23 жастағы қазақстандық Әлішер Әпсәләмов «Кардифф Сити» футбол клубының менеджері болды

«Команданың бұрынғы менеджері Молки Макай қызметінен шеттетіліп, орнына 23 жастағы қазақстандық Әлішер Әпсәләмов тұрды. Ұлыбритания халқы бұл жаңалыққа аң-таң болуда, өйткені «Кардифф Ситидің» жаңа менеджерінің не тиісті білімі, не футбол клубтарындағы жұмыс тәжірибесі жоқ. Аталған міндетті Әпсәләмовқа жүктеуге мұрындық болған «Сиитидің» иесі Винсент Тан екені хабарлануда», - деп айтылған хабарламада.
Еске сала кетейік, «Кардифф Сити» футбол клубы (ағыл. Cardiff City Association Football Club) - Кардифф қаласындағы кәсіби футбол клубы. 1899 жылы 9 қазанда негізі қаланған клуб - Англия Кубогын жеңіп алған англиялық емес екі клубтың бірі.
Ә.Әпсәләмовтың әлеуметтік желілердегі беттеріне сілтеме жасаған vesti.kz сайтының ақпараты бойынша, ол Тан ұлының досы болып табылады.