237 млн теңге айыппұл: Түркістан облысында тазалық талаптарын бұзу тыйылмай тұр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоғамдық орындардың тазалығы мен санитарлық жағдайына қатысты заң бұзушылықтар бойынша жыл басынан бері 237 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Түркістан облысында тазалық талаптарын бұзу тыйылмай тұр
Фото: Pexels

Облыста қоғамдық орындарда тәртіп бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қабылданып жатыр. Алайда салынған айыппұлдың барлығы бірдей өтелмеген.

Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы бойынша 5746 әкімшілік хаттама толтырылып, 170,6 млн теңге айыппұл салынды. Оның 114,3 млн теңгесі өндірілді. Ал 505-бап бойынша 7978 хаттама толтырылып, 45,2 млн теңге айыппұл салынған. Оның 31,6 млн теңгесі өтелді.

— Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан 505-бап бойынша 3784 хаттама толтырылып, 21,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 11,9 млн теңгесі өндірілді. Бұл хаттамалардың 3395-і ескерту болса, 389-ы айыппұл салуға қатысты, — делінген облыс әкімдігі таратқан ақпаратта.

Өңірде рейдтік және профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Жуырда мобильді топ Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарындағы саябақтар, скверлер мен қоғамдық орындарды аралап, тазалық қағидаларын бұзудың 76 дерегін анықтады.

Бұдан бөлек, Шардара және Созақ аудандарындағы мониторинг барысында тағы 53 кемшілік тіркелді. Жауапты тұлғаларға оларды жою үшін мерзім берілді.

Бұған дейін, 22 шілдеде, Түркістан облысында тазалық талаптарын бұзғандарға жыл басынан бері 166 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын жазған едік. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 237 млн теңгеден асты.

Сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс аумағында 250 рұқсатсыз қатты тұрмыстық қалдықтар үйіндісі анықталды. Заңсыз қоқыс орындарының ең көбі Ордабасы ауданында — 53, Арыс қаласында — 48 және Келес ауданында 37 факті тіркелген.