24 сәуір. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 24 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

140 жыл бұрын (1883-1939) Алаш қозғалысының қайраткері, биология, зоология, медицина салалары бойынша студент-шәкірттерге арнап алғаш қазақша оқулық жазған әмбебап ғалым, дәрігер, фольклоршы, педагог, тілші Халел ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ дүниеге келген.

Атырау облысының Қызылқоға ауданында туған. Орал әскери-шынайы училищесін, Петербург әскери-медициналық академиясын бітірген. Студенттік өмірі саяси толқуларға толы кезеңмен тұстас келіп, оның саяси білімін жетілдіріп, қалыптасуына әсер етті. Ол осы жылдары ел ішінде үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті «Фикр» (Пікір), «Уральский листок» газеттеріне мақалалар жазып, саяси толқулардың мән-жайын халыққа түсіндіріп отырды. 1909 жылы академияны үздік дәрежелі дәрігер атағымен, Алтын медальмен бітіріп, офицер ретінде әскери міндетін өтеуге жіберілген. Алдымен Пермь губерниясында, кейін 2-ші Түркістан, 2-ші Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарды. 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік - сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды кәсіби, әлеуметтік-саяси тақырыптарда мақалалар жариялап, өзіндік ой-пікірін білдіріп тұрған. Ғалымның «Как бороться с чумой среди киргизского народа» атты кітабы өз кезеңінде оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қамтыған еңбек болған. Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін қазақ даласында облыстық, жалпы қазақ съездерін ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан. Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысып, І жалпықазақ съезінен Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылған. 1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметі - Ұлт кеңесі құрамына сайланған. Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен қорғайтын ұлттық әскер - халық милициясын жасақтауға, Алаш қорын құруға, елден алым-салық қаражат жинау ісіне күш салған. Уақытша үкіметтен билікті күшпен тартып алған большевиктердің үстемдігі нығайған тұста, Кеңес үкіметінің басшысы В.Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.Сталинмен бетпе-бет келіссөздер жүргізген. 1920 жылы тамыздың 21-інде Түркістан республикасы халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мәдени және ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссиясының мүшелігіне, кейін төрағалығына сайланған. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы болған. Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор, Түркістан денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі және емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Орта Азия мемлекеттік баспа алқасының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік баспа басқармасы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқара жүріп, отандық ғылымның дамуына да мол үлес қосқан. «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», т.б. оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазған. Сонымен қатар қазақ халқының тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты материалдар жинақтап, тілдің дыбыс жүйесінің өзекті мәселесі - сингармонизм заңын зерттеген. «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы», «Шернияз шешен», «Алаш не сөз?», «Бұқарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана», «Тіллә-Қары мен Ширдор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі», «Диуани лұғат ат-түрік», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ әдебиетінің тарихы» сияқты, т.б. ғылыми-теориялық еңбектер жазып қалдырған. «Мұрат ақын сөзі», «Исатай - Махамбет», «Аламан» жинақтарын шығарған. 1932 жылы Кеңес өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылған. Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істеген. 1938 жылы шілденің 26-ында жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, әуелі Мәскеу, кейін Алматы түрмесінде отырды. 1939 жылы сәуірдің 24-інде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Ғалымның ісі тек 1958 жылы ақпанның 28-інде Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер алқасында қайта қаралып, ол толығымен ақталды. Ғалымға туған жері Атырау облысы Миялы кентінде ескерткіш қойылған. Атырау университетіне, Алматы және Атырау қалаларындағы көшелерге есімі берілген.

87 жыл бұрын (1936-2021) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының және Платиналы Тарлан сыйлығының иегері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және М.Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың иегері Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ дүниеге келген.

Қытай Халық Республикасы Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Шәуешек ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) филология факультетін тәмамдаған. 1965-1967 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер, 1967-1976 жылдары - «Жазушы» баспасында редактор, 1976-1981 жылдары - Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде жауапты қызметкер болған. 1980 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмыста. Қ.Жұмаділовтің алғашқы өлеңдері 1954 жылдан бастап жергілікті баспасөз бетінде жарық көрген. «Жамал» атты тырнақалды әңгімесі 1956 жылы Үрімжіде шығатын «Шұғыла» журналында жарияланды. 10 роман, 13 повесть, 50-ден аса әңгіме, көптеген мақала жазған, «Жас дәурен» өлеңдер жинағының, «Қаздар қайтып барады» әңгімелер жинағының, «Көкейкесті», «Атамекен», «Тағдыр» романдарының, «Дарабоз», «Соңғы көш» дилогияларының авторы. 1998 жылы соңғы жылдардағы көлемді шығармасы - «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романы жарық көрді. 2008 жылы жазушының «Мәңгілік майдан» кітабы, ал 2010 жылы «Тозақ оты» повестер мен әңгімелері жарыққа шықты. Жазушының публицистикалық мақалалары «Қалың елім, қазағым» жинағында жарияланды. Қ.Жұмаділов шығармалары көптеген шетел тілдерінде, соның ішінде орыс, украин, беларусь, өзбек, ұйғыр, қырғыз тілдерінде басылып шыққан. «Парасат» орденімен, ел мәдениеті дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін «Күлтегін» медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

58 жыл бұрын (1964) ҚР Жоғарғы сотының судьясы Сәкен Жүсіпахметұлы АБДОЛЛА дүниеге келді.

1986 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1986-1992 жылдары - прокуратура органдарында қызмет еткен. 1992-1993 жылдары - Шымкент облысы Әділет басқармасы бастығының орынбасары. 1993-1996 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы. 1996-2002 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласы Әділет басқармасының бастығы. 2002-2003 жылдары - «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптама орталығы» ММ директоры. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот аппаратының басшысы. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы. 2007-2011 жылдары - Маңғыстау облыстық сотының төрағасы. 2011-2013 жылдары - Астана қалалық сотының төрағасы. ҚР Әскери сотының төрағасы (2013-2018). Ақтөбе облыстық сотының төрағасы (2018-2020).

Қазіргі лауазымына 2020 жылдың желтоқсанында тағайындалды.

52 жыл бұрын (1971) ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары Айдар Асфандиярұлы АЙМУРЗИН дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Ф.Э.Дзержнский атындағы Жоғары шекаралық командалық училищесін (1992), Л.Н.Гумилев атындағы Еразия Ұлттық университетін (2001) тәмамдады.

Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде шұғыл қызметкер, стратегиялық жоспарлау, қадағалау және аудит департаменті бастығының бірінші орынбасары.

Қазіргі қызметін 2019 жылдың қыркүйек айынан бері атқарып келеді.

52 жыл бұрын (1971) Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Шәріпбайұлы ЖЕТПІСБАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Қазақ химия-технология институтын «инженер-құрылысшы» мамандығы, Т.Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетін «қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1992-1994 жж. - «Стройинвест» кәсіпорнында жұмыс істеген. 1994-1998 жж. - «Мистер Д және К» фирмасының директоры, «Шымкент-Тельбоне» қазақ-корей БК директоры, «Энерготехсервис» ғылыми-өндірістік кәсіпорын директоры, «Интерсервис» ЖШС директоры. 1998-1999 жж. - «Автосервис және сауда» АҚ вице-президенті, «Алаугаз» АҚ вице-президенті, «Алаутрансгаз» ЖШС директоры. 1999ж. - «Оңтүстік газ» АҚ, «Шымкентгаз» ЖШС директоры. 1999-2000 жж. - «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның Шымкент қаласының филиалы директорының орынбасары. 2002-2003 жж. - «Казкоммерцбанк» АҚ-ның Қызылорда қаласы филиалының директоры, «Казкоммерцбанк-Қырғызстан» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары. 2003-2005 жж. - «Корпорация ARNA» ААҚ-ның атқарушы директоры, кейін «Корпорация ARNA» ААҚ басқармасының төрағасы болып сайланды 2005-2006 жж. - «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ (АЭА) дирекциясы мемлекеттік мекемесінің директоры. 2006-2008 жж. – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2008-2012 жж. – Шымкент қаласының әкімі. 2012 жылдан бастап - «Tastobe Resources» ЖШС құрылтайшысы. 2015-2017 жж. – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының директоры 2017-2018 жж. - «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы. 2018 жылдың қарашасы - 2020 жылдың тамызы - «Нысандар құрылысы жөніндегі компания» корпоративтік қорының бас директоры.


2020 жылдың 10 тамызынан - Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары.

51 жыл бұрын (1972) ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Олжаұлы ПІРМАТОВдүниеге келді.

Новосібір мемлекеттік университетін, Қазақстанның экономика және болжау менеджменті институтын, Atkinson Graduate School of Management, Willamette University бітірген.

Әр жылдары «Алтын-Тас» БК қаржы директоры, AIG Silk Road Capital Management компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры, «Халық банк» АҚ инвестициялық банкинг департаментінің директоры, ҚР экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті, «Cameco Kazakhstan» компаниясының президенті, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

Еңбек жолы: 1994-1998 жылдары – «Алтын-Тас» БК қаржы директоры. 1998-1999 жылдары – «Минарет Групп Секьюритиз» корпоративтік қаржыландыру департаментінің директоры. 1999 жылы AIG Silk Road Capital Management компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры болды. 2002-2003 жылдары – «AES КиевОблЭнерго» компаниясының қаржы директоры. 2003-2004 жылдары – «AES Украина» компаниясының коммериялық директоры. 2004 жылы«Almaty Power Consolidated» АҚ бас директорының экономика жөніндегі орынбасары. 2005-2007 жылдары – «Қазақстан Халық Банкі» АҚ жобалық қаржыландыру басқармасының бастығы, басқарушы директор – инвестициялық банкинг департаментінің директоры. 2007-2009 жылдары – Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі. 2009-2011 жылдары – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті. 2011-2015 жылдары – «Cameco Kazakhstan» компаниясының президенті. 2015-2017 жылдары – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары. 2017-2021 жылдары – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы.

Қазіргі қызметінде 2022 жылдың ақпанынан бастап.

4 0 жыл бұрын (1983) ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Дүйсенбайұлы БАЙМ ОЛДИНОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Қарағанды «Болашақ» өзекті білім беру институтын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2004 жылы өңірлік газетте журналист болып бастады. 2004-2005 жылдары — Қарағанды қ. №23 орта мектебінің мұғалімі. 2005 жылы Қарағанды қаласы Ішкі саясат бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді. 2005-2007 годы — Қарағанды облысы Ішкі саясат департаментінің жетекші маманы. 2007-2008 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі құрылымында жетекші, бас маман, сарапшы болып қызмет етті. 2008-2012 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Ақпараттық-талдау орталығының бас сарапшысы, бас консультанты. 2012-2013 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Орталық коммуникациялар қызметінің бас консультанты. 2013-2014 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Ақпараттық-талдау орталығының бас консультанты. 2014-2015 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Ақпараттық-талдау орталығы Медиа-жоспарлау және жұртшылықпен байланыс секторының меңгерушісі. 2017-2018 жылдары — ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті Талдау және жоспарлау басқармасының басшысы. 2018-2020 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құрылымында басшылық қызметтерде болды. 2020 жылғы тамыздан бастап 23.06.2022 дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары болды.

Қазіргі қызметінде 2022 жылдың маусымынан бастап.


Соңғы жаңалықтар
telegram