2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

25 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 25 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1928 жылы Қызылордада «Ленинская смена» жастар газетінің (кейінгі «Экспресс-К» республикалық газеті) алғашқы саны жарық көрді.

1937 жылы Алматы қаласында хайуанаттар бағы ашылды. Қазір онда 3 мыңнан астам жануар мен 500 түрлі құс бар. Ол қала қонақтары мен тұрғындарының демалатын және көз тартатын орындарының біріне айналды.

1947 жылы Өскемен мырыш зауыты іске қосылды.

2005 жылы Шымкент археологтары Оңтүстік Қазақстанның Ордабасы ауданында көне жазба ескерткіштерінің бөлшектерін тапты. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жәдігерлер І-VI ғасырлардан жетіп отыр. Сол дәуірде Ежелгі Шығыс мемлекеттерінде қыш тақталарға жазу тәсілі кеңінен тараған. «Мирас» университетінің археологиялық отряды күйдірілген қыш тақтасын Арыс өзені алқабында орналасқан Қылымжар деген жердегі көне қоныстан тапты. Табылған қыш тақтада төрт қатар етіп жазылған 15 таңба анық көрінеді.

2012 жылы «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы заңына сәйкес Алматы қаласының аумағы өзгертілді. Оның құрамына Алматы облысына қараған 11 920,93 гектар жердің, соның ішінде 8 360,52 гектары Қарасай ауданына және 3 560,41 гектары Талғар ауданына тиесілі бөлігі енгізілді.

2013 жылы ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының ІІІ отырысы кезінде Қазақстанның көне дәуірінен бүгінге дейінгі ұлттық тарихына арналған жаңа анықтамалық-ақпараттық білім беретін «Қазақстан тарихы» e-history.kz веб-порталы таныстырылды.

2013 жылы «Мәңгі ел» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналының алғашқы нөмірі жарыққа шықты. Оның аудиториясы өз оқырмандарымызбен шектелмей алыс және шетелдердің көзі қарақты қауымын қамтиды, яғни қазақ тарихына қызығатын планетаның кез келген адамының игілігіне айналады.

2015 жылы жас геологтар Әнел Тынысбек, Қаламқас Жағыпарова және Аружан Нұрұлла Сан-Паулуда (Бразилия) өткен Жер ғылымы бойынша (International Earth Science Olympiad — IESO) халықаралық олимпиадада жүлделі орындар алды. Оған 20 елдің мыңнан астам жас геологі қатысты.

2015 жылы ҚР Ұлттық архивінде қазақ мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл, ғалым Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығына арналған «Мұстафа Шоқай: Алаш арысы» архивтік құжаттар көрмесінің ашылуы өтті.

Көрмеде алғаш рет Армения, Венгрия, Египет, Иран, Қытай, Польша, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан және Франция мұрағаттарында, кітапханаларында және зерттеу орталықтарында сақталып келген және Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының № 83 коллекциясында сақталған Мұстафа Шоқайдың қызметі туралы мұрағаттық құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері, сондай-ақ көрнекті қоғам қайраткерлерінің жеке коллекциялары ұсынылды.

2019 жылы Монреаль қаласында (Канада) Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) мерейтойлық ассамблеясында 190-нан астам елдің арасында алғаш рет ICAO Кеңесі президенті атынан авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сертификатты тапсыруға ұсынылды. Бұл сертификат ICAO-ның «No Country Left Behind» (бірде-бір ел назардан тыс қалмайды) жаһандық бастамасын қолдау мақсатында тағайындалды. Мұндай марапат үшін елдерді іріктеу критерийлері ICAO-ның арнайы комиссиясы айқындайтын бағалаудың авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді дамыту саласындағы мемлекет қызметінің соңғы жылдардағы нәтижелеріне негізделген.

2020 жылы Эстонияда қазақтың бас ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен түркі әлемінің философы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай мерейтойлық пошта маркалары шығарылды.

2021 жылы Ыстанбұл қаласында өткен «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты қазақтардың Кіші құрылтайында Ақмола облысы «Ордалы елге 30 жыл» атты мұражайлар көрмесін ұсынды.

Мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова ел Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған және қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен өмірін паш ететін көрме әлемнің түкпір-түкпірінен келген қандастар арасында үлкен сезім мен таңданыс тудырғанын айтты. 

Құрылтай қорытындысы бойынша Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жерлестердің Үндеуі қабылданды. Бірқатар қатысушы «Кіші құрылтай» төсбелгісімен марапатталды.

2021 жылы Әзірбайжан астанасы Бакуде баспасөз өкілдеріне ТҮРКСОЙ ұйымының БАҚ саласындағы халықаралық «Хары Бұлбұл» сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Бұл сыйлықты Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) 2020 жылға арнайы тағайындаған. Қазақстандық журналистер Алмас Шораев, Арман Сүлейменов және Нұргелді Усбанов беделді «Хары Бұлбұл» БАҚ сыйлығымен марапатталды.

2024 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы мемлекеттік қорғауға жататын нысандардың тізіміне енгізілді. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі — ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген қазақтардың тұңғыш нысаны және ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіші болып саналады. Оның маңыздылығы мен тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып және оның сақталуын қамтамасыз ету үшін учаскенің қауіпсіздігін ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді.

2025 жылы Қазақстанда алғашқы атом электр станциясына (АЭС) ат беру байқауы басталды. Тұрғындар алғашқы атом электр станциясына өз нұсқаларын ұсынды. Дауыс беру eGov Mobile қосымшасында өтті. Басты парақшада «АЭС-ке атау ұсыныңыз» баннері орналастырылды. Ұсыныстар 2025 жылдың 10 қазанына дейін қабылданды.

2025 жылы Қазақстанда Мұғалімдер күніне арналған челлендж басталды. 25 қыркүйектен 5 қазанға дейін бүкіл ел бойынша «Ұстаз — ұлт шамшырағы» онкүндігі өтті. Осы іс-шара аясында Білім министрлігі «Ұстазыңды құттықта!» — «Поздравь учителя!» науқанын бастады. Қатысушылар #Ұстазыңдықұттықта, #ПоздравьУчителя хэштегтерімен құттықтау хатын жіберді, қоңырау шала алды немесе мұғаліміне ашықхат жолдады. Елімізде 600 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді, олар күн сайын Қазақстанның болашақ ұрпағын тәрбиелеп келеді.