23 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 23 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

15 қыркүйек. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСІМДЕР

56 жыл бұрын (1968) халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Ольга Васильевна ШИШИГИНА дүниеге келді.

Ольга Васильевна ШИШИГИНА
Видеодан алынған кадр

Алматы қаласында туған. Қазақ туризм және спорт академиясын бітірген. Спортшы Қазақстан және КСРО жасөспірімдері арасындағы чемпионы, 100 метрге кедергілі жүгіруден Азияның қола жүлдегері, Азия чемпионы, 12-13-ші Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, жабық залда 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруден әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Олимпиада ойындарының чемпионы атанған.

І дәрежелі «Барыс» , «Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық» ордендерімен марапатталған, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, Олимпиада чемпионы (2016-2022).

53 жыл бұрын (1971) қазақстандық кинорежиссер, актер, сценарист және продюсер Ахан Қарғамбайұлы САТАЕВ дүниеге келді.

Ахан Қарғамбайұлы САТАЕВ
Фото: Gov.kz

Қарағанды ​​қаласында туған. 1994 жылы Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын (кино және теледидар) бітірген.

Еңбек жолы: 2003 жылы актер, режиссер, жарнамалық роликтердің продюсері; «Сатайфильм» киностудиясының негізін қалаушы. 2016 жылы Astana Film Found компаниясының негізін қалады. 2020-2022 жылдары Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті қызметін атқарды.

«Құрмет» орденімен марапатталған (2019). Қазақстанның киноиндустриясының үздік қайраткері, «Жылдың халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты (2014), Қазақстан кинематографистер одағының «Құлагер» ұлттық сыйлығының лауреаты (2012), «Анаға апарар жол» толықметражды көркем фильмі үшін Қазақстан Республикасының әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2018); «Алтын жұлдыз» сыйлығының бірнеше дүркін иегері; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды (2013).

46 жыл бұрын (1978) Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Көбегенұлы ҚҰСАЙЫНОВ дүниеге келді.

Мұрат Көбегенұлы ҚҰСАЙЫНОВ
Фото: Gov.kz

Қазақ мемлекеттік заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 2000 жылы Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокуратурасында тағылымгер болып бастаған. Әр жылдары Астана қаласының, Ақмола облысының прокуратурасында және Бас прокуратураның орталық аппаратында жұмыс істеді. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде басшылық қызметтерді атқарды. Комитеттің Нұр-сұлтан қаласы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасы бастығы лауазымында болды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың тамыз айынан бері атқарып келеді.

135 жыл бұрын (1889-1937) Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің мүшесі және белсенді қайраткері Бижан (Бижанғали) Әбілқасымұлы ЖАНҚАДАМОВ дүниеге келді.

Бижан (Бижанғали) Әбілқасымұлы ЖАНҚАДАМОВ
Фото: Wikipedia

Б.Жанқадамов 1916 жылы қазақтан майдандағы тыл жұмысына адам алуды тоқтату жөніндегі Жайық сырты қазақтары делегациясы құрамында Петроградқа барды. Сол жылы қазан айында Қазан қаласында оқитын бір топ қазақ студенттерінің қатарында майдандағы тыл жұмысына алынғандарға, олардың үй-ішіне көмектесу жөнінде «Қазақ» газетіне хат жазды. 1917 жылы наурыз айында Ә. Бөкейханның шақыруымен қазақ оқығандары тобында Батыс майданға келіп, жігіттерді елге жеткізу ісін ұйымдастырды. 1917 жылы күзде ел ішіндегі ықпалды адамдардың ұсынуымен Жымпиты уездік земство басқармасы төрағалығына Жәленовпен баламалы негізде шарға (сайлау) түсіп, басым дауыспен төраға болды. Ол Земство жүйесін бірден-бір жергілікті билік органы деп біліп, оның демократтық негізде жұмыс істеп, халық шаруашылығы міндеттерін толықтай атқаруына күш жұмсады. М. Шоқай, Х. Досмұхамедов, И. Қашқынбаев, Б. Қаратаевтармен тығыз байланыста жұмыс істеп, Алашорданың үкімет ретінде танылуына зор үлес қосты. 1937 жылы сәуірдің 10-ында «белсенді алашордашы, халық жауы» ретінде тұтқындалды. Жауап алу кезінде Ж. Досмұхамедовты құрметтейтінін, А. Байтұрсыновтың, М. Жұмабаевтың талантына бас иетінін тайсалмай айтып, Батыс Алашорда құрамында болғанын жасырмағаны үшін 1937 жылғы желтоқсанның 2-де атылды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты коллегиясының 1992 жылғы қыркүйектің 16-дағы ұйғарымымен ақталды.

87 жыл бұрын (1937-2011) композитор, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мыңжасар МАҢҒЫТАЕВ дүниеге келді.

Мыңжасар МАҢҒЫТАЕВ
Фото: Wikipedia

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын профессор К. Х. Қожамьяровтың класы бойынша бітірген. Маңғытаевтың шығармашылығының жанры әрқилы, ашық әуезділігімен айрықшаланады, оның ұлттық – бояулы мәнеріне вокалдық және халық-аспаптық ерекшеліктерді біріктіру тән. Маңғытаевтың мәнері әсіресе, «Қозы мен Баян» балетінде, «Арман», «Құлагер» симфониялық поэмаларында «Шексіз махаббат» ораториясында, «Ақсақ құлан», «Жайлауда», «Қаратау әуендері» сияқты хорға арналған поэмаларында, әндерінде анық із салған. Ұлы Абайдың өлеңіне жазылған «Не іздейсің көңілім», «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп», «Өлсе – өлер табиғат, адам өлмес...» өлеңдеріне ән-романстар жазды. Сазгер жалпы саны үш жүзге таяу ән шығарды. Оның вокалдық-хор, аспаптық, симфониялық оратория-кантаталары, оркестрлік поэма-сюиталары, кинофильмдер мен спектакльдерге жазған шығармалары заман тынысын, өмір шындығын, дүние сұлулығын жырлайды. Ақан серінің «Қараторғай» әніне жазған вариациялары мен «Арман» атты симфониялық поэмасында, І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының желісіне жазған симфониясы мен «До-мажор» симфониясында, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақтолғай» симфониялық сюиталарында халық әуендерін шебер пайдаланған. Ал халық оркестріне арнап жазған «Көктем» поэмасы мен «Концерттік күй», «Ырғақты», «Төгілмелі» атты күйлері, төрт бөлімді «Аққудың айрылуы» деген топтамасы оның композиторлық мүмкіндігінің жаңа қырын ашты. «Қаратау әуендері», «Дала дауысы» , «Жайлауда» хор поэмалары мен хор сюиталары, «Ауыл тойы», «Елім менің» вокалдық-хореографиялық композициясын тыңдаушы қауым жылы қабылдады. «Ақан сері – Ақтоқты», «Сталинге хат», «Неке қияр», «Біздің үйдің жұлдыздары» спектакльдеріне, «Бәйшешек», «Көкжиек» кинофильмдері мен Қ. Сәтбаев туралы деректі фильмге, «Қожанасыр сәулетші», «Әулие есек», «Үш түлек» т.б. мультфильмдерге музыка жазды.

«Құрмет» орденімен марапатталған.