2,4 млн қазақстандық ЖРВИ-мен ауырды
Өткен жылы күзден бері 2,4 млн қазақстандық ЖРВИ-мен ауырып шықты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды Кazinform.
«Биыл эпидемиологиялық маусымда 2,4 млн ЖРВИ-нің жағдайы тіркелді. Сырқаттану өткен эпидемиологиялық маусым деңгейінде тұр. Қараша айынан бастап тұмаудың тарауына бақылау әдеттегідей жүруде. Эпидемиялық маусым басталғаннан бері зертханалық тұрғыдан расталған 935 тұмау жағдайы тіркелді. Оның 85% А тұмауы, 15% В тұмауы», - деді Ажар Ғиният Үкімет отырысында.
Сонымен қатар министр тұмаудан басқа да вирустардың таралу жағдайына тоқталды. Атап айтқанда 41% риновирус, 21% МС вирусына және 14% аденовирус.
«Эпидемиологиялық маусым басталғалы (қазан-мамыр) стационарлық жағдайда 31 мыңнан астам пациент емделсе, 2 млн-нан астам пациент амбулаториялық жағдайда ем алды. Еліміз бойынша барлығы 10 мыңға жуық жұқпалы ауруға ұшырағандарға арналған төсек-орын бар. Оның ішінде балаларға арналған төсек-орындар да бар», - дейді ол.