24 мамыр. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 24 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық қорықтар күні

Жыл сайын Халықаралық табиғатты қорғау одағының бастамасымен аталып өтеді. Қорықтар – табиғаттың жаратылысын және оның барлық түрлерін өзгеріссіз сол қалпында сақтайтын аумақ бөлігі немесе акватория.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1933 жылы «Қазақтың көркем әдебиеті» баспасы құрылды. 1964 жылы баспа атауы «Жазушы» болып өзгерді.

1994 жылы осы күні Еуропалық Одақ серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді – Қазақстан Республикасымен, ал бір аптадан кейін Қырғызстан Республикасымен парафирледі.

1995 жылы Қазақстан Респуликасының мемлекеттік шекара режимін нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының шекара әскерлері бас басқармасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекараны қорғау мемлекеттік комитеті болып қайта құрылды.

2006 жылы Қазақстан-Қытай мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайдың алғашқы партиясы ҚХР шекара бекетіне жетті. Мұнай Шыңжаңның Душаньцзы қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жеткізілуі тиіс. Бұл қазақстан-қытай мұнай құбырының ресми пайдалануға берілуін білдіреді. Құны 700 миллион доллар, өткізу мүмкіндігі 20 миллион тонналық 962 шақырым құбырдың құрылысы 2004 жылдың қыркүйек айында басталып, 2005 жылдың желтоқсан айында аяқталған болатын. Онымен қатар, Қытай аумағында 252 шақырымдық Алашаңқай-Душаньцзы құбыры да төселіп біткен еді.

2007 жылы Градец-Кралове қаласындағы Конгресс-орталықта Қазақстан Республикасының Чехиядағы Құрметті консулдығының ашылу рәсімі өтті. Консулдық округ Чех Республикасының Краловоградецк және Пардубиц өлкелерін қамтиды.

2010 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Шанхай ынтымақтастық ұйымы университетінің (ШЫҰУ) мүшесі болды. Оған Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан мен Тәжікістананның 53 жоғары оқу орны кіреді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы университетінің жұмысы ШЫҰУ-не мүше елдердің мәдениеті мен тілдерін үйренуге, сұраныстағы мамандық студенттерінің тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік береді.

2011 жылы Қазақстанда Қарағанды облысында болған жапон әскери тұтқындары туралы кітап жарық көрді. Оның сатылымынан түскен қаражаттарды авторлар түгел Жапонияда сол жылы 11 наурызда болған жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек қорына аударды.

2013 жылы Хорватияның Загреб қаласында Қазақстан табиғаты фотокөрмесі салтанатты түрде ашылды, оны ҚР елшілігі мен Хорват «CroАrtРhotoclub» фотоөнер қауымдастығы ұйымдастырды.

2013 жылы Алтай өлкесінің (Ресей) Славгород қаласында Павлодар мемлекеттік педагогика институтының қолдауымен Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ашылды.

2013 жылы Алматыда «Теңізшевройл» компаниясы мен Қазақстан-Британ техника университетінің тікелей қатысуымен Қазақстандағы тұңғыш теңіз академиясы құрылып, бірінші курсқа кадеттер қабылданды. Академияда сабақ ағылшын тілінде жүргізіледі, ал кадеттер Каспий теңізінде тәжірибеден өтеді.

2016 жылы ҚР Энергетика министрлігі Ядролық физика институтының (ЯФИ) ядролық зерттеу реакторы конверсиядан және терең жаңғыртудан кейін жоғары байытылған ядролық отыннан төмен байытылған ядролық отынға көшірілді. Жаңғыртылған реакторға арналған төмен байытылған ураны бар отын жинамалары Ядролық физика институтына «Росатом» Мемкорпорациясының «ТВЭЛ» отын компаниясы бөлімшесіне қарасты Новосибирск химконцентраттар зауытымен жеткізілетін болады. ҚР Энергетика министрлігіне қарасты Ядролық физика институтының ССР-Қ зерттеу ядролық реакторын жаңғырту үдерісінде басқару және қорғаныс, радиациялық бақылау жүйелері толығымен ауыстырылған. Сонымен қатар, суыту және үздіксіз энергиямен жабдықтаушы жүйелері жаңартылды. Осының барлығының нәтижесінде реактордың қауіпсіздігі және тиімділігі арта түсті.

2020 жылы түркі тілдес жеті елден – Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Әзербайжан, Башқұртстан (Ресей), Өзбекстан және Түркиядан келген 30-ға жуық музыкант 17 халық аспабында белгілі қазақ ақыны, жазушысы Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін орындады. ТҮРКСОЙ Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының интернационалдық онлайн-жобасына Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобы қатысты. Жоба режиссері – ТҮРКСОЙ режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арман Нұрмахаматұлы.

2021 жылы Ақмола облысынан келген спортшы Давид Дегтярев 54 кг дейінгі салмақ дәрежесінде пауэрлифтингтен Әлем Кубогының чемпионы атанды. Ол 185 келі зілтемірді көтеріп, Азия рекордын орннатты. Жарысқа 25 елден 90-нан астам спортшы қатысты.

2022 жылы Бакуде Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті. Онда Әзербайжан-Қазақстан сарапшылық кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылды.

2024 жылы Сингапурға мемлекеттік сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 46-шы Сингапур дәрісін оқып, онда жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылықты және тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі орта державалардың рөлі туралы көзқарасын білдірді. 1980 жылдардан бері Юсоф Исхак атындағы Ғылым және білім институты (ISEAS) ұйымдастырып отырған Сингапур дәрістері академиктер, саясаттанушылар, дипломаттар және жас ғалымдарға мемлекет басшыларының және белгілі жаһандық саясаткерлердің пікірін тікелей тыңдауға бірегей мүмкіндік береді.

2024 жылы танымал қазақстандық футболшы Бахтиёр Зайнутдинов Түркия кубогын көтерген алғашқы отандық ойыншы болды. «Бешиктас» футбол клубының жартылай қорғаушысы және Қазақстан футболы тарихындағы үздік бомбардир (ол ұлттық құрама сапында 14 рет гол соққан) Бахтиёр Зайнутдинов өз коллекциясы үшін кезекті жүлдені жеңіп алды. Түркия кубогының финалында «Бешикташ» клубы «Трабзонспордан» мықты болды – 3:2 (1:1).

Соңғы жаңалықтар
Референдум