230 мың доллар ұрлаған: күдікті әйел Грекиядан елге экстрадицияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Грекиядағы Қазақстан Елшілігінің көмегімен аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін Қазақстан азаматын экстрадициялады.
2021 жылы Алматыдағы тасымалдау компаниясында бухгалтер болып жұмыс істеген күдікті басшысынан 230 000 АҚШ долларын банктік сейфте сақтау мақсатында алып, иемденген деп айыпталып отыр.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті жасырынған және халықаралық іздеуде болған.
2024 жылғы маусым айында Грекия жерінде ұсталып, Қазақстан тарапынан түскен өтініш негізінде елге жеткізілді.
Қазақстан мен Грекия арасында тікелей әуе қатынасы жоқ болғандықтан, экстрадиция Сербия арқылы транзиттік тасымалдау жолымен жүзеге асырылды. Бұл процесте Қазақстанның Сербиядағы Елшілігі көмек көрсетті.
Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласындағы тергеу изоляторына қамалды.
Оған қатысты қылмыстық іс қозғалған. Заң бойынша, мүлкі тәркіленіп, белгілі лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейін айыру және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған.