«24 KZ» телеарнасы режиссерінің өмірін жалмаған апатқа кінәлілер іздестірілуде

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жол-көлік оқиғасы Астанада Абылай хан даңғылындағы «Встреча» дүкені маңында орын алды.

«24 KZ» телеарнасы режиссерінің өмірін жалмаған апатқа кінәлілер іздестірілуде

Рулінде «24 KZ» телеарнасының режиссері Алмагүл Тасболатова болған Шевроле «Авео» автокөлігі жарық шамдарының бетон бағанасына келіп соғылған. Нәтижесінде, А. Тасболатова Астана қаласындағы Травматология және ортопедия ҒЗИ-да есін жимай, көз жұмған.

Алмагүлдің туған бауыры, «ҚазАгро» Холдингі» АҚ баспасөз хатшысы Ринат Тасболатовтың агенттік тілшісіне хабарлауынша, жол-көлік оқиғасына қаланың көлік көп жүретін даңғылдарының бірінде «бәйге жарысын» ұйымдастырған автокөлік бұзақылары себепкер болған.

Оқиға куәгерлерінің айтуына қарағанда, екі автокөлік жолда жарыс ұйымдастырып, оның бірі, Фольксваген «Гольф» автокөлігі жолдың шеткі оң жолағымен жүріп келе жатқан А.Тасболатованың автокөлігінің «жолын кескен». Соның салдарынан апат орын алып, «24 KZ» телеарнасының режиссері қаза тапты. Сонымен қатар, бұзақылар бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай өтіп, оқиға орнынан ізін суытқан.

Іспен Астана қаласы ІІД Тергеу басқармасы тергеу бөлімі айналысуда. Қаза тапқан қыздың туыстары болған оқиға куәгерлері, болған оқиғаны бейнетіркеуішке жазып алған адамдар болса 8-701 460 91 82 немесе 66-26-43 телефондарына хабарласуды өтінеді.