24 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 24 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік теңіз күні
Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі халықаралық мерекелердің бірі, Үкіметаралық теңіз консультативтік ұйымы Ассамблеясының Х сессиясының шешімімен 1978 жылдан бері аталып өтеді.
Дүниежүзілік теңіз күнінің мақсаты — шамадан тыс көп балық аулау, ластану және жаһандық жылыну салдарынан теңіздер мен мұхиттарға келтірілген орны толмас залалға халықаралық қоғамдастықтың назар аудару. Теңіз көлігінің экологиялық қауіпсіздігін арттыру, теңіздің, әсіресе мұнайдан ластануының алдын алу, биологиялық ресурстарды сақтау және браконьерлікпен күрес — аса маңызды міндеттер қатарында.
Халықаралық керуеншілер күні
Мерекені 1995 жылы Халықаралық көлік-жүк операцияларын оңтайландыру қауымдастығы бекіткен. Керуенбасылар, көлік колонналары мен кеме керуендері құрамындағы адамдар, алыс жолға қатынайтындар, сауда кемелерінің командалары мен экспорт кемелерінің экипаждары тойлайды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1991 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматыда болған оқиғаларға байланысты мән-жайларды түпкілікті бағалау жөніндегі комиссияның қорытындылары туралы қаулының алғашқы ресми құжатын қабылдады, онда жастардың алаңға шығып сөз сөйлеуі ұлтшылдық емес екені және бастапқы кезеңде құқыққа қарсы сипатта болмағаны туралы айтылды.
1996 жылы Нью-Йоркте Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт қол қоюға ұсынылды. Құжатқа сәйкес, қатысушы мемлекеттердің әрбірі сынау үшін ядролық қаруды жармау, өз бақылауындағы кез келген жерде ядролық жарылысқа тыйым салу міндетін алды. Қазақстан құжатқа 1996 жылғы 30 қыркүйекте қол қойып, 2001 жылдың 14 желтоқсанында ратификациялады.
2005 жылы Петропавлда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Жобаның авторы — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Хасен Абаев.
Ескерткіш орналасқан жерде бұрын Халықтық Ішкі істер комиссариатының ғимараты орналасқан болатын. Ескерткіштің іргетасына шойын жолға бекітілген пирамида орнатылған. «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына» деген жазу қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Үшбұрышты пирамида — бәріне белгілі адам символы болып табылады. Ол шойын жолға бекітілген сияқты, сол жолмен кезінде репрессияға ұшырағандарды Қазақстанға жеткізген. Шетінде — үш жол, ол жарлық шығарған сталиндік «үштікті» бейнелейді. Композицияда үш түс пайдаланылған: қара түс — өлім, қызыл түс — қан, ақ түс — болашаққа деген сенім мен үміт. Ескерткіш орнатылған алаңда қазіргі заманғы талаптарға сай шағын бақ ашылды.
2010 жылы танымал қазақстандық ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Жәңгір» тарихи драмасының сценарисі және продюсері атанды. Жаңа жоба — 1825 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы тарихи драма, оның эпицентрінде Қазақ ханы Жәңгір болған. Фильмнің түсірілімі Санкт-Петербургте өтті. Картинаға ресейлік, қазақстандық, сондай-ақ француз және фин кинематографистері тартылған. Картинаның жалпы бюджеті — 8-9 млн АҚШ доллар.
2011 жылы «Еуразия» VII Халықаралық кинофестивалінде қазақ режиссері Ерлан Нұрмұхамбетов пен режиссер Сано Синдзюдің «Найзағай алдында» картинасы үздік фильм атанды.
2012 жылы Павлодарда Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потанинге ескерткіш ашылды. XIX ғасырда тұрып, Қазақстанның мәдениеті, ғылымы және әдебиетіне зор үлес қосқан екі көрнекті тұлға, екі дос қоладан жасалған мүсіндік композицияда мәңгі есте қалдырылды. «Ш. Уәлиханов пен Г. Потанин» мүсіндік композициясының биіктігі — 3,6 метр, бұл — танымал қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұровтың жұмысы. Оның тұғыры өңделген гранитпен қапталған.
2013 жылы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары Иран мен Үндістаннан XI–XVIII ғасырларға жататын, Қазақстан тарихына тікелей қатысы бар 40-қа жуық көне қолжазбаның көшірмесін әкелді. Құжаттарды Қазақстан ғалымдары «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасы аясында Иран Ислам Республикасы мен Үндістанның музейлеріне ұйымдастырған экспедициясы кезінде тапты.
2018 жылы Ақтөбе қаласының 5-шағын ауданында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың атындағы көпір ашылды.
2019 жылы Қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік Германияның әлемге әйгілі «Баден-Баден» клубымен келісімшартқа қол қойды.
«Баден-Баден» әйелдер клубы классикалық шахматтан да, жылдам шахматтан да әлем чемпионы атанған ең мықты шахматшыларды қатарына қосып келеді. «Баден-Баден» командасының капитаны жас әрі мықты шахматшыны қатарына қосып алғанына қуанып отырғанын жеткізді.
2020 жылы Түркияда қазақ халқының ұлы ақыны және ойшылы Абайдың құрметіне саябақ пен ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтті. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Анталия қаласы Мұратпаша ауданының мэрі Үміт Уйсал саябаққа Абайдың атын беру қазақ және түрік халықтарының рухани және мәдени жақындығын көрсететін маңызды оқиға екенін атап өтті.
2020 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші факультативтік хаттамаға қол қойды.
Өлім жазасын жою туралы халықаралық хаттамаға қосылу туралы шешімді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында жалпысаяси жарыссөзде сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
2020 жылы Әбу-Дабиде (БАӘ) «Абай» мәдени-танымдық залы ашылды, онда оқырмандар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған қазақ, араб және ағылшын тілдеріндегі шығармалармен таныса алады. Залда Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы мәдени ынтымақтастық мәселелеріне арналған ресми іс-шаралар да өткізіледі.
2021 жылы Астанада ақын, тәжік және парсы классикалық әдебиетінің негізін қалаушы Әбу Абдаллах Рудакиге арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шарада VIII шақырылымдағы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміз ұлы ақын Әбу Абдаллах Рудакидің шығармашылық мұрасын жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ оның поэзиясы әлем мәдениетінің қазынасына енетінін айтты.
— Шығыстың Омар Хайям, Низами, Фирдоуси, Джами, Руми сияқты көрнекті ақын-жазушылары Рудаки шығармашылығымен өсті. Ал бүгін осы аттас көшеде тәжік және парсы классикалық әдебиетінің негізін салушы Әбу Абдаллах Рудакиге ескерткіш ашамыз. Душанбеде қазақтың көрнекті ойшылы Абай атындағы көше бар екенін білемін. Мәдени-рухани байланыстар әрқашан екіжақты қатынастардың берік іргетасы болды және болып қала береді. Сондай-ақ, көрнекті бабаларымыздың рухына тағзым ету өте маңызды, — деді Мәулен Әшімбаев.
2021 жылы Алматыда ақын, «Тарлан» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариев тұрған «Самал-2» шағын ауданындағы № 43 үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
2021 жылы Канев қаласындағы Шевченко ұлттық қорық-мұражайына Тарас Шевченконың өмірі мен шығармашылығының «қазақ кезеңіне» арналған экспозициясын толықтыру үшін қазақ тұрмысына қатысты заттар, ұлттық киімдер және т. б. жеткізілді.
Ұлы Кобзарь Тарас Шевченко 10 жылын Қазақстанның Маңғыстау облысында айдауда өткізіп, осы кезеңде 500-ге жуық бірегей бейнелеу туындыларын жасады, оның 350-і қазақ халқына, оның тұрмысы мен мәдениетіне, Қазақстанның табиғатына арналған.
2023 жылы Ұлттық ұланның әскери қызметкері Еламан Қойшыбаев Сербияда өткен спорттық және жауынгерлік самбодан Әлем кубогында спорттық самбодан 88 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасы сапында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қатысты.
2024 жылы Астанада Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының (World Association of Lesson Studies) халықаралық конференциясы ашылды. Іс-шараға 30 елдің өкілдері тәжірибе алмасу үшін қатысты. «Сабақты зерттеу: үздік оқу мен оқытуға ұмтылу» тақырыбындағы WALS-2024 Астана конференциясы қазіргі педагогика ғылымындағы стратегиялық бағытқа арналды.
2024 жылы Қазақстан жасөспірімдер ауыр атлетика құрамасының өкілі Едіге Емберді Испанияның Леон қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіске жетті. Ауыр атлет 89 келі салмақ санатында алтын медаль жеңіп алды. Екікүрес нәтижесінде Емберді 352 (153+199) келі тас көтерді.
2025 жылы Қазақстанда MyArmy.kz порталы іске қосылды, бұл әскери қызметтерді онлайн режимінде пайдалануға мүмкіндік ашты. Сайтта әскери қызметке немесе келісімшарт бойынша қызметке өтініш беруге, өтініштердің мәртебесін бақылауға, жаңалықтарды оқуға және қорғаныс істері жөніндегі бөлімге хабарласуға мүмкіндік береді. Жоба SARBAZ+ бағдарламасының аясында жүзеге асырылды.
2025 жылы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде: көрнекті қазақ музыканты, дирижері және композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай «Ғасыр әуендері: Тілендиевке тағзым» атты мерекелік концерт өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі, ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің елшілері мен дипломаттары, Ұйым хатшылығының басшылығы мен қызметкерлері, Париждің музыканы сүйетін тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ Францияда тұратын қазақтар қатысты. Концертті Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы Тұрақты өкілдігі бірлесіп ұйымдастырды.