24 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 24 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

24 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

24 қыркүйек, СӘРСЕНБІ

Дүниежүзілік жүрек күні. 2001 жылдан бастап Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен Жүрек ауруларының қауіптілігін насихаттау мақсатында атап өтіледі.

Гвинея-Бисау Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1973). Гвинея-Бисау - Солтүстік-Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігі Сенегалмен, шығысы мен оңтүстігі Гвинеямен, батысы Атлант мұхитымен шектеседі. Мемлекетке 60-қа жуық аралдар кіреді. Астанасы - Бисау қаласы. Мемлекеттік тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - песо.

Бүкіләлемдік теңіз күні. 1978 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 10 сессиясының шешімімен қабылданған.

Бүкіләлемдік теңіз күнінің мақсаты - теңіздер мен мұхиттарда балықты шектен тыс аулаудың, суаттарды ластау мен жаһандық жылынудың қаншалықты орны толмас зиян шектіретініне халықаралық қоғамдастық назарын аудару. Мейлінше маңызды екі міндет - теңіздегі қауіпсіздікті арттыру және теңіз аумағын, соның ішінде мұнаймен ластаудың алдын алу.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

80 жыл бұрын (1934) Ұйғыр музыкалық комедия театры құрылды. Театр 1941-1961 жылдары Еңбекші қазақ ауданында болған, кейінірек Алматы қаласына қоныс аударған. 1964 жылы атауы Республикалық ұйғыр музыкалық драма театры деп өзгерген.

4 3 жыл бұрын (1971) Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің нөмірі 551-ші қаулысымен сот және әділет органдарының жұмысын жақсарту мақсатында Республикада әділет қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары құрылды.

9 жыл бұрын (2005) Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде қазақстан-неміс есептеуіш ғылым және жоғары өнімді есептеп шығару тақырыбындағы алғашқы семинар болып өтті.

Семинардың негізгі мақсаты - есептеуіш ғылымы саласындағы соңғы жетістіктерді талқылау және Қазақстан мен Германия ғалымдары арасындағы тығыз ынтымақтастықты дамыту.

9 жыл бұрын (2005) Петропавлда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды.

Жобаның авторы - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Хасен Абаев. Петропавлда ескерткіш орналасқан жерде бұрын Халықтық Ішкі істер комиссариатының ғимараты орналасқан болатын. Ескерткіштің іргетасына шойын жолға бекітілген пирамида орнатылған. «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына» деген жазу қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Үшбұрышты пирамида - бұл бәріне белгілі адам символы болып табылады. Ол шойын жолға бекітілген сияқты, сол жолмен кезінде репрессияға ұшырағандарды Қазақстанға жеткізген. Шетінде - үш жол, ол жарлық шығарған сталиндік «үштікті» бейнелейді. Композицияда үш түс пайдаланылған: қара түс - өлім, қызыл түс - қан, ақ түс - болашаққа деген сенім мен үміт. Ескерткіш орнатылған алаңда қазіргі заманғы талаптарға сай жасалған шағын бақ ашылды.

7 жыл бұрын (2007) БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде климаттың өзгеру проблемаларына арналған жоғары деңгейдегі кездесу болып өтті.

Президенттер мен үкімет басшылары, сондай-ақ өкілдер делегациялары климаттың өзгеруінің салдарын жұмсарту, зиянды ауа қалдықтарының ауаға шығарылуын азайту сияқты тақырыптарын, сондай-ақ аталмыш проблемалардың техникалық және қаржылық аспектілерін талқылады. 1992 жылы Рио-де-Жанейрода әлемнің 180-нен астам елі қол қойған Климаттың өзгеруі туралы БҰҰ-ның негізгі конвенциясы қабылданған болатын. Ол келісімде климаттың өзгеру проблемасы бойынша қатысушы елдердің ортақ іс-қимыл қағидалары көрсетілген. Тараптардың нақты міндеттемелері зиянды газ квоталарының тетігін анықтайтын Киото хаттамасында жазылған.

7 жыл бұрын (2007) Астанадағы Жастар сарайында жаңадан жабдықталып ашылған кинозалдың тұсаукесері өтті.

7 жыл бұрын (2007) Павлодар облысының Баянауыл ауылында академик Әбікен Бектұровтың (1901-1985) ескерткіші орнатылды.

Ә.Бектұров қазақтың алғашқы академигі Қаныш Сәтбаевпен бірге Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастыруға қатысты, бүгіндері өзінің есімімен аталатын Химия ғылымдарының институтын құрып, оған басшылық етті.

5 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Ақпараттық даму орталығы ашылды.

Бұл орталық Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Дүниежүзілік банк, Орталық Азиядағы аймақтық экономикалық ынтымақтастық департаменті, Еуразия даму банкі, Ислам даму банкі, Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық ұйымдармен серіктестігі нәтижесінде құрылды.

Ақпараттық даму орталығының міндеті - Қазақстанда тіркелген халықаралық ұйымдардың озық тәжірибелері мен жинақтаған білімдерін барша жұртшылыққа кеңінен тарату. Орталық даму саласындағы ақпараттарға ашық және ақысыз қол жеткізуге мүмкіндік береді және барлық мүдделі тұлғаларға қазіргі заманғы үнемі жаңартылып тұратын ресурстарды, халықаралық ұйымдардың озық білімдері мен тәжірибелерін пайдалануды ұсынады.

5 жыл бұрын (2009) Алматыда Жетiсу ауданының «Құлагер» ықшамауданында орналасқан жаңа әкiмшiлiк орталығы ашылды.

2008 жылдың шілдесінде Алатау ауданының бой көтеруіне байланысты, Алматы әкімшілігінің және мәслихатының ХІ сессиясы шешімімен Жетісу әкімшілік аймағының жаңа шекарасы белгіленген.

5 жыл бұрын (2009) Алматы поштамтының ғимаратында Қазақстан Республикасы халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттырудың 2007-2010 жылдарға арналған бағдарламасының эмблемасы бейнеленген жаңа марка салтанатты түрде айналымға енгізілді.

Бағдарлама мен «Kazpost» логотиптері бар маркаланған конверт «Қазақстан Республикасының мемлекеттік символикасы» сериясына жатады, номиналы «Литер А», ол 20 гр. дейінгі қарапайым хатты жіберу тарифіне тең. Конверттің көлемі 220х110 мм, таралымы 1000000 дана, пошта айналымына - 2009 жылдың 24-ші қыркүйегінен бастап енгізілді.

ЕСІМДЕР

1 10 жыл бұрын (1904-1992) жазушы, аудармашы, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері ӨЗДЕНБАЕВ Хасен дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Орынборда мұғалімдер даярлау курсын, Мәскеуде облыстық газет редакторларын даярлау курсын, Қостанай мұғалімдер институтын бітірген.

1920-1928 жылдары кеңес заң органдарында қымет істеді, 1928-1973 жылдары баспалардың редакторы болды. Әдеби қызметін 1929-1930 жылдары бастады. Қостанай округтік «Ауыл» газетінде фельетондары, очерктері жарияланды. М.Алексеевтің «Большевиктер», М.Шолоховтың «Көтерілген тың», «Тынық Дон», И.Гончаровтың «Обломов», О.Бальзактың «Шегірен былғары» романдарын, П.Мерименің, И.Вазовтың әңгімелерін қазақшаға аударды. Ғ.Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романын Н.Кузьминмен бірге қазақ тілінінен орысшаға аударды, А.Мұхтардың «Апалы-сіңлілер» романын өзбекшеден, Ә.Еникидің «Айтылмай қалған өсиет» повесін татаршадан тікелей қазақшалады.

«Еңбек ардагері», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

10 1 жыл бұрын жазушы ЕГОРОВ Федор (1913-1975) дүниеге келген.

Ресейдің Волгоградқа таяу жердегі Калмыцкая Балка селосында туған. Жеті жастан бастап Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауылында тұрған. Шаруа жастарының мектебінде оқыған. 1932 жылы Атыраудағы аудандық «Рабочая правда» газетінің редакциясына жұмысқа жіберілген. 1933-1935 жылдары округтік «Прикаспийская коммуна» газетінде бөлім меңгерушісі болған. Ұлы Отан соғысынан оралғаннан кейін, республикалық «Казахстанская правда» газетінің редакциясында істеген, Алматы жоғары партия мектебінің журналистика кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарған. Алғашқы деректі повесі «Бас имегендер» деген атпен 1958 жылы жеке кітап болып шыққан. Бірнеше кітаптың авторы.

Ленин, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және жауынгерлік медальдармен марапатталған.

9 5 жыл бұрын (1919-1991) ақын, фольклоршы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, Ұлы Отан соғысына қатысушы АДАМБАЕВ Балтабай Әбідрахманұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Сарысу аудандық газетінде, Жамбыл облыстық комсомол комитетінде, Тараз қаласының орта мектебінде жұмыс жасады. 1957 жылдан - Қазақ КСР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер. Б.Адамбаевтың өлеңдері 1938 жылдан жарияланып келеді. «Сырларым», «Ақбөбек», «Аманат» «Тұлпардың ізімен», өлеңдер жинақтары мен «Жауынгер жолы» повестері мен әңгімелер жинағы, «Мәди» тарихи повесі бар. Қазақ халқының бай ауыз әдебиетін, оның ішінде халық даналығы - шешендік сөздер мен мақал-мәтелдерді зерттеулермен шұғылданды. «Қазақ ертегілері», «Шешендік сөздер», «Ел аузынан» жинақтарын құрастырған. «Халық даналығы», «Қазақтың шешендік сөздері» зерттеулерін жазды

Екі мәрте ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.

7 3 жыл бұрын (1941) жазушы КӨПЖАСАРОВА Айша дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, Қаратау қаласындағы орта мектепте 20 жылға жуық ұстаздық еткен.

Зейнетке шыққанға дейін Жамбыл облыстық Абай атындағы Қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Оның «Шұғыла», «Жаз келеді», «Бақытым менің», «Соны соқпақтар» атты кітаптары бар.

6 8 жыл бұрын (1946) кино актрисасы, Ресейдің халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО Ленин Комсомолы сыйлығының иегері АРЫНБАСАРОВА Наталья Өтеуліқызы дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған. Мәскеу хореография училищесін, Бүкілодақтық кинематография институтының актерлік факультетін бітірген. 1964 жылы «Қырғызфильм» киностудиясы түсірген «Алғашқы мұғалім» фильмінде басты рөл - Алтынайды ойнап, кинодағы жолын бастайды.

1966 жылы Венецияда өткен халықаралық кино фестивалінде осы рөлі ең үздік әйел бейнесін жасағаны үшін берілетін жүлдеге ие болды. 1969 жылы «Мәншүк туралы ән» және «Жәмила» фильмдерінде басты рөлдерді сомдады. Актриса «Көл жағасында», «Нан дәмі», «Қаралы сұлу», «Сүйрік», т.б. фильмдерге түскен.

6 1 жыл бұрын (1953) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ПЕТУХОВА Надежда Михайловна дүниеге келді.

Украинадағы Луганск облысының Попасная қаласында туған. Целиноград мемлекеттік медицина институтын бітірген. Педиатр-дәрігер. Институт бітіргеннен кейін 1977 - 1981 жылдар аралығында Целиноград қаласының №1 балалар ауыруханасында учаскелік педиатр-дәрігер. 1981 - 1984 жылдары Целиноград облыстық денсаулық сақтау бөлімінде дәрігер инспектор болып істеді. 1981 - 1984 жылдары - Целиноград облыстық денсаулық сақтау бөлімі емдеу-профилактикалық секторының бастығы. 1988 - 1994 жылдары - Целиноград облыстық денсаулық сақтау бөлімінің туу кезінде көмек көрсету және балалық шақ бойынша меңгерушісінің орынбасары. 1994 жыл - 2012 жылғы қантар айы аралығында - «Астана қаласының №1 қалалық балалар емханасы» МҚКК-нің бас дәрігері.

2012 жылғы қаңтардан бастап - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

«Құрмет» орденімен, «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, «Нұр Отан» ХДП-ның «Белсенді қызметі үшін» және «Алтын дәрігер» омырау белгілерімен марапатталған.

5 4 жыл бұрын (1960) «Астанақаласәулет» ЖШС директоры ӘЙТІМОВ Қасымбек Құсайынұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Балқаш қаласында туған. Алматы сәулет және құрылыс институтын (Қазақ бас сәулет және құрылыс академиясы), Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Нарық институтын бітірген.

1982-1986 жылдары - Алматы қаласындағы «Казграждансельпроект» мемлекеттік жобалау институтының сәулетшісі. 1986-1987 жылдары - Алматы сәулет және құрылыс институты ғылыми-зерттеу секторының кіші ғылыми қызметкері. 1987-1992 жылдары - Ақмола облысы Степногоррск қаласының бас сәулетшісі. 1992-1995 жылдары - Степногорск қалалық атқару комитеті жанындағы өндірістік-жобалау және сәулеттік жоспарлау бюросының бастығы. 1995-2000 жылдары -«Казинтерэтнос» Қазақ халықаралық қоғамы «Саулет» ғылыми-өндірістік фирмасының бас директоры. 2000-2006 жылдары - «Астанабасжоспар» мемлекеттік қазыналық кәсіпорының директоры - директордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2006 жылдан - ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс ісі комитетінің «Жобаларды мемлекеттік сараптау» РМК «Мемлекеттік сараптау» РМК Астана филиалы директорының орынбасары.

Халықаралық, Бүкілодақтық, республикалық сәулетшілер байқауларының лауреаты. «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальмен, «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» белгісімен марапатталған.

4 9 жыл бұрын (1965) физика-математика ғылымдарының кандидаты, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры РАХМЕТОВ Нұрлан Құсайынұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.

Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде оқытушылықтан бастаған. 1990-1996 жылдары - Қазақ КСР Ғылым Академиясының Математика және механика институтының кіші ғылыми қызметкері, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аға оқытушысы. 1996-1998 жылдары - «Бутя» компаниясының бөлім бастығы, қаржы директоры. 1998-2002 жылдары - «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігі талдау және табыстарды болжау департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің вице-министрі. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің вице-министрі. 2003-2004 жылдары - «ҚазТрансГаз» ЖАҚ және «Intergas Central Asia» ЖАҚ-ның бас директорының орынбасары. 2004-2006 жылдары «ҚазМұнайГаз»ҰҚ» акционерлік қоғамының қаржы және экономика жөніндегі басқарушысы. 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2008 жылдан «Самұық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы жиректоры. Қазіргі қызметінде - 2011 жылғы мамырдан бері.

ҚР Президентінің және Премьер-Министрінің алғысхаттарымен марапатталған.

9 ғылыми мақаланың авторы.

27 5 жыл бұрын (1739-1791) ресейлік мемлекет және әскери қайраткері, генерал-фельдмаршал, 1762 жылғы сарай төңкерісіне қатысушылардың бірі, Екатерина ІІ императордың жақын көмекшісі және сүйіктісі ПОТЕМКИН Григорий Александрович дүниеге келді.

10 3 жыл бұрын (1911-1985) кеңестік мемлекет және саяси қайраткері, 1984-1985 жылдардағы СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы ЧЕРНЕНКО Константин Устинович дүниеге келді.

6 9 жыл бұрын (1945) кеңестік және ресейлік жазушы, ақын, аудармашы РУБАЛЬСКАЯ Лариса Алексеевна дүниеге келді.