24 түзету — Сенат тұтынушылар құқығын қорғау заңын Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. KAZINFORM — Сенат депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын Мәжіліске кері қайтарды. 

24 түзету — Сенат тұтынушылар құқығын қорғау заңын Мәжіліске қайтарды
Фото: Сенат

Заң Сенат отырысында қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды. Алайда талқылау барысында бірқатар ескерту мен ұсыныс айтылды. Қаржы және бюджет комитеті заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және жаңа редакциясы мен заңды Мәжіліске қайтаруды ұсынып отыр. Осыған орай, салыстырмалы кестеге 24 түзету енгізілген.

− Ең алдымен, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен кредиттік бюролар арасында мерзімді әскери қызметке шақыру туралы ақпаратты алмасу мәселесі бар. Осы түзету аясында азаматтың мерзімді әскери қызметке шақырылғаны туралы ақпарат болған жағдайда ғана банкке, жекелеген банк операцияларын жүргізетін ұйымға және микроқаржы ұйымына мұндай азаматтарға несие беруге тыйым салынатыны нақтыланады, − деді Сенат депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Сергей Карплюк.

Екіншіден, банк құпиясы мен микронесие беру құпиясы бар ақпаратқа заңсыз қол жеткізу салдарын жою бойынша шара қабылдау мерзімі нақтыланады. Бұл үшін банктерге, кейбір банк операцияларын жүргізетін ұйымдарға және микроқаржы ұйымдарына клиентке және уәкілетті органға хабарлау, заңсыз әрекеттер мен олардың салдарын жою шараларын қабылдайтын нақты мерзімді белгілеу ұсынылады.

Үшіншіден, байланыс операторларының антифрод (алаяқтықтың алдын алу) жүйелерін құруы үшін құқықтық негіздер белгіленеді. Ұсынылған түзету аясында Ұлттық банктің Антифрод-орталығының деректер базасы мен ұялы байланыс операторлары базаларының интеграциясы регламенттеледі, алмасуға жататын мәліметтер тізбесі айқындалады, сондай-ақ алаяқтық белгілері бар қоңырау анықталған жағдайда байланыс операторларының әрекеттері нақтылады.

− Төртіншіден, Қазақстан Республикасының резиденті болып саналмайтын қаржы ұйымының резидент емес банк холдингі мәртебесін алу шарттары нақтыланады. Бесіншіден, венчурлік қорлардың қызметіне қатысты мемлекеттік реттеудің мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары айқындалады. «Соттан тыс банкроттық рәсімі» ұғымына өзгерістер еніп, бұл рәсім қолданылатын адамдардың тобы анықталды, − деді Сергей Карплюк.

Сондай-ақ, үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілгерлер, кепіл берушілер мен кепілзат иелері болған борышкерлердің кредиторлар алдындағы міндеттемелері тоқтатылмайтыны туралы өзгеріс енгізілді.

− Қаралған заң Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатымен әзірленген. Құжат еліміздің қаржы секторының құқықтық реттелуін кешенді түрде жетілдіруге бағытталған ауқымды түзетулер топтамасын қамтиды. Бұл түзетулер банк секторындағы бәсекелестікті арттыруда, құнды қағаздар мен сақтандыру нарықтарын одан әрі дамытуды көздеп отыр. Осы ретте елімізде шетелдік банктерді тарту үшін рұқсат беру талаптары оңтайландырылды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуді көздейтін нормаларды қарастырылды. Заңды қарау барысында сенаторлар бірқатар ұсыныс айтты. Олар азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және заң нормаларын жетілдіруге арналған. Жалпы бұл заң еліміздің қаржы нарығының тұрақтылығын әрі орнықты дамуын қамтамасыз етуге оң септігін тигізеді деп сенеміз, − деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сенат депутаттары заң бойынша салыстырма кестеге енгізілген түзетулерге дауыс берді. Заңның жекелеген баптарының жаңа редакциясы мақұлданды. Мәжіліс қабылдаған қалған баптар да дауысқа салынып, мақұлданды. 

Айта кетелік Сенат азаматтардың борыштық жүктемесін азайтатын заңды талқылайтыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар