23 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2015 жылғы 23 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.
23 қыркүйек, СӘРСЕНБІ
Сауд Арабиясы Корольдігінің Мемлекеттік мейрамы - Корольдіктің жарияланған күні (1932).
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы сәуірдің 30-ында орнатылды.
Арапа күні (Зүлхижжаның 9-шы күні, Құрбан айттан бір күн бұрынғы күн)
Арапа күні - Құрбан айттың алдындағы күн және күндердің ең қадірлісі. Сол күні жасалған ізгі амалдардың сауабы бірнеше еселеніп беріледі.
Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (Айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды.
Арапа араб тіліндегі білу, түсіну деген мағынаға саятын «ъарафа» етістігінен шыққан. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зүл-хижжа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жай түс пе әлде аян ба» деп ойлаған Ол ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арафа (арапа)» деп атап кеткен деседі
Қырғызстанда мемлекеттік тіл күні
1989 жылы Қырғыз КСР-ның Жоғарғы кеңесі «Қырғыз КСР-ның мемлекеттік тілі туралы» Заңын бірауыздан қабылдап, оған мемлекеттік тіл дәрежесін берді.
Литвада Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күні
Еске алу күні 1943 жылы Вильнюстегі геттоның жойылуымен байланысты.
Брунейде мұғалімдер күні
Брунейдің 28-ші сұлтаны Омар Әли Сайфутдин ІІІ-нің туған күнінің құрметіне бекітілді.
Аргентина әйелдерінің саяси құқықтары күні
Жыл сайын атап өтіледі. Бұл мерекенің атап өтілуі Аргентинаның 29-шы және 41-ші президенті Хуан Пероның зайыбы Эва Перонның қызметімен байланысты.
Балалардың орта мектепті аяқтамауына қарсы күрес күні
Бұл мерекенің отаны - алғаш рет 2008 жылы AFEV ұйымының бастамасымен атап өтілген Франция.
Канадада ағаш мерекесі
Бұл мерекеге қатысты шаралар алғаш рет 2011 жылы өткізіліп, содан бері жыл сайын Канаданың бүкіл аумағында атап өтілуде. Бұл шаралар негізінен білім алу сипатында болып, канадалықтарға ағаштардың қоршаған ортадағы рөлі туралы көбірек білуіне мүмкіндік береді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2 3 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Колумбия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
2 2 жыл бұрын (1993) Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары Орта Азияда Экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойды.
2 1 жыл бұрын (1994) Ақмола университетіне Сәкен Сейфуллин есімі берілді.
1 7 жыл бұрын (1998) Алматыда танымал композитор Әсет Бейсеуовке ескерткіш орнатылды.
12 жыл бұрын (2003) Астанада Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер съезі басталды.
11 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Афиныда өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындары жүлдегерлерімен кездесіп, мемлекеттік наградалар табыс етті.
Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев 1-інші дәрежелі «Барыс» орденімен, Олимпиаданың күміс жүлдегерлері - грек-рим күресінің палуаны Георгий Цурцумиа, боксшы Геннадий Головкин, еркін күрес палуаны Геннадий Лалиев, ауыр атлет Сергей Филимонов «Құрмет» орденімен, қола жүлдегерлер - жеңіл атлет-онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов, грек-рим күресінің палуаны Мкхитар Манукян «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлерін дайындаған жаттықтырушылар - Н.Ақүрпеков, К.Ғалымтаев, Л.Дон, Ю.Мельниченко, Т.Сайханов және В.Карповқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарынан бір алтын, төрт күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Командалық есеп бойынша Қазақстан қырқыншы орынға табан тіреді.
10 жыл бұрын (2005) Павлодарлық Тарас Шевченко атындағы Украина мәдениет серіктестігінде республикадағы бірінші украин-қазақ сөздігінің тұсаукесер рәсімі болды.
Сөздік украина диаспорасының оқушыларына өз тілін және мемлекеттік тілді үйренуге көмек көрсетеді. Басылымның тиражы үш мың дана.
10 жыл бұрын (2005) Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешені ашылды.
Қоладан құйылған Әлияның бейнесі гранит тұғырға орнатылған. Ескерткіштің екі жағындағы гранит бедерлерге сақ дәуірінен бастап қазіргі кезеңге дейінгі қазақ тарихы бейнеленген. Мемориал авторлары - белгілі мүсіншілер Бақытжан Әбішев пен Ескен Серғабаев.
9 жыл бұрын (2006) Атырауда бесжұлдызды Renaissance қонақүйі ашылды.
6 жыл бұрын (2009) Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясы өзінің ресми сайтын - www.icehockey.kz. іске қосты.
6 жыл бұрын (2009) Талдықорғанда Қабанбай батыр ескерткіші салтанатты түрде ашылды.
Жетісу жерінде тұрып жатқан батырдың ұрпақтары «Дарабоз» қоғамдық-мәдениет қорын құрып, бірнеше қайырымдылық акцияларын жасау нәтижесінде ескерткіштің құрылысына қаражат жиналып отыр.
Ескерткіш қоладан құйылған, биіктігі 11 метр. Мүсінші-архитектор - Болат Құсайынов, жобалаушы - Бердібек Шігербаев.
Қаракерей Қабанбай (1691-1769) - қазақ батыры, жоңғарларға қарсы азаттық соғыстың даңқты қаһармандарының бірі. Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының бірі болған.
6 жыл бұрын (2009) Шығыс Қазақстанның Жарма ауданындағы Қалбатау ауылында Ер Жәнібек батырдың мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды.
Кешен қолындағы найзасымен бейнеленген батырдың алтыметрлік қола ескерткішінен тұрады. Оның екі жағын екі қасқыр қоршап тұрса, ал арқасында биіктігі 45 метрлік стела бар. Ескерткіштен 30 метрдей жерде Ер Жәнібектің кесенесі орнатылған.
Ер Жәнібек, Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) - жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше көзге түскен батыр, шешен. Ол үш жүздің хандары Әбілмәмбет және Абылай (Әбілмансұр) кезінде жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда қазақ қолының ең батыр сардарлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Уақ Өтеген және Орақбай, Малайсары қатарлы батырлармен тізе қоса отырып, «Құба Қалмақ» аталған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда күрескен қолбасы, әйгілі шешен, әділ би әрі сол кездегі тұтас Абақ-Керейдің ел иесі болған.
5 жыл бұрын (2010) Жезқазған аумағында бірқатар мектептерге Қазақстанның танымал қайраткерлердің есімдері берілді. Жезқазған әкімдігінің шешімін XVI сессия кезінде қалалық мәслихаттың депутаттары мақұлдады.
Жезқазғанның №1 орта мектебі енді Ахмет Байтұрсыновтың, № 4 мектеп - Бауыржан Момышұлының, № 9 мектеп - Мағжан Жұмабаевтың, № 10 мектеп - Міржақып Дулатовтың, № 13 - Дінмұхамед Қонаевтың, № 21 - Мұстафа Шоқай, ал № 26 гимназия - Шоқан Уәлихановтың есімін алды. Кеңгір ауылының № 2 орта мектебіне Мұхтар Әуезовтың, ал Талап ауылындағы № 6 мектепке - Қайрат Рысқұлбековтың есімі берілді.
4 жыл бұрын (2011) Алматыда ТМД экономикалық кеңесінің 51-ші отырысы, ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінің 55-ші отырысы және Кедендік одақ комиссиясы 31-ші отырысының қатысушылары ЕурАзЭҚ пен Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің өзара ықпалдастығының маңызды мәселелері мен болашағын талқылады.
2 жыл бұрын (2013) Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің 10 жылдығының құрметіне «Дінтұтқа» кітабының тұсаукесері болып өтті.
2 жыл бұрын (2013) Ресей жазушысы Геннадий Васильев «Бөкей хан» тарихи романын жазып аяқтады.
2 жыл бұрын (2013) Павлодар облысының Баянауыл аудан орталығында Қазақстан Республикасының тұңғыш академигі, Геология ғылымдары институтының және Мұса мырза мешітінің негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы мемориалдық мұражай ашылды.
Бір жыл бұрын (2014) «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Жаныңда жүр жақсы адам» деректі фильмдер циклының жаңа маусымы басталды. 170 жыл бұрын (1846) Берлин обсерваториясының неміс астрономы Иоганн Готтфрид Галле Урбен Леверьенің нұсқауларын басшылыққа алып, Нептунды анықтады.
29 жыл бұрын (1986) Американың астрофизигі мен диссиденті Чарльз Хайдер Вашингтондағы Ақ үйдің қасында аштық жариялады. Ол Рональд Рейганның әкімшілігінен қарулану жарысын тоқтатып, ядролық қарудан бас тартуды талап еткен. Доктор Хайдер 218 күн тамақтан бас тартқан.
7 жыл бұрын (2008) Google-дің 2007 жылы анонстаған Android мобильді операциялық жүйесінің бірінші нұсқасы ресми түрде шықты. Аталған платформамен жұмыс істеген бірінші құрылғы - тұсаукесері жүйе шыққан күні өткізілген HTC Dream смартфоны болды.
ЕСІМДЕР
74 жыл бұрын (1941-2004) жазушы, ақын-аудармашы САИН Алдан дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Еңбек жолын 1958 жылы Алматы теледидар студиясынан бастап, Көкшетау облыстық «Степной маяк» газетінде қызмет істеген. Кейін республикалық теледидар студиясында, Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінің жергілікті теледидар мен радио хабарын тарату бас редакциясында, республикалық кәсіподақтар кеңесінің баспасөз орталығында, Қазақстан Жазушылар одағының насихат бюросында қызметкер, Қазақ КСР кітапқұмарлар қоғамында жауапты хатшы, «Қазақтелефильм» студиясында бас редактордың орынбасары міндетін атқарған. Жазушының «Комиссардың өкілі» атты повесі жарық көрген. Жұмағали Саин, Мағжан Жұмабаев, т.б. ақындардың өлеңдерін орыс тіліне аударған.
58 жыл бұрын (1957) ҚР ІІМ министрінің бірінші орынбасары ДЕМЕУОВ Марат Ғанұлы дүниеге келді.
Полиция генерал-майоры Демеуов Марат Ғанұлы 1957 жылы 23 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1990 жылы КСРО ІІМ Қарағанды жоғарғы мектебін «заңгер» мамандығы бойынша бітірді. 1981 жылдың қазан айынан бастап, 1983 жылдың тамыз айына дейін КСРО ІІМ Алматы милиция мектебінің курсанты атанды. 1976 жылдың қазан айынан бастап, 1978 жылдың мамыр айына дейін Қарулы күштер қатарында қызметін атқарды. 1978 жылдың желтоқсан айынан 2001 жылға дейін ішкі істер органдарында бірқатар басшылық қызметте болды. 2001 жылдың қаңтар айынан 2003 жылдың шілде айына дейін Ақмола облыстық қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары болды. 2003 жылдың шілде айынан 2008 жылдың мамыр айы аралығында - Астана қаласының ІІД бастығының бірінші орынбасары. 2008 жылдың мамыр айы мен 2011 жылдың шілде айына дейін Астана қ. ІІД бастығы. 2011 жылдың шілде айынан бастап, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары. Отан алдындағы ерекше еңбекі үшін бірнеше Үкіметтік наградалармен марапатталған.
54 жыл бұрын (1961) «Privateclinic Almaty» көпбейімді медициналық орталығы бас директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, хирург, медицина ғылымының докторы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты АРЫН Нұрлан Мұхтарұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1984-1990 жылдары - Алматы қалалық емханасының дәрігері. 1990-1994 жылдары - Алматы мемлекеттік медицина университетінің ассистенті, доценті. 1994-1997 жылдары - Александр Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми-зерттеу орталығының жетекші қызметкері, 1998-2003 жылдары - осы орталықтың бөлім меңгерушісі. 2003-2005 жылдары - Астана қаласындағы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ының «Мейірім» көппрофильді медициналық орталығының бас дәрігері. Қазіргі қызметінде 2005 жылдан бастап істейді.
Оның ғылыми жұмыстары соқырішектің іріңдеуі кезіндегі калликринкинин жүйесінің патофизиологиясына, ұлтабар, ішек, өт жолдарының бітелуіне байланысты жасалатын операциялардың ерекшеліктерін зерттеуге арналған. Ол Қазақстанда алғаш рет балалар бауырының зақымданған бөлшектерін алып тастау (резекция) және асқазаннан жасанды (пластикалық) өңеш жасау операцияларын жүзеге асырды. Сонымен қатар Талдықорған, Түркістан, Павлодар, Астана, Қаскелең, Сарқанд қалаларында, Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы, Павлодар облысының Бақал, Көктерек және Ленин елді мекендері тұрғындары үшін қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, балалар мен ересектерге 700-ден астам операция жасаған. Ғалымның 220-дан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 6 монографиясы, 11 әдістемелік ұсынысы және Қазақстан Республикасы мен КСРО-ның 35 авторлық өнертабыс куәлігі бар. Нұрлан Арынның басшылығымен медицина ғылымының өзекті мәселелеріне арналған 3 ғылыми жұмыс жинағы жарық көрген. Балалар хирургиясы саласының 1 докторын, 8 кандидатын даярлаған. Сондай-ақ республикалық және шетелдік конференцияларда, симпозиумдарда, съездерде баяндамалар жасаған.
«Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
53 жыл бұрын (1962) Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары ШАЛҒЫМБАЕВ Қамбар Басарғабызұлы дүниеге келді.
53 жыл бұрын (1962) Қаржы полициясы академиясының бастығы МОЛДАБАЕВ Сарқытбек Сәрсембайұлы дүниеге келді.
Семей облысы Жарма ауданында дүниеге келген. Заң ғылымының докторы, профессор, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қаржы полициясының полковнигі. 1983-1995 жылдары аралығында Ішкі істер органдарында қызмет атқарған (Талдықорған облысы Ішкі істер басқармасының қылмыстық іздестіру милиционері, жедел-уәкілі, аға жедел-уәкілі, Талдықорған облысы Панфилов аудандық ішкі істер бөлімінің қылмыстық іздестіру бастығы, бастықтың бірінші орынбасары). 1996-2004 жылдары аралығында сот әділдігі органдарында қызмет атқарған (Талдықорған және Алматы облыстық сотының судьясы, Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы, Қазақстан Республикасы Әскери сотының қылмыстық алқасы төрағасы). 2005-2006 жылдары аралығында Қазақстанның Халық банкінде басқарма бастығы, департамент директоры. 2006-2007 жылдары аралығында Қазақстанның кеден қызметінде (ҚР ҚМ КБК-де басқарма бастығы). 2007 жылдан 2009 жылдың шілде айына дейін ҚР ІІМ және ҚР ЭСЖКА (қаржы полициясы) оқу орындарында қызмет еткен (ҚР ІІМ Алматы заң колледжінің бастығы, ҚР ІІМ Академиясында ғалым хатшы, ҚР Қаржы полициясы академиясы бастығының оқу-әдістемелік жұмысын ұйымдастыру жөніндегі бірінші орынбасары). 2009 жылдың тамыз айынан 2011 жылдың қаңтар айы аралығында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы институтының директоры. 2011 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Қазақстан Республикасы Бас прокурорының аға көмекшісі. 2011 жылдың желтоқсан айынан 2013 жылдың сәуір айы аралығында Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің инспекторы. 2013 жылдың сәуір айынан бастап Қаржы полициясы академиясының бастығы.
40 жыл бұрын (1975) «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры АХМЕТОВ Арман Бекмұхаметұлы дүниеге келді.
39 жыл бұрын (1976) ҚР Президентінің ҚР Парламентіндегі Өкілдігі жетекшісінің орынбасары ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ Ескендір Көпбосынұлы дүниеге келді.
Алматы облысындағы Қапшағай қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген, заңгер.
1997 жылдан ҚР Жоғарғы сотында қаржы-шаруашылық бөлімінің аға маманы, іс жүргізу және бақылау бөлімінің рефренті, сот алқасының консультанты, қылмыстық істер жөніндегі мемлекеттік-құқықтық бөлімінің консультанты. 2001 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің консультанты. 2003 жылдан - ҚР Президентінің ҚР Парламентіндегі өкілдігінің бас сарапшысы. 2004 жылдан - ҚР Жоғарғы соты аппаратының кадрлар жұмыстары басқармасының бастығы, кадрлар және мемлекеттік қызмет бөлімінің меңгерушісі. 2005 жылдан - Ақтөбе облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы. 2006 жылғы қарашадан - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары.
39 жыл бұрын (1976) Алматы қаласы бойынша ревизиялық комиссияның мүшесі МҰҢСЫЗБАЕВА Айгүл Төлеуханқызы дүниеге келді.
38 жыл бұрын (1977) «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС-нің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалының директоры КӘРІБАЕВ Асылбек Әмірханұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ басқару Академиясын экономика мамандығы бойынша бітірген. Еңбек қызметін 1997 жылы «Газснабтранс» МГХК. 2003 жылдан бастап «ҚазТрансОйл» компаниясында Батыс филиалының директордын орынбасары ретінде жұмыс істеген. 2005 - 2009 жж. «КазМунай Газ» Сауда Үйі АҚ. Мұнайгаз саласында басқару жұмысының тәжірибесі бар. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нде 2009 жылдың қазан айынан Бірінші Вице-президент ретінде қызмет етеді. 2010 жылғы 7 мауысымында акционерлер жиналысының шешіміне сәйкес компанияның Президенті ретінде тағайындалды. Қазіргі қызметте - 2014 жылдан бастап.
302 жыл бұрын (1713-1759) Испанияның 1746-1759 жылдардағы королі ФЕРДИНАНД VI дүниеге келді.
7 7 жыл бұрын (1938-1982) неміс-француз кино актері, австриялық, неміс және француз киносының жұлдызы Роми ШНАЙДЕР дүниеге келді.