25 ақпанда елордада өтетін маңызды шаралар аңдатпасы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі 25 ақпан күні елордада өтетін маңызды шаралар аңдатпасын ұсынады.

25 ақпанда елордада өтетін маңызды шаралар аңдатпасы

9.00-де Конгресс-орталықта Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы өтеді. Шараға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей үкіметтерінің басшылары мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысады.

9.50-де Төтенше жағдайлар департаментіне Туды табыс ету салтанатты рәсімі өтеді. Шараға Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, департамент басшылығы мен жеке құрамы қатысады.

10.00-де Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2021 жылғы қызметінің қорытындылары бойынша алқа отырысы өтеді. Алқа отырысы агенттіктің Facebook-тегі @AntimonopolyAgencyKZ парақшасында тікелей эфирде өтеді.

10.00-де Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын мерекелеудің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Ашылу рәсімі Қаламгерлер аллеясында (Абай даңғылы мен Ә. Сембинов көшелерінің қиылысы) орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүлшоқтарын қою рәсімінен басталады, сағат 11.00-де Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасады. Конференцияға ҚР Мемлекеттік хатшысы Е. Қарин, Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов және алыс, жақын шет мемлекеттерден ахметтанушылар, алаштанушылар, әдебиетші ғалымдар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, депутаттар және т.б. лауазымды тұлғалар қатысады.

11.00-де ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «2022 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру» атты баспасөз мәслихаты өтеді. Спикер: ҚР Қарулы Күштері Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Жүсіпов Сәкен Сауытбайұлы. Көрсетілім сілтемелері: youtube, facebook.

14.30-де ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстанда жердің пайдалануы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жетілдіру мәселелері туралы» баспасөз мәслихаты өтеді. Спикерлер: ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару Комитетінің Төрағасы – Қазақстан Республикасының жерді пайдалану және қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов;ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару Комитеті Төрағасының орынбасары Гүлжахан Бимендина;ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару Комитеті Төрағасының орынбасары Алмас Алпамышов.. Көрсетілім сілтемелері: youtube, facebook.

16.00-де Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында «Zоом» платформасында бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысы өтеді.Күн тәртібінде: Astana ӘКК АҚ қызметін іске асыруға Нұр-Сұлтан қаласының бюджетінен бөлінетін ақшадай қаражаттың тиімді пайдаланылуы қаралады.

16.00-де ҚР Ұлттық музейінде «Өркениеттер тоғысындағы Құлан қаласы» атты көрменің ашылуы өтеді.

19.30-да Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі «Қазақстан» орталық концерт залында «Композиторлардың портреттері» атты классикалық концертті ұсынады.

19.30-да «НАЗ» мемлекеттік би театрында аймақтық Business Lady Qazaqstan байқауы өтеді.