24 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқырмандар назарына 2023 жылғы 24 сәуірге арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Әлем игілігі үшін көпжақтылық пен дипломатия күні

2018 жылдың желтоқсан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының A/RES/73/127 бекітіліп, алғаш рет 2019 жылдың 24 сәуірінде атап өтілді. БҰҰ жаңа мерекені енгізу кезінде көздеген негізгі мақсаттары саяси, идеологиялық және экономикалық, сонымен қатар діни және этникалық сипаттағы қарсылықтарды әлем игілігі үшін реттеу.

Халықаралық жастар ынтымақтастығы күні

Демократиялық жастар дүниежүзілік федерациясының шешімімен 1957 жылдан бері 24 сәуір күні атап өтіледі. Бұл дата 1955 жылы өткен Азия мен Африка елдерінің Бандунг конференциясының қорытынды отырысына орай белгіленді. Мақсаты - мемлекеттік органдардың, қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының назарын жастар проблемасына аударту.

Бүкіләлемдік иммундау апталығы (World Immunization Week)

Дүниежүзлік денсаулық сақтау ұйымының бстамасымен жыл сайын сәуірдің екінші жартысында атап өтіледі. Бастапқыда ол Еуропалық иммундау апталығы деп аталған, алайда кейіннен оған басқа құрлықтар да қосылды. Апталықты өткізу қоғамның иммундаудың адамзатты инфекциялық аурулардан қорғауға мүмкіндік беретін басты алдын алу шараларының бірі болып табылатыны туралы түсінігін қалыптастыру.

Халықаралық мүсін күні

2015 жылы Халықаралық мүсін орталығы (International Sculpture Center) құрған жыл сайынғы мереке. Оның міндеті - мүсінді өнер түрі ретінде танымал ету және адамдарға әйгілі мүсін шедеврлері туралы мүмкіндігінше көбірек мәлімет беру.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1990 жылы Қазақ КСР-інің «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Конституцияға (Негізгі заң) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ Кеңес Социалистiк Республикасының Президенті туралы» Жарлығы қабылданды. Осылайша республикада Президент лауазымы енгізілді. Қазақстанның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.

1995 жылы партизан, жазушы Қасым Қайсеновке, ардагерлер Алексей Кулаков пен Мурдин Тайповқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

1996 жылы Елбасы Н.Назарбаевқа елдегі ең жоғарғы лауазым белгілері - «Алтын Қыран» ордені, төсбелгісі және Президент байрағы тапсырылды.

1996 жылы Алматыдағы 28 панфиловшы саябағында Мемлекет басшылары аллеясы ашылды. Онда Қазақстан Президенті мен оның зайыбы жас көшеттер отырғызды.

1996 жылы Түркияда Абай күндерінің аясында Абайдың (1845-1904) шығармашылығына арналған мерекелік шаралар өтті. Анкарада салтанатты түрде жаңа мектеп ашылды, аталған мектепке қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі берілді. Түркиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен, онда Абайдың мұражайы ашылды.

2005 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кәсіпкерлер кеңесі құрылды. Оның міндеттері: Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық базасын жетілдіру; экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіп секторын индустрияландыру, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту үшін қолайлы құқықтық жағдайлар жасау; нарықтық экономиканың дамуын ынталандыратын жағдайлар жасау; Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу; Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және олардың бірлестіктерінің қызметін шоғырландыру; Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша кәсіпкерлік және инвестициялық саясат саласындағы өзге де маңызды мәселелерді қарау және талқылау.

2010 жылы Тараздағы Жеңіс саябағына Бауыржан Момышұлының есімі берілді. Бұл ұсынысты Батырдың 100 жылдық мерейтойына орай қалалық соғыс және еңбек ардагерлері жасады. Бұл саябақ 1985 жылы қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің бастамасымен құрылған болатын. Саябақтың жаңа атауы қалалық мәслихаттың сессиясында бірауыздан бекітілді.

2012 жылы Мұхтар Әуезов қорының алғашқы «Кемеңгер» Құрмет белгісіне белгілі қазақстандық ғалым, академик Мұрат Гильманов ие болды.

2015 жылы қазақстандық арнайы жасақ Иорданияда өткен «Warrior-2015» сайысында алғашқы кубогына ие болды. ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы бөлімше командасы «Корольдік сынақтың» ең күрделі әрі басты кезеңінде үшінші орынға ие болды.

2019 жылы Шымкент қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика-математика бағытындағы 12 сынып оқушысы Арайлым Әзімхан әлемнің сегіз жоғары оқу орнына түсуге шақыру алды. Бұлар – Англиядағы Queen Mary, Brsitol, Kingston, АҚШ-тағы New York Institute of Technology және The New School, Италиядағы John Cabо, Австралиядағы Monash және Франциядағы American University of Paris. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарына шақыру алу үшін Арайлым арнайы тест тапсырмаларын орындады. SAT Reasoning емтихан қорытындысы бойынша ол 1280 ұпай жинаған, ал IELTS орташа ұпайы 9-дан 7.

2020 жылы түркі әлемі тарихындағы даңқты, дарынды мемлекет қайраткері Білге, Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығы атап өтілді. Осыған байланысты Халықаралық Түркі академиясы Тоныкөк жылының ресми ашылуын жариялап, «Ұлы дала өркениеті: Тоныкөк мирасы және қазіргі түркі әлемі» атты халықаралық онлайн-видеоконференциясы өткізді. Білге, Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын ЮНЕСКО бастамасымен Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия атап өтті.

Соңғы жаңалықтар