең ірі көркемөнер музейі. Сондай-ақ ол бейнелеу өнері саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық орталық саналады.
1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Колумбия Республикасы арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. Колумбия Республикасы – Оңтүстік Американың солтүстік-батысында орналасқан, сондай-ақ Орталық Америка аумағына қарайтын территориялары бар мемлекет. Аумағы - 1,14 млн км². Астанасы – Богота қаласы. Мемлекеттік тілі – испан тілі. Ақша бірлігі – колумбиялық песо. Мемлекет және үкімет басшысы – президент. Президентті халық 4 жыл мерзімге сайлайды. Бір рет қатарынан қайта сайлануға мүмкіндік бар.
1993 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары Орталық Азияда Экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойды. Одақты құрудың негізгі мақсаты – тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, жұмыс күшінің және капиталдың еркін қозғалысына негізделген ортақ экономикалық кеңістік қалыптастыру. Сондай-ақ тараптар ақша-кредит, салық, баға, кеден және сыртқы экономикалық саясатты үйлестіруді, шаруашылық қызметті реттеу тәсілдерін жақындастыруды және өндірістік тікелей байланыстарды дамытуға қолайлы жағдай жасауды көздеді.
1994 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілі жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің есімін Ақмола аграрлық университетіне беру туралы қаулы қабылдады. Содан бері оқу орны Сәкен Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университеті деп аталатын болды.
1998 жылы Алматы қаласында кеңестік және қазақстандық композитор, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ эстрадалық музыкасының дамуына елеулі үлес қосқан Әсет Бейсеуовке ескерткіш орнатылды. Композитордың «Алмалы Алматы», «Гүлдер», «Шақырады көктем», «Мұңайма», «Алтыным», «Маралдым», «Сандуғаш» сынды көптеген әні қазақ ән өнерінің алтын қорына енді. Әсет Бейсеуов бірнеше театр қойылымына, кино және телефильмдерге музыка жазды. Композитордың ән жинақтары жарық көрді. Ол «Гүлдер» әндер жинағы және «Қызыл сұңқарлар» әні үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
2003 жылы Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I съезі өтті.
Съезд аясында өркениеттер, конфессиялар, мемлекеттер мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, сындарлы диалог орнату жолында маңызды қадам жасалды. Жиында дінаралық диалог қоғамның дамуына және барлық халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін негізгі тетіктердің бірі екені атап өтілді.
2005 жылы Ақтөбе қаласында Әлия Молдағұлова даңғылы мен Жұбановтар көшесінің қиылысында Әлия Молдағұловаға арналған мемориалды кешен ашылды. Мемориалдың авторлары – белгілі мүсіншілер Бақытжан Әбішев пен Ескен Сергебаев. Әлияның қола мүсіні гранит тұғырға орнатылған. Ескерткіштің екі қапталын гранит барельефтер қоршап тұр. Онда сақ дәуірінен бүгінге дейінгі халық тарихы бейнеленген.
2009 жылы Шығыс Қазақстан облысының Қалбатау ауылында қазақтың әйгілі батыры Ер Жәнібекке арналған мемориал ашылды. Кешеннің ортасында қолына найза ұстаған батырдың биіктігі алты метрлік қола мүсіні орналасқан. Оның екі жағында екі қасқыр бейнеленген. Батыр мүсінінің артында биіктігі 45 метрлік стела бой көтерген. Ескерткішке жақын жерде Ер Жәнібек батырдың кесенесі орналасқан.
2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында алғаш рет жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізімі жасалып, бекітілді. Бұған дейін тек республикалық маңызы бар ескерткіштерге басымдық берілсе, енді өңірлік және жергілікті маңызы бар нысандар да мемлекеттің қорғауына алынды. Олардың жойылып кету қаупіне байланысты мемлекеттік тізілім жасақталып, оған 11 нысан енгізілді.
2011 жылы ҚР Ұлттық банкі 500 теңгелік «Есік көсемі» және 50 теңгелік «Өскемен» ескерткіш монеталары айналымға шығарды. «Есік көсемі» монетасы 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 31,1 грамм, сипатталған шеңбердің диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – «proоf», таралымы – 5 мың дана. «Өскемен» ескерткіш монетасы – «Қазақстанның қалалары» монеталар сериясындағы екінші монета.
2012 жылы Мейнинген қаласындағы Тюрингия мемлекеттік театрында «Абай» операсының Германиядағы алғашқы қойылымының премьерасы өтті.
Ұлы қазақ композиторлары А.Жұбанов пен Л.Хамиди 1944 жылы жазған «Абай» операсы Германия сахнасында қойылған алғашқы қазақ операсы болды. Бұл қойылым 2010 жылғы желтоқсанда Алматыда Р.Вагнердің «Тангейзер» операсының Қазақстандағы премьерасына өзіндік шығармашылық жауап іспетті болды.
2013 жылы белгілі ресейлік жазушы Геннадий Васильев «Хан Бөкей» тарихи романын жазып шықты. Кітапта қазақ ханы Бөкейдің тағдырындағы Астрахань губерниясының рөлі, 1801 жылы көктемде император Павел I соңғы жарлығы бойынша Еділ мен Жайық өзендерінің арасына Кіші жүз қазақтарының қоныс аударуы туралы баяндалады. Бөкей хан – тек Кіші жүздің емес, көптеген қазақтың өмірінде тағдырлы із қалдырған тұлға. Ол - қазақ халқының ұлы перзенті. Халқын шын жүрегімен сүйген көреген саясаткер XIX ғасырдың басында өзіне қарасты елді Еділ бойындағы далаға бастап барды. Осылайша қазақтар мен орыстар арасындағы ғасырларға жалғасқан достықтың негізін қалады.
2014 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «Алманың отаны» және «Халықаралық ғарыш стансасы» монеталары халықаралық сегізінші «Монета шоқжұлдыздары-2014» (COINS-2014) монета байқауының жеңімпаздары атанды. «Алма отаны» монетасы «Кәдесый монетасы» номинациясында бірінші орын алып, 2014 жылдың үздік кәдесый монетасы деп танылды. Ал «Халықаралық ғарыш станциясы» монетасы «Түпнұсқа технология» номинациясында үшінші орынға ие болды.
2016 жылы Алматыдағы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Кино территориясы» клубында үздік балалар рөлі үшін «КиноМалышок-2016» сыйлығы жас актер Амангелді Құсайыновқа («Үзілмеген үміт» фильмі) берілді. Фильмдегі басты рөлдерді Алматы және Алматы облысы балалар үйінің тәрбиеленушілері, сонымен қатар Оңтүстік Кореяның балалары сомдады. Картинаның негізгі түсіру жұмыстары Шығыс Қазақстан облысында өткен. Фильмнің музыкасын еліміздің танымал композиторы Қуат Шілдебаев жазған. Ал, фильмге музыка жазу барысында Батырхан Шүкеновтің саксофонмен орындаған импровизациясы негіз болған. Фильмдегі басты рөлдерді Алматы мен Алматы облысындағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, сондай-ақ Оңтүстік Кореядан келген балалар ойнады.
2019 жылы Ұлы даланың бірнеше мыңжылдық тарихына арналған «Ұлы Дала тарихы» кітабы Прагада өткен Card Couture Award 2019 байқауында жоғары марапатқа ие болды. Card Couture Award – Еуропадағы беделді марапаттардың бірі. Ол жыл сайын жеті номинация бойынша табысталады. «Ұлы Дала тарихы» кітабы «Үздік кітап» номинациясында жеңімпаз атанды.
2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығын ашу туралы» Жарлыққа қол қойды. Бас консулдық екі ел арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған міндеттерді атқарады. Консулдық округтер ретінде Самарқанд, Бұхара, Жызақ, Сурхандария және Қашқадария облыстары, сондай-ақ Қарақалпақстан Республикасы белгіленді.
2020 жылы Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды. Қор отандық өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге мүмкіндік береді. Оның негізгі мақсаты – отандық кәсіпорындарды 3%-дан аспайтын мөлшерлемемен қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ету.
2021 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты қазақтардың Кіші құрылтайы өтіп, оның аясында шетелдегі қазақ диаспорасының ең қызықты мәселелері бойынша нәтижелі пікір алмасу болды. Кіші құрылтайға Түркия мен Еуропа елдеріндегі қазақ қауымдастықтарының 100-ден астам өкілі, сондай-ақ Қазақстанның мәдениет мекемелері мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан тарапы құрылтай қатысушыларына қазақ халқының мәдениеті мен тарихы, Қазақстандағы қазіргі өмір туралы әдебиеттерді сыйға тартты.
2021 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Әлем тағы» атты бірегей көрменің тұсаукесері өтті. Елордалық мұражайда алғаш рет атақты пацифист суретші Гонсало Мабунданың (Мозамбик) «Тақ» және «Маска» түпнұсқа мүсіндері ұсынылды. Ерекше мүсіндердің бірегейлігі олардың істен шыққан қарулардан және оның сынықтарынан жасалғандығында. Соғыс туралы еске салатын заттардан құралғанына қарамастан, суретшінің шығармашылығы адамзатты бейбітшілік пен өзара келісімге үндейді.
2021 жылы Астанада қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жаңғыртуға арналған «Jas nomad» жобасы іске қосылды, оған 14 пен 29 жас аралығындағы барлық жастар қатыса алады.
2022 жылы атыраулық археологтар тарихи-мәдени маңызы зор бірегей олжаға тап болды. Олар Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, ішінде керуен-сарайы бар ежелгі қалашықты анықтады. Мыңжылдық тарихы бар қалашық кездейсоқ табылған. Археологтар аумағы 30х40 метр болатын керуен-сарайдың орнын тапты. Ежелгі қалашық атақты Сарайшық қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан. Сарайшықта жеті хан жерленген.
2022 жылы қазақстандық велошабандоз Евгений Федоров Аустралияның Вуллонгонг қаласында өткен тасжолдағы велоспорттан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ол 169,8 шақырымдық топтық жарыста үздік нәтиже көрсетіп, әлем чемпионы атанды.
2023 жылы Алматыда Қазақстандағы офтальмологиялық қызметтің өзекті мәселелеріне арналған «Офтальмологиядағы дәстүрлер мен инновациялар» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара Қазақстанның офтальмология саласындағы тарихы мен жетістіктерін қалыптастырған Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының 90 жылдығына орай ұйымдастырылды. Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты – еліміздегі ең көне медициналық мекемелердің бірі. Мұнда ересектер мен балалардың көз ауруларына қатысты кеңес беріліп, диагностика және емдеу шаралары жүргізіледі. 90 жыл бойы институт ұжымы отандық медицинаның жетекші орталығы ретіндегі биік деңгейін сақтап, офтальмология саласының дамуына үлес қосып келеді.
2023 жылы Таразда Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровтың қатысуымен Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің 11-отырысы өтті. Тар және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Екі ел басшыларының күш-жігерінің арқасында соңғы жылдары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық әріптестік қарқынды дамып келеді.
2024 жылы Қазақстандағы Амур жолбарыстарын жаңғырту бағдарламасы аясында голландиялық Stichting Leeuw орталығы екі амур жолбарысын сыйға тартты. Амур жолбарыстарының аталықтары мен аналықтары Қазақстанға тұтқында өсіру үшін Нидерландыдан әкелінген. Жолбарыстар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи қорығына көшірілді.
2025 жылы Қазақстанда электр пойызының жолаушыларына арналған «Поттер пойызы» атты жаңа мәдени-сауықтыру шоуы іске қосылды. Балалар мен ата-аналар алғаш рет электр пойызында ұйымдастырылған театрландырылған бағдарламаға қатысты. Сапар барысында жолаушыларға «Гарри Поттер» әлеміндегі танымал кейіпкерлердің образындағы актерлердің қатысуымен қойылым ұсынылды. Бағдарлама интерактивті элементтерді қамтып, жолаушыларды ертегідегі саяхаттың ерекше атмосферасына бөледі. Әрбір жас жолаушыға естелік сыйлық - сиқырлы таяқша табысталды.
2025 жылы Қазақстанда алғашқы стейблкоин ресми түрде іске қосылды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жаңа цифрлық активтің іске қосылуы елдің қаржы жүйесі үшін елеулі мәнге ие. Стейблкоин криптокарта арқылы айырбастау және сауда операцияларын жүзеге асыруға жол ашады. Сонымен қатар өтімділікті Қазақстан ішінде сақтап, қолданыстағы қаржы инфрақұрылымымен ықпалдасуға жағдай жасайды.
Аударған: Ақзат Жиеналина