25 қараша. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 25 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

25 қараша. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн
Фото: Pexels

Қуаныш ТАЗАБЕКОВ, «Тұрған» білім корпорациясының бірінші вице-президенті

Қуаныш ТАЗАБЕКОВ
Фото: turan.edu.kz

1954 жылы Талдықорған облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, экономист.

1972 жылы құрылыс жұмысшысы. 1979-1992 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтында оқытушы, аспирант, аға оқытушы, доцент. 1992-1994 жылдары осы институттың бизнес және менеджмент факультетінің деканы.

Қазіргі қызметін 1994 жылдан бері атқарып келеді.

40-тан астам ғылыми жарияланымдардың авторы.

Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан маркетинг қауымдастығының президенті, Қазақстан ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалығының бас редакторы.

Нұрлан ОНЖАНОВ, Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі

Нұрлан Баймолдаұлы ОНЖАНОВ
Фото: Gov.kz

1960 жылы Жетісу (бұрынғы Талдықорған) облысында туған. Германистика мамандығы бойынша Гумбольдт атындағы Берлин Университетінің филология факультетін бітірген, филология ғылымдарының кандидаты.

1983-1986 жылдары Алматы қаласында филология доценті. 1986-1992 жылдары Мәскеу қаласында ғылыми қызмет. 1992-1994 жылдары ҚР Баспа және бұқаралық ақпарат министрлігінің бөлім бастығы және министрдің кеңесшісі. 1994-1996 жылдары ҚР Президентінің Аппараты, Халықаралық бөлімінің аға референті. 1996-1997 жылдары ҚР Аустрия Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кейін кеңесшісі. 1997-2001 жылдары ҚР Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі. 2001-2002 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі, Экономикалық саясат департаментінің директоры. 2002-2003 жылдары - ҚР Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы. 2003-2004 жылдары ҚР Сыртқы істер вице-министрі, ТМД істері комитетінің төрағасы, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі ҚР Ұлттық үйлестірушісі. 2004-2007 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2007-2008 жылдары - ҚР Президентінің көмекшісі. 2008-2014 жылдары ҚР Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және Дания Корольдігіндегі Елші міндетін қоса атқарушы. 2014-2019 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі. 2019-2022 жылдары ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы.

2022 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен (2006); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Халықаралық әскери достастықты дамытқаны үшін» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2006), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған.

Қанат НҰРОВ, Қазақстан Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл

 Қанат Ильич НҰРОВ
Фото: Informburo.kz

1967 жылы Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша бітірген. Маастрихт менеджмент мектебі, Нидерланды, MSM Философия ғылымдарының докторы (Ph.D).

Еңбек жолы: Алматы менеджмент мектебінің директоры; «Алматытелеком» Мемлекеттік телекоммуникациялар орталығы бас директорының бірінші орынбасары; «Қазақтелеком» ААҚ бас қаржы директорының орынбасары; «Қазақтелеком» АҚ вице-президенті, бас қаржы директоры (2000-2006); «Казкоммерцбанк» АҚ басқарушы директоры (2006-2007); Plankion Group және «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының президенті (2008-2021); жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (2021-2023).

2024 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

Ришат ТҰРДЫБЕКОВ, Астана қаласы Нұра ауданының әкімі

Ришат Уәлиханұлы ТҰРДЫБЕКОВ
Фото: Gov.kz

1979 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласында туған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін (2001), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін (2005), О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін (2013), Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын (2022) бітірген.

Еңбек жолы: «Автолизинг Казахстан» ЖШС заңгері (2001-2004); «Автолизинг Казахстан» ЖШС қаржы директоры (2004-2005); Алматы облысы әкімі аппаратының тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы (2005-2006); Алматы облысы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің бас маманы (2006-2008); Алматы облысы әкімі аппаратының өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы (2008-2009); Астана қаласы әкімі аппаратының тіршілікті қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бас маманы (2009-2010); Астана қаласы әкімі аппаратының тіршілікті қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы (2010-2011); Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары (2011-2019); Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары (2019); Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау жөніндегі кеңесшісі (2019 ); Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары (2019-2024).

2024 жылдың тамыз айынан бері қазіргі қызметінде.

Міржақып ДУЛАТОВ, қазақ ақыны, жазушы, ағартушы-педагог, Алаш орда үкіметінің белді басшыларының бірі

Міржақып ДУЛАТОВ
Фото: Wikipedia

1885 жылы Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Екі жасында шешеден, он екі жасында әкеден жетім қалған жасөспірімнің кейінгі тәрбие қамқорлығы Асқар дейтін оқыған ағасының жауапкершілігінде болды.

Торғай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне түседі де, бес жыл оқып, ауыл мұғалімі деген куәлік алып шығады. Алты-жеті жыл бойы ел ішінде, ауыл мектептерінде бала оқытады. 1904 жылы Омбы қаласына аттанып, өзінің болашақ ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен кездеседі. Оған еріп Қарқаралыға барып, ондағы ұлттық демократиялық қозғалысқа белсене араласады. Сол жердегі зиялы топтың өкілі ретінде қазақ конституциялық демократиялық партиясының Оралдағы съезіне қатысады, соның делегаттары қатарында 1906 жылы Петерборға барады.

1907 жылы Петерборда жалғыз нөмірі ғана шыққан «Серке» газетінде «Жастарға» деген өлеңі басылды. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 жылы Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шығады. Қызылжарда сот кеңесінде тілмаштық қызмет атқарып, мұғалімдік қызметін де жалғастырады. Қазақ балаларына орыс тілінен дәріс береді. Сол кезде одан біраз уақыт Мағжан да дәріс алады.

1910 жылы Қазандағы Кәрімовтер баспасынан «Бақытсыз Жамал» романы жарық көреді. А. Байтұрсыновпен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылымы «Қазақ» газетінің негізін қалайды.

Алаш басшыларымен бірге жаңа құрылыс жағына шығып, қалған өмірін түгелдей туған халқының мәдениетін көркейту мақсатына арнауды көздеген ол аз уақыт «Ақ жол» газетінің редакциясында, одан кейін Семей облысының сот органдарында қызмет атқарған.

«Балқия» атты төрт перделі пьеса жазды. 1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы» (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді. Кеңес үкіметі кезінде екі рет қуғын сүргінге ұшырап, тұтқындалған. 1935 жылы ауыр науқастан қайтыс болған. 1988 жылы ақталған.

Міржақып Дулатұлының атында көшелер, мектептер, туған жерінде мұражай бар және ескерткіш орнатылған.

Серікболсын ӘБДІЛДИН, Қазақстанның мемлекет және саяси қайраткері

Серікболсын ӘБДІЛДИН
Фото: voxpopuli.kz

1937 жылы Семей облысы, Ақсуат ауданында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін (1960); КСРО халық шаруашылығын басқару институтын (1977) бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты (1967); Экономика ғылымдарының докторы (1986); Экономика профессоры (1996).

Еңбек жолы: Семей облысындағы «Скотовод» және «Үлгілі-Малшы» кеңшарларының бас агрономы (1960-1963); Қазақ ауыл шаруашылығы және органикалық егіншілік ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер (1966-1967); Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бөлім меңгерушісі, меңгерушісінің орынбасары, Комитет төрағасының орынбасары (1967-1982); Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары (1982-1985); Қазақ КСР Агроөнеркәсіп кешенін басқару жөніндегі мемлекеттік жоғары мектебінің ректоры (1985); Қазақ КСР Мемлекеттік агроөнеркәсіп комитеті төрағасының бірінші орынбасары — Қазақ КСР министрі (12.1985-07.1987); Қазақ КСР-нің КСРО Министрлер Кеңесіндегі Тұрақты өкілі (07.1987-04.1990); 11-12 шақырылым Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты; Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары (04.1990-12.1991); Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының міндетін атқарушы (1991); Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы (12.1991-12.1993); Агробизнес бойынша консалтингтік орталықтың басшысы (1995-1999); 2-ші шақырылым Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (ҚКП тізімінде), Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі (10.1999-11.2004); Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы (1996 жылғы сәуір - 2010 жылғы сәуір).

13-ші шақырылым Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат (1995), Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кандидат (1999, 2004); түрлі қоғамдық бірлестіктердің, қозғалыстардың басшысы болған.

2-ші дәрежелі «Барыс» орденімен (2000), екі дүркін Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.