24 тамыздан бастап Қазақстанда «Негізгі Заң аптасы» жобасы өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 24-30 тамыз аралығында «Негізгі Заң аптасы» жобасы өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлім болды.
None
None

«Конституцияның тарихына, 25 жыл ішіндегі адамның конституциялық құқықтарының дамуына арналған деректі фильмдер дайындалды. Барлық өңірлерде конференциялар, дөңгелек үстелдер, дәрістер, ашық сабақтар және басқа да іс-шаралар өтуде. Оларға еңбек ұжымдары, ЖОО, колледж және мектеп оқушылары тартылды. Конституциялық Кеңес БҒМ-мен бірлесе отырып, жоғары оқу орындарының заң факультеттерінің студенттері арасында конституциялық даму мәселелеріне арналған үздік жұмысқа конкурс өткізді», - деді ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі Үнзила Шапақ.

Өз кезегінде ҚР Конституциялық Кеңесі аппаратының басшысы Бақыт Нұрмұханов Конституциялық Кеңес Негізгі Заңның 25 жылдығының бірыңғай логотипін әзірлегенін атап өтті. Республика Конституциясының 25 жылдығын өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес биылдың басынан бері жоспарлы жұмыс атқарылып жатыр.

Оның сөзіне қарағанда, Конституциялық Кеңес биылғы 24 тамыздан бастап «Негізгі Заң аптасы» жобасын өткізеді. Жобаның мақсаты – қоғам мен мемлекетті жаңғыртудағы Конституцияның рөлін терең ұғыну, халықтың конституциялық мәдениетін арттыру.

Осы жоба аясында бүкіл ел бойынша онлайн конференциялар, тегін заң консультациялары, вебинарлар, қайырымдылық акциялары, жаңа объектілерді пайдалануға беру, пәтерлердің кілттерін, куәліктерді табыс ету, демеушілік көмек көрсету және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға қарай барлық шаралар онлайн режимде өтеді.

Бағдарламада Негізгі Заңның мерейтойына арнап шығарылған кітаптардың таныстырылымын өткізу көзделген. Ұлттық банк 25 тамыздан бастап номиналдық құны 100 және 200 теңге болатын жаңа мерейтойлық монеталарды айналымға шығаруды жоспарлап отыр.

«Қазпошта» АҚ «Естелік және мерейтойлық даталар» сериясы бойынша пошта маркасын айналымға енгізеді.

Биылғы 27 тамызында Конституция Күніне арналған негізгі шара ретінде «ХХІ ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адам құндылығы және мемлекет тиімділігі» тақырыбында халықаралық конференция өткізу көзделген.

Конференция аясында Азиялық конституциялық соттар қауымдастығының (18 ел) 4-ші Конгресі өтеді. Конференция жұмысына Конституциялық бақылау органдары Еуразиялық қауымдастығының (9 ел) мүшелері де қатысады деп күтілуде. Қазіргі уақытта Конституциялық Кеңес 2 млрд-тан астам халқы бар, 20-дан астам елді қамтитын осы қауымдастықтарға төрағалық етеді.

Негізінен әлемнің барлық континенттерінің жетекші заңгерлері одан әрі конституциялық-құқықтық дамудың өзекті мәселелерін, оның ішінде коронавирус пандемиясына байланысты мәселелерді талқылайтын болады.

Сонымен қатар, ҚР Президентінің Архиві «Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты тарихи-құжаттық көрмені ұйымдастырады.

Мәдениет және спорт министрлігі Республика Конституциясының 25 жылдығына арналған онлайн концерт дайындауда. Ол мемлекеттік мереке қарсаңында телеарналар арқылы көрсетілетін болады.


Соңғы жаңалықтар