24 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 24 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

62 жыл бұрын (1961) Қазақ эстрада театрының бас директоры, «Бауыржан-шоу» театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанда «Сатира және әзіл» бірінші эстрадалық театрының негізін қалаушы Бауыржан Сабзалыұлы ИБРАГИМОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтын (инженер-құрылысшы), Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын (драма және кино актері) тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1988-1992 жылдары «Тамаша» телетеатрының актері әрі коммерциялық директоры, 1992-1998 жылдары Алматы қаласындағы Теміржолшылар сарайының бас директоры, 1998-2002 жылдары Алматы қаласындағы «Целинный» кинотеатрының бас директоры, 2002-2007 жылдары «Ақбура» өндірістік кооперативінің директоры қызметтерін атқарды. 2007-2012 жылдары «Фуд-Стар» ӘКБ басқарма төрағасы, 2012-2016 жылдары Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры болды. 2016 жылдан бастап «BNB-Group» құрылыс компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы.

Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, халықаралық эстрада әртістері байқауының лауреаты.

55 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Нурия Исмагиловна НИЯЗОВА дүниеге келді.

Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық университетінің Алматы филиалын инженер-технолог мамандығы бойынша, Ресей Федерациясының Новосібір мемлекеттік университетін психолог мамандығы бойынша тәмамдаған. Ұйымдастыру психологиясы мамандығы бойынша Бизнес психологиясының халықаралық дипломы бар.

Еңбек жолы: 1989-1991 жылдары Алматы қаласының асханалар мен мейрамханалар тресі №152 Шаруашылық есеп жүргізуші ұйымында технолог-инженер болып еңбек етті. 1998-2008 жылдары «Шаһар» телерадиокомпаниясы, Hit TV, «Energy» радиосы, бизнесті дамыту жөніндегі директор қызметін атқарды. 2008-2022 жылдары директор болып, жеке кәсіппен айналысты. 1999 жылдан бастап «Отан», «Нұр-Отан», қазіргі «Аманат» партиясының мүшесі. 2016 жылдан бастап Алматы қалалық «Аманат» («Нұр-Отан») партиясы Саяси Кеңесінің мүшесі. 2012 жылдан бастап «Ильдаш» Татар этно-мәдени және гуманитарлық даму орталығы» Қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы, 2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, 2020 жылдан бастап Алматы қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болды. 2015-2020 жылдары Алматы қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы, 2016-2021 жылдары «Нұр-Отан» партиясынан VI шақырылымдағы Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, 2016-2021 жылдары Алматы қаласы Мәслихатының тұрақты Комиссиясы төрағасының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 2016-2023 жылдары Алматы қаласы бойынша «Аманат» партиясы Алатау филиалының Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, 2021-2023 жылдары «Аманат» партиясы Алматы қалалық филиалының Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылғы қаңтар айынан атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

58 жыл бұрын (1965) Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Нұрберген Өтебайұлы ХУДИБАЕВ дүниеге келді.

Түрікменстан Республикасы Балқан облысында дүниеге келген. Түрікмен халық қожалық институтын «экономист» және Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1985 жылы Түрікменстан Республикасы Красноводск қалалық «Центрнефтехимремстрой» басқармасында технологиялық қондырғыларды жөндеу және қызмет көрсету бойынша 4 дәрежелі слесарь болды. 1988-1991 жылдары Красноводск қалалық ТЭЦ мекемесінің слесарь, машинисі, 1991-1992 жылдары Красноводск ауданы бойынша мемлекеттік салық инспекциясының мемлекеттік салық инспекторы, 1992-1995 жылдары Түрікменстан Республикасы Бекдаш поселкесі мемлекеттік салық инспекциясы тексеру бөлімінің бас салық инспекторы,1995-1996 жылдары Мемлекеттік қаржы валюта бақылау комитеті Маңғыстау облысы бойынша басқармасының Қарақия ауданы бойынша бөлімінің бас бақылаушы – ревизоры болып еңбек етті. 1996-1999 жылдары Қарақия аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі, 1999-2003 жылдары Маңғыстау облысы Қарақия ауданы бойынша қаржы комитетінің төрағасы, 2003-2008 жылдары Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы бойынша қаржы комитетінің төрағасы, 2008-2012 жылдары Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы бойынша салық басқармасының басшысы болды.

Қазіргі қызметін 2012 жылдан бері атқарып келеді.

53 жыл бұрын (1970) «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Дәулет Рысқұлбекұлы ОСПАНОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Рязан жоғары әскери командалық байланыс училищесін (1992), ҚР ҚК Әскери академиясын бітірген (2000).

Еңбек жолы: 1988-1992 жылдары Рязань ЖӘКБУ тыңдаушысы, 1992-1998 жылдары Жеке гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасы байланыс ротасы байланыс взводының командирі, десанттық-шабуыл батальоны взвод командирі – байланыс бастығы, штабтық рота командирі, батальон командирінің орынбасары – штаб бастығы, батальон командирі, жеке десанттық-шабуыл батальонының командирі, 1998-2008 жылдары ҚР ҚК Әскери академиясының тыңдаушысы, Жеке гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасы тыл бойынша бастығынын (тыл ұйымдастыру-жоспарлау жұмысы бойынша) орынбасары, бригада командирінің тыл бойынша орынбасары - жеке гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасы тыл бастығы, Жеке десанттық-шабуыл бригадасы командирінің орынбасары - штаб бастығы, бригада командирі қызметтерін атқарды. 2008-2010 жылдары ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары, қолбасшының әскери дайындық жөніндегі орынбасары - қолбасшы басқармасының жауынгерлік дайындық Басқармасының бастығы, 2010 жылғы сәуірінен ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, ҚР Қарушы Күштерінің Құрлық әскерлері Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы болды. 2015-2018 жылдары «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, 2018-2022 жылдары ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары (жауынгерлік даярлық бойынша) - ҚР ҚК ҚК Бас қолбасшысы басқармасының жауынгерлік даярлық бас басқармасының бастығы лауазымында болды.

Қазіргі қызметін 2022 жылғы маусым айынан атқарып келеді.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен (2010), медальдармен марапатталған.

64 жыл бұрын (1959) Батыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қаржы-экономикалық бөлімінің басшысы Темірбек Нүкенұлы МОЛДАШЕВ дүниеге келді.

1982 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтын «Инженер-механик» мамандығы бойынша бітірді. 2010 жылы Қазақ қатынас жолдары университетін «Құрылыс» мамандығы бойынша, 2011 жылы Батыс Қазақстан инженерлік гуманитарлық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмәмдаған.

Еңбек жолы: 1982-1984 жылдары Жымпиты ауданының Қособа совхозының мал шаруашылығында инженер болып еңбек етті. 1984-1996 жылдары Қособа совхозының бас инженер-механигі, Жымпиты аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің бас инженер-механигі, Қособа совхозының бас инженері қызметтерінде болған. 2000-2003 жылдары Батыс Қазақстан облысының тұрғын үй-коммуналдық, жол шаруашылығы және көлік басқармасының тұрғын үй-коммуналдық бөлімінің бас маманы, 2003-2005 жылдары Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің сумен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы, 2005-2008 жылдары Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастыру, мемлекеттік сатып алу және есеп бөлімінің бас маманы, 2008-2012 жылдары Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру, өткізу және есеп бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. 2012-2020 жылдары Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы болды.

Қазіргі қызметін 2020 жылдың маусым айынан атқарып келеді.

128 жыл бұрын (1895-1983) қазақ балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, жазушы, аудармашы Сапарғали Ысқақұлы БЕГАЛИН дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. 1915 жылы Семей қаласындағы орыс-қырғыз (қазақ) училищесін бітірген. 1929-1935 жылдары Дегелең облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық судьясы болды. Қазақ егіншілік халық комиссариатында, Түрксіб басқармасында жауапты жұмыстар атқарды. 1935-1960 жылдары «Теміржолшы» газетінде, Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан Жазушылар одағында әр түрлі қызметтер атқарған. Алғашқы өлеңі «Қазақ бозбалаларына» деген атпен 1914 жылы «Айқап» журналының №9 санында басылды. Алғашқы кітабы «Қыран кегі» 1944 жылы жарыққа шықты. 1948 жылы басылған «Көксегеннің көргендері» повесі артынан орыс тіліне аударылған. 50-60 жылдары «Жас бұтақ», «Ермектің алмасы», «Бақыт», «Жеткіншектер», «Ананың күші», «Мектеп түлектері» әңгімелер жинақтары, өлеңдер мен поэмалар жинағы «Сырлы қайнар», «Цимлян теңізі», «Көтерілген тың» шыққан.

Жазушы Шоқан Уәлихановтың бейнесін жасауда көп жұмыс істеген, нәтижесі – «Шоқанның балалық шағы», «Шоқан асулары» повестері, «Замана белестері» романы жарық көрді. Халық ақындарының шығармаларын сұрыптап жинақ етіп шығарды, өнер саңлақтары жөнінде, жыр алыбы Жамбыл Жабаев туралы монография жазды. Көптеген туындылары шетел тілдеріне аударылған. С. Бегалин А. Пушкиннің, М. Лермонтовтың, Д. Мамин-Сибиряктың, Н. Лесковтың және тағы басқа жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

Халықтар Достығы, 2 рет «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

ҚПЛ: «Ұлытау» өз алаңында «Елімайдан» басым түсті
Ұқсас жаңалықтар

ҚПЛ: «Ұлытау» өз алаңында «Елімайдан» басым түсті