230 мыңнан астам елорда тұрғыны МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада тұрғындардың 82,8%-ы МӘМС жүйесінің қатысушылары, ал сақтандырылмағандар үлесі – 17%. 2023 жылдың 31 мамырындағы жағдай бойынша МӘМС жүйесіне қатысушылар саны - 1 115 119 адам. Әлі 232 360 қала тұрғыны қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр, - деп хабарлайды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалы.

230 мыңнан астам елорда тұрғыны МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған

2023 жылдың 31 мамырындағы жағдай бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған Астана қаласы тұрғындарының үлесін бөліп қарастырсақ: соңғы 12 айда төлемдері жоқ адамдар – 60%; жұмыскерлер – 24%; жеке кәсіпкерлер – 6%; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар – 4%; дербес төлеушілер – 3%; БЖТ төлеушілер – 2 %; тағы басқалары – 0,2%.

«Қор медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту және халықты МӘМС жүйесіне барынша тарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Қазір елорда тұрғындарының 82,8%-ы жүйеде сақтандырылған. Яғни, қажет болған жағдайда, олар медициналық сақтандыру пакетінде медициналық көмек ала алады. Дегенмен, 230 мыңнан астам азамат түрлі себептермен жүйеден тыс қалған.

Әйтсе де, айта кету керек, МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса да, барлық азаматтар тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде медициналық (шұғыл медициналық көмек, жедел жәрдем бригадасын шақыру, учаскелік дәрігер қабылдауы, т.б.) көмек ала алады», - деп түсіндірді Медсақтандыру қорының елорда филиалы директорының міндетін атқарушы С.Болысбекова.

Естеріңізге саламыз, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылған. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады.

Бұған дейін медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.

«2023 жылдың 31 мамырындағы жағдай бойынша елорда халқының жалпы саны - 1 347 479. Әлі 230 мыңнан аса астаналық қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл олардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурулардың алдын алуын, медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатады. Осы ретте енгізілген жаңа төлем механизмі оң ықпал етеді деп ойлаймыз» - деп атап өтті С.Болысбекова.

Егер сізде медициналық көмек көрсету сапасына қатысты сұрақтарыңыз болса, сіз оларды өз емханаңыздағы Пациенттерді қолдау қызметіне қоя аласыз. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, онда өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгінуге болады: fms.kz ресми сайты, 1414 бірыңғай байланыс орталығы, Telegram-дағы SaqtandyryBot және Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы.

Дәл осы құралдар сақтандырылу мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы ҚР egov.kz электрондық үкіметінің сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-те аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы біле аласыз.